Қазақша реферат: Тәрбие жұмысының ұйымдастыру-әдістемелік негіздері |

0






Тұлға тәрбиесіндегі ұжымдық және жекелік диалектикасы. Тұлғаны дамыту бағытындағы педагогикалық үдерісті ұйымдастыру тарихында екі түрлі бағыттың өмір сүруі байқалады. Оның бірі -көбінесе батыс педагогикасына тән жекелік дамыту тұжырымдамасы және екіншісі — біздің елімізде, әсіресе кеңестік дәуірде кең дамыған ұжымдык қалыптастыру тұжырымдамасы катар өмір сүрді. Ұжымдық тәрбиелеуге қарсы болушылар мұндағы тұлғаның жекелігі ескерілмеуі, тәрбиеленушілерді барлық жағынан бірдей деп санау олардың дамуына кедергі келтіреді деп есептеді. Дегенмен де, тәрбиедегі ұжымдық және жекелік диалектикасы айдан анық. Тұлға мен ұжымның дамуы үдерістері бір-бірімен тығыз байланысты. Тұлғаның дамуы ұжымнан оның даму деңгейіне, онда қалыптасатын іскерлік және тұлғааралық қатынастар құрылымына тікелей тәуелді. Ал екінші жағынан, тәрбиеленушілер белсенділігі, олардың акыл-ойы және денелік дамуы, мүмкіндіктері мен қабілеттіліктері ұжымның тәрбиелік күші мен әсерлерін анықтайды. Ежелден ұжым мүшелері белсенді болған сайын ұжымдық қатынастар жоғары екені белгілі. Бұл идеяны алғаш тұжырымдаған Квинтиллиан болатын, ол әлі өзінің күшін жойған жоқ. Балалардың жасампаздық қабілеттіліктері де ұжым ішіндегі өз бетінше жұмыс пен жасампаздық белсенділікке байланысты. Сондықтан тұлға мен ұжымның дамуын өзара байланысты үдерістер деп қарастыруға болады. Адам табиғат пен өзін қоршаған орта қатынастары жүйесінде өмір сүреді және дамиды. Байланыстар байлығы тұлғаның рухани байлығын анықтайды, байланыстар мен қарым-қатынас байлығы қоғамдық, ұжымдық күшті анықтайды.








Тұлғаны ұжымда қалыптастыру идеясының дамуы. Педагогика ғылымында тұлғаны ұжымда қалыптастыру идеясын дамытуға барлық уақытта көңіл бөлініп отырды. Бұл бағытта кеңестік дәуір педагогтері А.В. Луначарский, Н.К. Крупская, А.С. Макаренко, С.Т. Шацкий көп еңбек етті.
Ұжымдық теория мен практиканы дамытуға әсіресе А.С.Макаренко ерекше мән берді. Ол тәрбиеші ұжымның мәні мен рөлін анықтады.
Ұжым — қоғамдық маңызды мақсат, жалпы кұнды бағдарлар мен қарым-қатынас негізінде біріктірілген адамдардың жиынтығы.
Ұжымға тән негізгі белгілер:
1) жалпы әлеуметтік маңызды мақсаттың болуы;
2) жалпы біріккен іс-әрекеттің болуы;
3) жауапкершілік қатынастың болуы;
4) жалпы сайланбалы жетекші органның болуы.
Бұлардан басқа да ұжымдағы психологиялык жағдайларды анықтайтын ұжым сипаттамалары бар. Олар: топтасушылык, өзара көмек және өзара жауапкершілік, қайырымдылық, риясыз көмек, сын және өзіндік сын, жарыс т.б.

«Тәрбиеші ұжым» — негізгі функциясы жеке адамды калыптастыру болып табылатын ғылыми ұйымдасқан жүйе, Тәрбиеші ұжым деп өмір сүруі мен іс-әрекеті қоғамдық мақсатқа сәйкес келетін, тиімді жұмыс істейтін өзіндік басқару органы бар, тұлғааралық катынастары жоғары ұйымшылдықпен, жауапкершілікпен, жалпы жетістіктерге ұмтылуымен, рухани көзқарастары мен қызығушылыктары байлығымен сипатталатын тәрбиеленушілер бірлестігін айтады. Ұжымдық тәрбиелеудің теориялық негізін құрайтын кағидалар:
• Ұжым тұлғаны дамыту мен тәрбиелеудің маңызды құралы, себебі ол өзінде бай өндірістік тәжірибені, түрлі рухани қатынастарды жинақтайды.
• Оқушылар ұжымы қоғамның маңызды бір бөлшегі, сондықтан ол тәрбиелік жұмыс объектісі болуы керек.
• Ұжымда тұлғаның еркіндігі, жетістігі, қорғанышы, әлеуметтік кең байланыстары қамтамасыз етіледі.
• Адам жеке өзі белгілі бір шекке дейін ғана дами алатын болса, салыстыруға мүмкіндік беретін ұжымдағы бай тәжірибе оның жан-жақты даму көзі болып табылады.





.





.

Н.К. Крупская мен А.С. Макаренко ұжым тәрбиелеу нысаны да, құралы да, әдісі де болу керек деп есептейді. А.С. Макаренконың көзқарасы бойынша, ұжымдық тәрбиелеуде балалармен жекелеген жұмыс өзара тығыз байланысты жүргізілуі керек. А.С. Макаренко ұжымды кезеңдеп қалыптастыру ілімін жасады. Ол ұжымды дамытуда үш кезеңді бөліп көрсетті. Бірінші кезең — ұжымның пайда болуы, яғни алғашқы топтасу кезеңі. Бұл кезеңде ұжымды қалыптастыру бағытындағы талаптар педагог тарапынан қойылады. Белсенділер тобының пайда бола бастауы алғашқы кезеңнің аяқталуын көрсетеді. Екінші кезең белсенділер әсерінің күшеюімен сипатталады. Ұжым мүшелеріне талаптар белсенділер тарапынан қойылады. Үшінші кезеңде ұжым мүшелері бір-біріне талаптар қоя алады.

Ұжымның қалыптасып дамуына ұжымдық дәстүрлер әсер етеді. Дәстүр дегеніміз тәрбиеленушілер тілегін, салттарды, нормаларды эмоционалды түрде қамтитын, ұжым өмірінің тұрақты формалары. Дәстүрлер мінез-құлықтың жалпы нормаларын қалыптастырумен қатар, ұжымдық көңіл күйді дамытып, өмірдің сәнін келтіреді. Сонымен бірге, А.С. Макаренко ұжымды дамытуда максат таңдаудың маңызын ерекше атады. Тәрбиеленушілерді қызықтыруға және топтастыруға кабілетті практикалық мақсатты — болашақтық мақсат (перспектива) деп атаған А.С. Макаренко оның үш түрін бөліп көрсетті: таяу немесе жақын, орта немесе аралық, түпкі немесе алыс болашақтык мақсат.

Тағы бір маңызды мәселе — ұжымның болашақ желілер жүйесі болуы, яғни мақсаттар бірін-бірі ауыстырып, толықтырып отыруы қажет. Сондай-ак ұжымды дамытуда А.С. Макаренко ұсынған параллель әсер ету принципі ерекше маңызды. Параллель әсер ету принципі оқушыға мұгалім тарапынан тікелей емес, бастауыш ұжым немесе топтағы басқа оқушылар арқылы жанама әсер ету болып табылады. Ұжымдық тәрбиелеу жайлы идеялар ары қарай В.А. Сухомлинскийдің тәжірибесі мен педагогикалық еңбектерінде жалғасын тапты. Ол оқушылардың жасампаздық қабілеттіліктерін дамытуда тұтас педагогикалық үдерісті оқыту мен тәрбиеленушілердің идеялық өмірі бірлігі ретінде, оқушылар ұжымымен педагогикалық ұжымның белсенді өзара әсерлесуі негізінде құруды қарастырды. В.А. Сухомлинский өзінің тұлғаны жасампаздық дамытудың тәрбиелік жүйесінде балада бағытты түрде субъектілік позицияны қалыптастыру идеясына сүйену қажеттігін тұжырымдады.









Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!