Шымкентте кәсіподақ төрағасының соты басталды
16 сәуірде Шымкенттің Еңбекші аудандық соты «Лайықты еңбек» кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайдың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. Кәсіподақ төрағасының үстінен Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы (189-бап) бойынша іс қозғалған.
Сот процесіне айыпталушы жақ пен жәбірленуші тарап, прокурор, азаматтық белсенділер, адам құқығын қорғау ұйымдарының өкілдері қатысты.
Алғашқы отырыста айыпталушы тарап бірнеше талап-тілек айтты. Судья олардың тек куәгерлерді шақыру туралы талабын қанағаттандырды. Келесі сот 17 сәуірде өтеді.
Ерлан Балтабайдың сөзінше, бұл іс — «тәуелсіз кәсіподақтарды біржола құртудың амалы». Ол өзіне қарсы қолданылып отырған Қылмыстық кодекстің 189-бабы кәсіподақ мүшелерін айыптауға «жарамайтынын» айтады.
Сот процесінен шыққан жәбірленуші Роза Нуриддинова Азаттыққа іс бойынша қандай да бір комментарий бере алмайтынын айтты.
Бұған дейін Балтабай қылмыстық істі қозғаған тергеушіні «құқығымды бұзды» деп сотқа берген. Бірақ Шымкент қалалық соты оның арызын қараудан бас тартқан.
«Лайықты еңбек» кәсіподағының төрағасы Ерлан Балтабайдың үстінен кәсіподақтың тағы бір мүшесі Роза Нуриддинованың «кәсіподақ ақшасын ұрлады» деп шағым түсірген. Бұл шағым бойынша қылмыстық іс былтыр қыркүйек айында қозғалған. Шымкент полициясы 2018 жылдың 25 қыркүйегінде Ерлан Балтабайдың кеңсесін тінткен.
Ал «Лайықты еңбек» тәуелсіз кәсіподағын Шымкенттегі мұнай өңдейтін «Петро Қазақстан Ойл Продакс» компаниясы жұмысшылары құрған.