15 млн теңге желге ұшты: Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті бұзып жатыр — Қазақстан жаңалықтары

0

15 миллион теңге желге ұшты. Ақтөбеде құрылысшылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арнап салған ескерткішті түгін қалдырмай бұзып жатыр. Оны былтыр ғана тұрғызған болатын. Бір жыл өтпей жатып, ескерткішті бұзуға тапсырма бергені шенеуніктердің қай сасқаны? Қажеттілік неден туындады? 

15 млн теңге желге ұшты: Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті бұзып жатыр

Іргетасы қаланғанына бір жыл толмай жатып, ескерткіш опырылып ортасына түскелі тұр. Құрылысшылар қазір екі қапталындағы конструкцияны түгел бұзып жатыр. Қайта қаламаса, болмайды дейді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

Бүгінде қоладан құйылған мүсін құлаудың аз-ақ алдында тұр. Гранит тастарға да сызат түскен. Соның кесірінен биіктігі 240 сантиметр, тұғыры 110 сантиметр болатын мүсінді әрең көтеріп тұр. Ал екі қапталындағы тақтайшалардың барлығын тарқатып шешіп алған. Тұрғындар саябаққа сән беріп тұрған әп-әдемі ескерткіштің осындай күйге түскені жауапты адамдардың жауапкершілігінің аздығынан деп отыр. 

«Құлауы да мүмкін. Бас кезінде дұрыс істеген жоқ. Білмеймін, әкімшілік қайда қараған? Қарау керек қой. Оны министрліктегілер келіп ашты», «Былтыр ғана салынды, әп-әдемі тұр еді. Бұзылып жатқаны дұрыс емес. Халықтың ақшасына салынған зат қой. Қайтадан салып берсін орнына», — дейді қала тұрғындары. 

Ақтөбеліктер зұлмат жылдардың құрбандарына арналған ескерткіш болса деп билікке ұзақ қолқа салған еді. Ақыры көптің тілегін ескеріп, билік былтыр қуғын-сүргін мен ашаршылық кезінде опат болғандарға арнап ескерткіш ашты. Салтанатты жиында ата-бабаларын жоқтап келгендер бұл нысан сол зұлмат жылдардың тарихымен қауыштырды, деген еді. 

Әкімдіктегілер ескерткіштің бүлінгенін ауа райынан көріп отыр. Ал жөндеуге қазынадан көк тиын да қарастылырмайды, деді. Барлығын мердігер компания қалпына келтірмек. Өйткені келісімшартқа сәйкес, 1 жыл кепілдік мерзімі бар екен. 

«Оған жергілікті бюджеттен 15 млн теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда ауа райының салдарынан төсеніш отырып, фундамент бүлінген. Сол себепті гранит жарылып кетті. Ондай жұмыстар болып тұрады», — дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Дастан Әжібаев.

Қалалық әкімдік мердігерге 2 апта уақыт берген. Осы мерзім ішінде ескерткіштің қапталындағы екі қанатын толықтай жөндеп, фундаментін қайта құйып, гранит тастарды төсеп үлгеруі тиіс. 

stan.kz