Үлкен ауылы АЭС-тен неге үміттенеді?

0

Жергілікті тұрғындар мәселені әлеуметтік жағдаймен байланыстырып түсіндіреді. Азаттық тілшісі ауылға арнайы барып, жергілікті тұрғындардың атом электор станциясы (АЭС) құрылысына қатысты пікірін білді.

Атом электр станциясы үшін таңдалуы мүмкін жерлердің бірі — Алматы облысындағы Үлкен ауылы. 1980 жылы мұнда су немесе гидроэлектр станциясын (ГЭС) салу жоспарланған. Бұл ауылға жолы түскен адам бірден мынандай көрініске куә болады.

Ауылдағы жартылай қираған үйлер, бос көшелер, ештеңе өспейтін тұзды топырақ апаттан кейінгі алаңды еске түсіреді. 40 жыл бұрын құрылған ауылдың жанынан бір кездері су электр станциясын салу жоспарланып, соңынан аяқсыз қалған.

Бір кезде Үлкенде 10 мың адам жұмыс істеген. Совет одағы ыдырағаннан кейін халық су электр станциясы салынбайтынын түсінгендей басқа жаққа қоныс аудара бастаған. Қазір ауылда қалғандардың денін осындағы өмірге үйренгендер, немесе басқа барар жері жоқ адамдар құрайды.

Үлкендегі қараусыз қалған үйлердің бірі

Үлкендегі қараусыз қалған үйлердің бірі

​Үлкенде жоспарланған ірі құрылыстардың бәрі дерлік сәтсіздікке ұшырап отырған. 1984 жылы мұнда су электр станциясы салынуы керек еді. Ғалымдар Балқаш көлінің экологиясына үлкен зардап әкеледі деп бағалаған станция жобасы Совет одағы ыдырағаннан кейін жалғасын таппады. Одан кейін 2007 жылы Қазақстан үкіметі Балқаш жылу электр станциясын салу туралы шешім қабылдады. 2012 жылы “Балқаш жылу электр станциясы” компаниясы мен Samsung Engineering Company Limited компаниясы жылу электр станциясының бірінші модулінің құрылысы туралы келісімшартқа қол қойды. 2016 жылы осы жоба аясындағы жұмыс та тоқтап қалды.

«ЕТІМІЗ ҮЙРЕНІП КЕТКЕН»

Үлкен ауылы мен Алматы арасына шағын автобустар аптасына үш рет қатынайды. Ауылдан түнде шыққан автобус қалаға таңғы 8-де жетеді. 360 километр шамасындағы жолды жүріп өтуге жеті сағаттан астам уақыт қажет.

Үлкен ауылының кіреберісі

Үлкен ауылының кіреберісі

Үлкен ауылына баратын шағын автобуста Азаттық тлшісі тілдескен Николай есімді жолаушының айтуынша, бұл ауылдан Алматы облысындағы өзге аудандарға қатынауға алыс.

— Алматыға дейін 360 километр, аудан орталығы Ұзынағашқа дейін дәл сондай жер жүру керек. Құдай сақтасын, біреу ауыра қалса, науқасты не Приозерскіге (Үлкен ауылынан 130 километр қашықтықта орналасқан Қарағанды облысындағы қала – ред.), не Балқашқа жеткізу керек. Балқашқа дейін 350 километр, бірақ жолы тәуірлеу, — дейді Николай.

Үлкен ауылындағы босап қалған ғимараттардың бірі

Үлкен ауылындағы босап қалған ғимараттардың бірі

Әңгіме үстінде уақыт тез өтіп, автобус ауылға кірді. Бір кезде өндіріс орталығы болады деген жоспармен салынған Үлкен ауылы қазір босап қалғандай, құлазыған әсер қалдырды. Әр жерден терезесі сынған, қаңыраған иесіз қалған үйлер, бүлінген қабырғалар, балабақшаның үйіндісі көзге түседі. Жергілікті тұрғындар ауылдың қираған қалпына үйреніп кеткен сияқты. Олар бұл көңілсіз картинаға ауылдың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеген кезде ғана назар аударады. Билікті сынамайтын халық жергілікті әкімдік жағдайды өзгертуге қауқарсыз деп санайды екен. Әкімді “жөні түзу-ақ қарапайым адам, бірақ көп уәде беріп, аз істейді” деп сипаттайды.

Үлкен ауылындағы балалар

Үлкен ауылындағы балалар

Жергілікті халық үшін Үлкендегі осындай көріністер қалыпты жағдай. Ауылда алғашқы медициналық көмек көрсететін амбулатория, асхана, азық түлік дүкендері, дәріхана, мектеп, тіпті қонақ үй (мұнда Балқашқа келген балықшылар тоқтайды) бар. “Өмір сүруге болады. Біздің бұған етіміз үйреніп кеткен” дейді адамдар.

Үлкен ауылының әкімдігі

Үлкен ауылының әкімдігі

Үлкен ауылдық округінің әкімдігі ауыл орталығы деп аталатын (әкімдікке көрші үй — ауылдың шеті) бұрынғы жатақхана ғимаратында орналасқан. Жатақханада ешкім тұрмайды. Сондықтан басқа бос үйлерге қарағанда әйнектері бүтін, ғимараттың кіреберіс маңдайшасына мемлекеттік ту тігілген.

Ауыл әкімі Болаттай Рахымовпен осы ғимарат алдында кездестік. Бойшаңдау келген жеңіл қозғалатын кісі микрофон мен камераны байқап, бірден сұхбат беруге келісті. Атом электр станциясы туралы сөз шыққаннан кейін журналистер бұл өңірге жиі келетін болған. Әкім ауыл өмірін бір-екі ауыз сөзбен сипаттап, әңгімесін “тұрмыс түзеліп келеді” деп түйіндеді.

Болаттай Рахымов, Үлкен ауылының әкімі

Болаттай Рахымов, Үлкен ауылының әкімі

— Бұрын үйінділерден басқа ештеңе болмайтын. Қазір үш балық зауыты бар. Олардың екеуі еуронөмірге ие (еуропа нарығына өнім шығаруға мүмкіндік беретін стандарт – ред. ), – дейді Болаттай Рахымов. Қалған 25 үйдің 20-сында халық тұрады. Электр станцияда — 80, балық зауытында 200 адам жұмыс істейді. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында барит өндіріледі. Ауылдың 50 азаматы сол жаққа жұмысқа кеткен, тағы 50 тұрғын цемент зауытында істейді.​

Үлкендегі балық зауыты алдындағы мысық

Үлкендегі балық зауыты алдындағы мысық

​Әкім ауылдың туристік әлеуетіне де шәк келтірмейді. Өткен жылы жағалаудың бір бөлігін жалға алған алматылық кәсіпкерлер осында серфингті дамытуды қолға алатын болыпты. “Қазіргі бар үмітіміз жолды жөңдеу. Жақсы жол болса, туристер де келеді” дейді әкім.

Үлкен ауылындағы шлагбаум

Үлкен ауылындағы шлагбаум

​Әкіммен әңгімеден кейін атом электр станциясы салынуы мүмкін деген алаңға бардық. Қарсы алдымыздан «STOP» деген жазу бар шлагбаум және оның қасында тұрған күзетші кездесті. Біздің журналистер екенімізді түсінген күзетші бастығымен телефон арқылы байланысып, көп ұзамай аумаққа кіруге қатаң тыйым салынатынын хабарлады. Видеоға шлагбаумнан өтпей түсіруге ғана рұқсат берді.

АУЫЛҒА АЭС НЕГЕ КЕРЕК?

Үлкенде атом электр станциясы салынуы мүмкін дегелі жергілікті халық та елеңдеп қалған. АЭС құрылысы туралы қауесет бұған дейін де болған.

— Бұл құрылысты жылда көктемде күтеміз, — дейді ауыл тұрғыны Тамара. — Көктем мен жаз күтеміз, қыс түскенде күткеніміз келесі жылға қалады.

«Қоршаған орта зардап шегеді деп қорықпайсыз ба? Қайткенмен анау-мынау емес, АЭС қой» деген Азаттық тілшісі сауалына Тамараның жауабы да дайын екен.

— Қорқамыз, әрине. Бірақ қоршаған ортаның халі онсыз да мүшкіл ғой. Бұл жерге бұрыннан электр станциясын салу жоспарланған. Танданатын несі бар? — дейді ол.

Балқаш көлі жағасындағы Үлкен ауылы

Балқаш көлі жағасындағы Үлкен ауылы

​Алматы облысы сейсмикалық қатері жоғары өңірлер қатарына кіреді. Үлкенде де жер сілкіну оқиғалары тіркелген. Теориялық тұрғыдана қарағанда бұл атом АЭС салу туралы шешіміне түбегейлі әсер етуі керек. Бірақ жергілікті халық жерасты дүмпулері сирек болатынын (шамамен жылына бір рет) әрі аса сезілмейтінін айтады.

Үлкен ауылындағы балалардың бірі

Үлкен ауылындағы балалардың бірі

Ауыл тұрғындарының бірі Владимир де АЭС құрылысын қолдайды. Ол ауылға ГЭС салатын мамандар жаппай қоныс аударған сексенінші жылдары көшіп келген. Содан бері осы жерге тұрақтап қалған Владимир “Бәрін ақылмен салса, қорқатын ештеңе жоқ. Қазір технология жоғары дамыған” дейді.

— Өркениетті ортада тұрамыз деген үміт болған. Енді қараңыз, бәрі қирап тұр. Атом электр станциясы салынса, ауыл қалпына келер еді. Қазір өлместің күнін кешіп отырмыз. Тоқсаныншы жылдары балық пен жол болмаса, ауылдың тең жартысы аштан қырылар еді. Халық балық аулап, оны жол бойында тұрып сатып күн көрді, — дейді Владимир Азаттық тілшісіне.

ҚЫМБАТ ЖЫЛУ МЕН ЛАС СУ

Жергілікті халықтың айтуынша, Үлкендегі ең үлкен мәселе — жер сілкінісі мен жол емес, жылу ақысы. Жартылай бос қалған көпқабатты үйлерге электр қазандықтары орнатылған. Подъезде пәтер саны аз болған сайын, әр отбасы төлеуге міндеттелетін жылу ақысы да өсе түседі. Кейбір тұрғындар жылудың өзіне бір айда 50 мың теңге шамасында ақша жұмсайтынын айтады.

Үлкендегі тоғыз қабатты үй

Үлкендегі тоғыз қабатты үй

​- Мына екі бөлмені жылыту үшін ғана айына шамамен 40 мың теңге төлейміз. Ауылдағы орташа жалақы – 50-60 мың. Сондықтан халық “Аристон” (су жылыту құралы – ред.) қояды. Оның бағасы арзан. Жылуды қашан қосып, өшіруді де үй иесі өзі шешеді. Ортақ жылыту қазандығы бар үйлерде төлемді алдын-ала жасауға міндеттіміз. Толық төленуі керек ақшаны бір тұрғын бере алмаса, бүкіл үйдің жылуын уақытынан кешіктіріп қосады. Біреудің төлем бойынша қарызы болса, жылу тағы да мерзімінен ерте өшеді. Төлем жүз пайыз жасалады. Яғни, мен 40 мыңды жылу кезеңі басталғанша төлеуім керек, — дейді ауыл тұрғыны Надежда. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары қысты қамсыз өткізу үшін әртүрлі амал іздеуге мәжбүр.

— Кейбір тұрғындар суық түскенше қажетті соманы жинап үлгеру үшін, көктем келісімен, 5-10 мың теңгеден алын-ала төлем жасап отырады. Енді бір тұрғындар қарызға батып, жылу ақысын жыл бойы өтейді. Тұрғындардың бір бөлігі ауылдан бірнеше километр жердегі саяжайларына көшеді. Өйткені жеке үйлерді көмір жағып жылытуға болады. Адамдар жақын маңда атом электр станциясы салынса, электр жарығының бағасы арзандайды деп үміттенеді.

Үлкен ауылындағы түнгі көрініс

Үлкен ауылындағы түнгі көрініс

​ — АЭС салу Балқаш үшін, Қазақстан үшін жақсы болар еді деп ойлаймын. Бізде бір киловаттқа өте қымбат төлейміз, — дейді ауыл тұрғыны Юрий Ткаченко. — Қыста үйді жылыту үшін ғана жұмыс істейміз. Сондықтан пәтерді ұлыма бердім. Қазір ұлым салып берген жеке үйде тұрамын.

Юрий Ткаченко өзінің жер үйінің ауласында

Юрий Ткаченко өзінің жер үйінің ауласында

Юрий Ткаченконың Балқаш жағасында қоршаумен бөлінген шаруа қожалығы бар. Өзінің айтуынша, оның бүкіл өмірі көлмен байланысты болған. Көп жыл жергілікті балық қорғау шаруашылығында істеген ол қазір балықшыларға арналған қайық тұрағын ашқан. Юрий Ткаченко Балқашта браконьерлік күрт көбейгенін, онымен күресу қиын екенін айтады.

Балқаш көлінің Үлкен ауылы тұсындағы жағалауы

Балқаш көлінің Үлкен ауылы тұсындағы жағалауы

Балық қана емес, ауыл тұрғындарының пәтеріндегі су да Балқаштан келеді. Халық көл суының ашқылтым дәміне үйреніп қалғандарын, бірақ келген қонақтарға асқазаны ауырмасын деп бұл суды ішуге бермейтіндерін айтады.

— Қыста краннан аққан су салыстырмалы түрде таза болады. Жазда бұл су тазартқыш құралдарға қарамастан, лас болғандықтан, ішу мүмкін емес, — дейді ауыл тұрғыны Зәуре. — Мысалы, мен бұл суға үйрендім. Сатып алған бөтелкедегі суды іше алмаймын. Дәмсіз көрінеді. Краннан су алып, қайнатып, тұндырып ішемін. Кейде краннан құртшабақ аралас су ағады.

Балқаш көлінен қарағандағы Үлкен ауылы

Балқаш көлінен қарағандағы Үлкен ауылы

Ауылдың өзге тұрғындары сияқты Зәуре де Үлкенде АЭС салынғанын қалайды. Оның айтуынша, бұл құрылысқа қарсы шығатын адам жоқтың-қасы. Мұны Зәуре ауыл тұрғындарының ауыр тұрмыстан шаршауымен байланыстырады. “Мұндай өмірден шаршадық. Жақсы өмір сүргіміз келеді” дейді ол.»Ауылдан кетуге мүмкіндік болса, көшер ме едіңіз?» деп сұраған Азаттық тілшісіне ол немерелерінің болашағы үшін көшетінін айтады.

АЭС-тің бірі. Көрнекі сурет

АЭС-тің бірі. Көрнекі сурет

​- Немерелерімнің болашағы үшін көшер едім. Бұл ауылда бұрыннан тұрамыз, әбден үйреніп қалдық. Түнде көшеде жүрген балаға ешкім тимейді, ұрлық жоқ. Кейде ешкім кірмейтінін біліп, пәтерді де ашық қалдырамыз. Мұндайды басқа қайдан табасыз? — дейді Зәуре.

ҚАЗАҚСТАНҒА АЭС КЕРЕК ПЕ?

Чернобыльдағы АЭС-ті жабуға қатысқан эколог Дмитрий Калмыков үкімет ара-тұра атом электр станцияының құрылысы туралы айтқанымен, “Мұндай станция Қазақстанға керек пе?” деген негізгі сауалға жауап бермеді деп есептейді.

— Ең бірінші бізге электр станциясы, оның ішінде атом станциясы керек екенін түсіндірсін. Бүкіл Қазақстан ауаны ластайтын көмірді қолданады. Мүмкін қаржыны электр станциясына емес, энерготиімділікке жұмсау керек шығар. Көп есептеулер энергия үнемдеуге жұмсалған ақша жаңа электр стансаларына қарағанда көбірек жарық беретінін дәлелдеді.

Экологтың пікірінше, атом энергетикасының қауіпсіздігі туралы мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ.

— Барлық атом станциялары қашан жарылғанша сенімді санала береді. Жарылыстан кейінгі күні қарасаң, бір жерде көзге түспеген ақау болғанын байқайсың. Бұл — адамзат үшін өте күрделі технология. АҚШ пен Жапонияның өзі қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете алмай отыр. АЭС жұмысы көмір жағатын станцияларға қарағанда әлдеқайда тиімді. Бірақ жарылыс болса, бір стансаның өзі он жылдық жалпы ішкі өнімге тең зиян келтіреді, — дейді эколог Азаттыққа.

Қазақстан аумағынан АЭС салу туралы соңғы ұсынысты 2019 жылы 3 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Кремльдегі кездесуі барысында Ресей президенті Владимир Путин жасады. Келесі күні энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев станция құрылысына қатысты нақты шешім қабылданбағанын, алайда атом электр станциясы орналасуы мүмкін аумақ ретінде Курчатов қаласы мен Үлкен ауылын атады.

Azattyq