Ұлттық банк 304 миллион доллар интервенция жасады

0

Нұрсұлтан Назарбаев президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан соң Қазақстанның ұлттық банкі шетел валютасына тапшылық болмас үшін 20 наурызда күні 304 миллион доллар жұмсаған. Бұл туралы 15 сәуірде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.

Досавтың сөзінше, Назарбаев мәлімдемесінен соң Қазақстандағы валюта нарығында құбылу байқалған. Сондықтан «ұлттық банк өзіне тиесілі құқығын пайдаланып, әрекет еткен».

«Нарықты тұрақты ұстап тұру — кез келген орталық банкке қажетті шара. Ондай құқық ұлттық банкте бар. Тұңғыш президент Назарбаевтың 19 наурыздағы мәлімдемесінен кейін, ертеңінде, 20 наурызда нарыққа (валюта бағамына — ред) қысым күшейді. Нарыққа біз араластық. Наурыздың 20-сы күні 304 миллион доллар жұмсадық. Ұлттық банк резервіндегі алтын қоры қаражатының біраз бөлігін пайдаландық. Бірақ наурыздың соңына қарай балансты қайта қалпына келтірдік» деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банк төрағасы 20 наурыз күні бір доллар құны кейбір ақша айырбастау орындарында 387-390 теңгеге жеткенін айтты. Ол «валюта нарығындағы жағдай 26 наурыздан бері тұрақты әрі одан кейін айтарлықтай өзгерген жоқ» деді.

Ұлттық банктің дерегі бойынша, 15 сәуірде бір доллар 379 теңге 59 тиыннан сатылды.

Қазақстан 2015 жылы теңгені еркін айналымға жіберіп, валюта бағамын реттеп отырудан бас тартатқан. Бірақ одан бері де Ұлттық банк бірнеше рет интервенция жасап, валюта бағамын ұстап тұруға миллиондаған доллар қаражат жұмсаған.

Ал Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді 30 жыл басқарған соң биыл 19 наурызда президенттіктен кеткен.

Azattyq