«Ақ жол» партиясы құрылтай күнін белгіледі

0

«Ақ жол» демократиялық партиясының құрылтай съезі 24 сәуірде өтеді деп хабарлады партияның баспасөз қызметі 13 сәуірде. Партияның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, орталық кеңес пленумы бұған дейін «партия атынан президент сайлауына түсетін үміткерге қатысты ұсынымдарды» талқылаған. Сайлауға нақты кімнің қатысатыны партия съезінде шешілмек.

«Ақ жол» партиясының төрағасы — Азат Перуашев. 2012 жылдан бері партия мәжіліс құрамына енген. Парламентте партияның жеті өкілі бар.

Бұған дейін Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы съезін 26 сәуірде өткізетінін хабарлаған. «Нұр Отан» съезі 24 сәуірге белгіленген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін айтқан.

10 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталатынын мәлімдеді.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен.​

Жұма,12 сәуірде орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда тіркелген жеті партия бар екенін, алайда іс жүзінде алты партияның белсенді жұмыс істейтінін айтқан. Бұлар: «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік», Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы, «Нұр Отан» және ЖСДП (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы). ОСК «Азат» партиясының хабарсыз кеткенін, бірде-бір шараға қатыспайтынын айтқан.

Azattyq