Қазақ-өзбек шекарасында кезек азайды

0

Түркістан облысы маңындағы қазақ-өзбек шекара бекеттерінде жұмыс қалпына келіп, кезекте тұрған жүк көліктері азайды. Бұл туралы Азаттыққа облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің өкілі Марат Күлекеев хабарлады.

Күлекеевтің сөзінше, қазір аймақтағы қазақ-өзбек шекарасындағы «Б.Қонысбаев», «Атамекен», «Қапланбек», «Қазығұрт» бекетінде жүк көліктерінің кезегі азайып, қалыпқа түскен. Әр бекеттен күніне 100-120 жүк көлігі Өзбекстанға өтіп жатыр.

«Бұрын шекара бекеттерінен 70-90 жүк көлігі өтетін. Қазір кеденнен өтетін көліктер саны артты» дейді ол.

4 сәуір күні ондаған жүргізуші Азаттыққа бірнеше күннен бері «Қазығұрт» кеденінде кезекте тұрғанын айтқан. Облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің өкілі Марат Күлекеев жүргізушілердің сөзін растап, 150 көлік кезекте тұрғанын хабарлаған.

Күлекеев «Бір аптадан асты, Өзбекстан аумағында жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген.

Azattyq