«Табыс жақсы түсті»: Жазира Байырбекова жеке бизнесін неге жауып тастағанын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Жазира Байырбекова киілген көйлектерін пайдаға асырғысы келді ме, бірнеше жыл бұрын оларды жалға беретін салон ашқан болатын. Алайда әнші жақында оның жабылғанын хабарлады. Сөзіне қарағанда, бұл кәсіп табысты жақсы түсірген.
Бұл туралы Stan.kz Hit-Tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Көйлектер салонын ашып, жалға бердім. Түскен ақшаға адамдарға көмектестім. Бірақ қайырымдылық жасайды дегенді естігенде сұрайтын адамдар көбейіп кетті. Қиналып қалдым. Instagram-ды ашсам, күніне 150-200 адам жазады. Мен жалға көйлек беретін дүкенімді жауып тастадым», — дейді Байырбекова.
Әнші көйлектер салонынан түскен табысты қайырымдылыққа жұмсап келген. Алайда мұны естігенде, әншіге қолын созушылар көбейген.
«Табыс негізі жақсы түсті. Бірақ көмек сұраушылар саны көбейіп кетті. Мен барлығына жетпеймін. Мысалы, бір әйел келіп: «Жағдайым жоқ, бес балам бар, күйеуім жоқ», — дейді. Оған бір апталық табысты жинап қояйық дейміз. Екі күннен кейін басқа әйел келеді. Солай күтіп жүреді.
Бірақ көйлек салоны бар кезде Жанболаттан біреу үшін ақша сұрамайтын едім. Енді жаптым, қайырымдылықпен айналысуды қазірше тоқтаттым», — дейді Байырбекова.
Сондай-ақ, әнші киілген көйлектер мен әшекейлерін гардеробында ұзақ сақтамайтынын айтты.
«Киімдерімді 2-3 ай киемін. Одан кейін айналамда беретін адамдар көп. Көп болып жиналып тұрмайды ешқашан», — дейді әнші.
stan.kz