Елордада 21 мың теңге алу үшін құжат жинаудан шаршаған көпбалалы аналар тағы бас көтерді — Қазақстан жаңалықтары

0

21 мың теңгені бергеннен бередісі жыр болды. Бүгін Елордадағы көпбалалы аналар тағы бас көтеріп, бұл жолы министрлікке балалапын сүйреп, өздері барды. Олар әлеуметтік көмекке іліге алмай, мемлекет көмегіне мұқтаж екенімізді дәлелдеуден шаршадық деп ашынды.

Елордада 21 мың теңге алу үшін құжат жинаудан шаршаған көпбалалы аналар тағы бас көтерді

Жәрдемақыға ілінуіміз керек деп табаны таусылған көпбалалы аналар шығын мен кірісті есептеп, құжатпен сандалтып есті шығарғанша сол 21 мың теңгені барлық балаға бірдей, ай сайынғы жәрдемақы етіп берсін деген талап қоюда.

Шенеуніктер жәрдемақы, әлеуметтік көмек, үй мәселесіне қатысты уәдені үйіп-төгеді, бірақ үш ай бойы көмектің бір түрін көрмедік деп ашынған аналар жәрдемақыны тездетіп беруді талап етіп, әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында жиналды.

«Қарамай ма! Мына 8-10 баласы бар көпбалаланы аналарға неге қарамайды. Әрбір үйге аяғын аттап кірмей ма»,- дейді ашынған көпбалалы ана Феруза Әбізова.

«Учаскелік комиссиялар барлық отбасыны аралап үлгерген жоқ. Сондықтан, мыналар алады, мыналар алмайды деген пікір айтуға болмайды»,- деді сарапшы маман Ғалия Жабағина.

Алайда, мамандардың сөзіне көңілі толмаған аналар ары қарай депутаттарға жолығамыз деп тура тартты. Оларды мәжілістегі екі депутатпен бірге     елдің әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қарсы алды. Жанайқайын жеткізуге асыққан аналардың ішінде пәтерақын төлей алмай, далада қалғандары да бар. 

 

stan.kz