Курстық жұмыс: Психология | Өндірістік ұжымның әлеуметтік-психологиялық ахуалы
Мазмұны
I Кіріспе
II Негізгі бөлім
1. Өндірістік ұжымның әлеуметтік-психологиялық ахуалы
2. Ұжымдық қатынастар және оның психологиялық негіздері
3. Өндірістік ұжымын басқару және жетекшінің тұлғалық сипаттары
4. Өндірістік ұжымдағы талас-тартысты мәселелерді шешудің психологиялық ерекшеліктері
III Қорытынды
1.Өндірістік ұжымның әлеуметтік-психологиялық ахуалы
Қазіргі кезде қоғамдық еңбек пен өндіріс орындарында еңбек адамдарымен тіл табысып, олардың күнделікті мұқтаждықтары мен талап-тілектеріне жете мән беріп, оларға жете назар аударып отыру. Мұндай талаптарды жүзеге асыру кәсіпорындар мен ұжымдардағы қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді байыпты шешу екендігін өмір тәжірибесі айқын көрсетіп отыр. Адамдардың қоғамдық жұмыс түрлерінде еңбек өнімділігін арттыруы, олардың шығарған өнімдеріне саналы түрде жауапкершілікпен қарауы, ең алдымен, сол ұжымда қалыптасқан әлеуметтік-психологиялық ахуал орнатуға тәуелді болып отырғандығы мәлім. Еңбек ұжымындағы адамдардың өнімді еңбегі мен қоғамдық санасын көтеру тек сол ұжымдағы адамдардың өзара қатынасына басшылық ететін жетекші кадрлардың іскерлігі мен әрбір адамның жан дүниесінің сырына бойлай қарап, оларға қамқорлық жасауларына тәуелді. Екіншіден, іскер адамдардың әлеуметтік белсенділігі мен қоғамдық санасын өрістету үшін әрбір жұмысшы мен техниктің, ұжым жетекшісі мен олардың мүшелерінің арасындағы жағымды қарым-қатынас орнатып, олармен жоспарланған істерді жүзеге асыру үшін әрбір адамның даралық мінез-құлқын да жете білуді талап етеді. Мұндай талап әлеуметтік психологияда ерекше орын алатын мәселелердің бірі – адам факторын үнемі ескеріп, ондай ерекшеліктермен санасып отыруды қажет етеді.
Ұжым мүшелері арасында рухани, адамгершілік, психологиялық басқа да қасиеттерінің алмасуының арқасында әлеуметтік-психологиялық климат қалыптасады.
Ұжымның әлеуметтік-психологиялық климаты дегеніміз – ұжым мүшелерінің нақты психологиясының мазмұнын және бағытын, олардың құндылық бағдарлары мен өзара байланыстарын көрсететін әлеуметтік және рухани – экономикалық күй.
Өндірістік ұжымның әлеуметтік-психологиялық климатын құраушы екі түрлі факторлар тобын бөліп көрсетуге болады: 1) макроорта факторлары; 2) микроорта факторлары.
Бірінші топқа — әртүрлі меншік формалары кіретін өндірістік қатынастар жатады. Жоғары билік немесе экономикалық органдар шаруашылық басшылықты жүзеге асыра отырып, өндірістік ұжымдарды басқару міндетін атқарады. Нарықтық қатынастарға көшуге байланысты олар өздері қожалық етіп, сырттан араласу азайды, ал мемлекеттік емес еңбек ұжымдарында бұл тіпті болмауы керек.
Қазақстан және басқа да ТМД мемлекеттері бастан кешіріп отырған өтпелі кезең, өндірістік ұжымдарға қарама-қайшы ″макроәсерлер″ әкелуде.
Өндіріске шет елдік капиталдың енуіне еңбеккерлердің бір бөлігі қарсы, кейбіреулері шет елдік инвесторға жұмыс істегісі келмейді.
Микроорта факторларының ішінен келесі топтарды айырады:
1. Нақты өндірістік жағдайды анықтайтын тікелек материалдық техникалық орта, оған еңбек жағдайлары мен ұйымдастырылуы кіреді.
2. Ұжым мүшелерінің өндіріс барысындағы қарым-қатынас формалары.
3. Ресми құрылым көбіне ресми емес құрылыммен толықтырылады. Бұл – еңбеккерлер арасындағы әртүрлі қарым-қатынас формалары: достық, жолдастық т. б.
Қазақстанның бір топ өндірістік кәсіп орындарында өткізілген анкеталық сұрау бойынша 28-37% жауап берушілер өз еңбегінде ұжымдағы достық қатынастар қызықтырады деп жауап берген.
4. Ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық климатты анықтайтын маңызды факторлардың бірі – басқару тәсілі. Шешімдердің қалай қабылданатынына байланысты негізгі үш басқару тәсілі анықталады: авторитарлық, демократиялық және либералдық.
Әлеуметтік–психологиялық тұтастық пен еңбеккерлердің ұжымға психологиялық қосылуын арттыру – кәсіпорындарда көптеген инженерлер атқаратын басшылық жұмыстың маңызды бөлігі болуы тиіс.
5. Ұжымда жақсы әлеуметтік-психологиялық климат қалыптастыруда басқару стилі ғана емес, ұжымдағы тұлғалар арасындағы ауыз бірлік те өте маңызды. Бұл жерде жеке тұлғаның ерекшеліктері емес олардың бірлігі, бірін-бірі толықтыра білуі маңызды.
Әлеуметтік-психологиялық сипаттағы құбылыстарға кәсіп орындардағы кикілжің қақтығыстар жатады. Олардың пайда болу себептерін, сатыларын атқаратын міндеттерін конфликтология зерттейді.
Әлеуметтік-психологиялық климат өте нәзік құбылыс болып және сандық есептеу қиын болса да әлеуметтік психологтардың зерттеулері бұл феноменнің де еңбеккерлердің өз еңбегіне деген қатынасын анықтайтын басқа маңызды факторлардың қатарында екендігін анықтады.
2.Ұжымдық қатынастар және оның психологиялық негіздері
Адам ақыл иесі саналы жан ретінде әлеуметтік ортада, қоғамдық жағдайда өмір сүреді. Әлеуметтік орта адамдардың өзара қарым-қатынасынан тұратын қоғам. Әрбір адамның әлеуметтік ортаға, қоғамға деген қатынасын, оған деген көңіл-күйін білдіруі — әлеуметтік психологияның зерттейтін мәселесі болып саналады. Осы принципке сүйене отырып адамдардың белгілі топтарға бөлінуін, сол топтардың қоғам өміріндегі тіршілік бейнесін қарым-қатынас жасауы арқылы жүзеге асыру жолдарын психологиялық тұрғыдан қарастырып, оның мән-жайын ашып көрсетуіміз керек.
Ұжымдағы көптеген мәселелердің мазмұнының, түрлерінің, мақсатының өзіндік сипаттары, ерекшеліктері және алуан түрлі өзгешеліктері бар. Кез келген әрбір ұжымда жетекшілер мен бағынушылар болатыны мәлім. Ұжымдағы адамдарды басқарып, олардың іс-әрекеттерін басқарып, белгілі ізге салып отыру жетекшілердің міндеті. Мұндай жәйт оркестрді басқарып отыратын дирижердің қызметі сияқты. Қоғамдық өмірде, өнеркәсіп орнымен өзге де еңбек ұйымында әрбір адамның атқаратын кызметі өзіндік рөлі болатыны мәлім. Мұндай ұжымдық тірлікте олардың бірі жетекшілік қызмет атқаратын болса, тағы біреулері — оның орынбасары не көмекшілік қызмет атқарады. Ал үшінші біреулер, әрине көпшілігі, тікелей өндірістік жұмыспен шұғылданып игіліктер жасаумен шұғылданады. Сөйтіп әлеуметтік ортада әрбір адамның. өзіндік орны мен қоғамдық қызметі болады. Мұндай әлеуметтік тіршілік бейнесі адамның. жеке басына тән даралық қабілеті мен іскерлігіне, өмір тәжірибесіне байланысты. Адамдардьң бірлесіп тіршілік етуі де олардың сол даралық қасиеттері мен акыл-ойының даму деңгейіне тәуелді болып отыратындығының айғағы. Ежелгі дүние ғұламасы Платон адамдардың даралық табиғатына тән қасиеттер ерекше ескере отырып, әлеуметтегі адамдардың бәрі тегі бір туыс, алайда олар бірін-бірі өздерінің даралық кабілеттеріне орай түрліше, біреулері басқару ісіне бейім болып туса, өзгелері оған көмекшілік, демеушілік қызмет атқаруға лайықты, ал үшінші біреулері егін егіп, шаруашылықпен шуғылдануға лайықты, колөнермен айналысуға бейім болады деген-ді. Осы ойын онан әрі жалғастырып ұлы ғұлама адамның бойындағы қабілеттілігін жетілдіруге қолайлы жағдай жасайтын қабілетке ие болса, ал кейбіреулері күмісті алтынға айналдыра алар еді деген ой түйген. Оның бұл пікірінің түпкі мәні жетекші басқару ісінен тиісті нәтижелер шығарып, өзгелерге ақыл-кеңес айтып тағылым-тәрбие береді, сөйтіп өзіне жүктелген істі тындырымды етіп атқара алады дейді.
Басшы болған адамның ісінің нәтижелі болып көпшілік адамға жол-жосық көрсетіп отыруы нендей жардайларға байланысты? деген сұрақ туары белгілі. Өмір тәжірибесі жетекші ісінің тиімді болуы ең алдымен өндіріс ұжымындағы қилы-қилы мәселелерді орынды шешіп отыру — сол ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық қолайлы ахуал орнатуға тәуелді екендігін көрсетеді. Басқару ісінің түйінді мәселелерін зерттеу осы ғасырдың 20 жылдарынан бастап қолға алынды. Қазіргі кезде бұл мәселені іздестіруде көптеген психологиялық зерттеу нәтижелері айтарлықтай табысқа жетіп отырғаны айқын. Осы салада жургізілген зерттеулер шетелдік оқымыстылардың үлесіне тиеді. Шетелдік зерттеулердің қол жеткізген табыстары арнайы әдебиеттерде баяндалып, олар психологтар мен социолог мамандардың өндіріс пен шаруашылық істерін басқаратын мекемелер мен жетекші қызметкердің қуатты құралына айналып отыр. Бұл саладағы шетелдік әріптестердің ғылыми зерттеулері ең алдымен, адамдардың өмір сүрген ортасымен, әлеуметтік жағдаймен тығыз байланысты болып, шағын адамдар топтарындағы психологиялық колайлы ахуал орнатудың өзекті мәселелеріне арналып, бұл жайында бағалы да, пайдалы мағлұматтар жинақталган. Сөйтіп психологиялық зерттеу нәтижелері жеке адамдар мен шағын топтар, басқару ісіндегі жетекші кызметкерлер мен жұмысшылар, техникалық-инженерлік қызметкерлер арасындағы қатынас орнатып, қолайлы ахуал жасалғандырын дәйектей түседі.
Осы орайда АҚШ-та электронды-есептеу машиналарын жасап шығаратын күрделі компанияның президенті С. Аллан: адамның өмір тіршілігінде әрбір адаммен жалпы тіл табысып жұмыс істей білу — негізгі ғылым болып саналады дейді. Дегенмен адамның бұндай сипаты ғылым емес, сол адамның бойындағы табиғи дарыны болар? Бұл мәселенің түйінін ауыл-шаруашылығы машиналарын жасайтын фирма президенті: адам бойындағы іскерлік қасиеттің өмір тәжірибесі арқылы қалыптасады, көптеген істің мән-жайын үйреніп білуіне болады, деген ой түйеді. Солай дегенмен адамның жан дүниесін түсініп, онымен өндірісте жалпы тіл табысып істес болу кез келген басшының қолынан келе бермейді. Мұндай факторлар адамдар арасында түсіністік орнатып, заводтар мен өндіріс басшыларының қызметінде шешуші рөл атқаратындығына айрықша мән беріледі.
АҚШ-та өндірісті басқаратын жетекшілерге қойылатын негізгі талап базар (нарық) экономикасын білуі бірінші орында тұрса, екінші орынға фирмадағы жұмысты ғылыми зерттеу істерін дұрыс ұйымдастырып, фирманың келесі жылдарда неғұрлым өнімді істеуін қамтамасыз ету. Үшінші талап — сол фирмадағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, әрбір жұмысшының іскерлігі мен қабілетінің жете біліп, оның бойындағы күш-қуатын, 6ілімін, іскерлігін дұрыс пайдалану. Осы талапқа сәйкес АҚШ-та жүргізілген арнайы психологиялық зерттеулер әкімшілік басқару істеріне көтерілу үшін 57 шенеуниктік қызметке катысты адамдарды іздестірген. Олардың әрқайсысы 100 балдық жүйе бойынша іздестіріліп бағаланған. Осы зерттеу бойынша «адамдармен қарым-қатынас» орнату мәселелеріне баса мән беретін басшылардың бағасы 87 балдан төмендемеген. Ал, қызметінің шеңберінен шыға алмаған әкімшілік қызмет атқаратын шенеуніктердің бағасы 23 балдан аспаған.
Мұндай зерттеу нәтижелері психология ғылымының мән-жайы мен практикалық пайдасына жете мән беруді кажет етеді. Бұл факторды дұрыс пайдалана білетін компаниялар психологиялық зерттеуге жұмсалатын қаржыға сараңдық жасамайтындығын көреміз. Мәселен, АҚШ-тағы тағы бір ірі компания «адамдар арасындағы қарым-қатынас» мәселелерін дұрыс шешіп отыруға баса назар аударып, әлеуметтік психология мамандарына жыл сайын 250 мың доллар қаражат жұмсайды екен. Бұл компанияда 300 жұмысшыға бір психолог не социолог маманды арнайы штатты қызметкер ретінде ұстап, олардың зерттеулерін барынша тиімді пайдаланып отырады.
Психолог мамандарды өнеркәсіп орындарында тиімді пайдаланып, олардың зерттеулерімен санасып отыру Жапон мем-лекетінде де кең өріс алған. «Мицубиси денки» деп аталатын зауытта 4 жыл бойы психологиялық зерттеу орталығының жұмыс істеуі нәтижесінде осы кезеңде Осака қаласындағы жұмысшылардың жалақысы төмен болып, тұрмыс жағдайы мен баға жиі өсіп отырса да бір де бір ереуілге шықпаған. Бұл факторлер адамның жан дуниесінің сырына терең бойлап, онымен үнемі санасып отыру қажеттігін көрсететін әлеуметтік маңызы зор мәселе екендігін айқындай түссе керек. Әлеуметтік психологияда өзекті мәселенің бірі — жетекшілік қызмет пен бұл мәселенің мән жайын сол адамдардың ұжымындағы бағынушылар мен қатардағы еңбекшілермен қарым-қатынас жасау.
3.Өндірістік ұжымын басқару және жетекшінің тұлғалық сипаттары
Адамдар арасындағы қарым-қатынас орнатудың өзекті мәселелері қатарына жетекші кызметкердің жеке басына тән қадір-қасиеті мен оған қойылатын талап-тілектер:
1. Жетекішлік қызмет атқаратын адамның беделі мен психологиялық сипаты ең алдымен, оның өзінің қарамағындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, олардың ісін, уақытын, адами қасиеттерін бағалай білуі. Сондай-ақ жетекшінің уақытын дұрыс пайдалануы — еңбек ету мәдениетінің ұнамды қасиеті. Шетелдік мамандардың уақытын дұрыс пайдалана білу тәжірибесінен де үлгі аларлық жәйттері бар. Мысалы, АҚШ-тың жетекші қызметкерлерінде келушілерді қабылдауында кезек күту деген жәйттері жиі кездесе бермейді. Қабылдау кезіндегі келуші адамдарды дер кезінде мұқтаж істерін шешуге уақытты барынша үнемді пайдалану дәстурі қалыптасқан. Егер жетекші қабылдауға келетін кісілердің уақытын босқа жібермеуі үшін хатшы оларға күн ілгері хабарлап отырады. Қабылдау кезінде сөйлесуші кісінің ісі толық қанағаттандырылмайтын болса, оған басқа бір мезгіл белгіленіп, қабылдауға келген өзге адамдарға бөгет жасалмайды.
2. Жетекшінің басқару қызметінің стиліндегі тағы бір маңызды мәселе — карамағындары адамдарды көтермелеу мен жазалау. Мұндай ықпал етудің тәрбиелік мәнімен бірге, әрбір адамға қолданылатын шараларды қалайша қабылдап, оған әсерленуі түрліше болатындығы мәлім. Әйел адамдар ер кісілерге қарағанда, мұндай шараларға әсерленуі әлде-қайда нәзік әрі сезімтал келеді. Ал жасы келген ересек адамдар үшін жазалау шараларына әсерленуі күшті болып, олар жан дүниесіне теріс әсер етері белгілі. Сондықтан тәжірибиелі бастық кімді қалай жазалап, оған әсер етудің неғұрлым тиімді тәсілдерін іздестіріп, әрбір жұмысшы мен қызметкердің даралық психологиялық ерекшеліктерімен де санасып отыруды талап етеді. Мәселен, бір адамға сөгіс жариялау қажет болса оның жеке өзіне хабарлап айтуы, көпшіліктің көзінше жариялаудан әлдеқайда тиімді болатындығын көрсетеді. АҚШ-тың «Дженерал электрон» деп аталатын аса ірі фирмасының өндірісті басқару туралы нұсқау ережелерінде бұл фирманың әкішілік қызметкерлері өзінің қарамағындағы адамдарға үшінші бір кісінің қатысуында ешқандай ескерту не жаза түрін жариялау еңбекті ұйымдастыру мен басқару құқына жатпайды деп саналады. Мұндай әдіс бір жағынан адамның ар-намысын корғаумен бірге, бастықтың жұмысшылар ұжымындағы психологиялық ахуалдың орнықтықтылығына теріс ықпал етіп, оның қарамағындағы адамдарға деген әкелік қамқорлығына нұқсан келтіреді деп санайтын көрінеді.
Бастық адам қарамағындағы адамдарға берілген бұйрығы мен қойған талабына қарсылық пиғыл білдіретін болса, ондай жағдайға бастық даусын көтере сөйлеп, ондай адамға катаң сөздермен ескерту жасауына болатын көрінеді. Ал қарсы-пікір таласын тудыратындай жағдайға душар болса, онда бастық өз беделін көпшілік алдында жоғалтпау үшін, дауысын бәсеңдетіп, байыппен сөйлеп түсіндіру тәсіліне көшеді. Егер мұндай әдепті ережелер сақталмаса, онда бастық жайында бағынушылар тарапынан ыза-кегін тудырып, ұжымдағы ахуалға теріс әсер етері даусыз.
Әрбір істің сәтті болып сапалы бітуі сенің кіммен бірге істейтініңе, сені басқарушы кім, ол жұмысты қалайша басқара алатын қабілеті мен тәжірибесіне байланысты. Біздің еліміз бен шетелдердегі психологиялық және әлеуметтік зерттеу нәтижелері еңбек ұжымы мен ондағы жұмыс істейтін, қызмет атқаратын адамдардың тіршілігі ең алдымен басқарушының жұмыс тәсілі мен іс тәжірибесіне тәуелді болып, отыратындығын айқындап берді.
Жетекшінің не басқарушының өзіндік тәсілі дегеніміз — сол адамның істелетін істер мен атқарылатын қызметтерді қалайда жүзеге асырып отырудағы біліктілігі мен өзіндік әдіс-тәсілдерін қолданып отыруы. Басқару ісіндегі жетекшінің басшылық қызметі — өзінідк әдіс-сипатымен ерекшеленеді. Жетекшінің басқару қызметіндегі өзіндік тәсілі оның жеке басына тән психологиялық өзгешеліктері болып саналатын мінезіне, темпераментіне, ықылас-ынтасы мен қабілетілігіне байланысты түрліше болып отыратындығы мәлім.
Әрбір жетекшінің не басқарушының өзгелердің іс-әрекетін басқаруда түрліше амал-тәсілдер қолданатындығы мәлім. Сондықтан әрбір басқарушы адамның ісінде жалпылық сипаттарымен бірге, өзіндік қолтаңбасы бар арнайы басқару сипаттары да кездеседі. Осы сипаттарына орай басқарушы адамның жұмыс түрлері мен қызмет салаларында өзінідк басқару тәсілі, өзгелермен қарым-қатынас мәнері, оның қарамағындағыларға қойылатын талап-тілектерінің жүйесі айқын көрініп тұрады. Белгілі психолог С. Л. Рубинштейн: «адамның жан дүниесі мен жүрегі өзге адамдарға деген қарым-қатынасынан құралады, олармен тілдесіп пікір алысуынан тұрады, сөйтіп адамның жүрегінің сыры өзге адамдармен қатынас орнатуда ашыла түседі» — деген болатын. Бұл жәйт адамның жан дүниесінің сырын ашып көрсететін өмір тіршілігіндегі психологиялық күйі. Ол өзге адамдармен қарым-қатынаста тереңдеп, жан-жақты дамиды.
Адамдардың қарым-қатынас жасауының маңызына ерекше мән беріп, оның негізін ашып көрсететін психологиялық зерттеулерде адамның жеке басына тән қасиеттер айрықша рөл атқаратынын анықтаған. Мәселен, адамның іс-әрекетіндегі инженерлік қызметте басқарушының өзге адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуының нәтижесін былай етіп көрсетеді. Инженерлік білім осы салаға қатысты істің нәтижелі болып бітуіне тек 15% мөлшерінде ғана ықпал етеді де, ол жұмыстың сәтті болуы сол жетекшінің жеке басының қарамағындағы адамдармен қарым-қатынасын дұрыс орнатуы 85% мөлшерде болып отыратындығын көрсеткен. Демек істің нәтижесі жетекшінің жеке басының адами сапасына тәуелді болатындығын дәлелдейді.
Осы орайда американдық көрнекті психолог маман Д. Карнеги зерттеулерінде кісі өзге адамдармен кездескенде оған ықылас-ынтасын білдіріп, жылы шырай білдіруі кажет дейді. Оған күле қарап, сәлемдесетін болса, бұл жәйт сол адамдардың көңіл күйін сергітіп, жан дуниесін шаттандырады дейді. Кімде-кім өзгелермен кездескенде ашық-жарқын сөйлесіп аман-саулық сұрасатын болса екі жағы бірдей риза-болып, біріне-бірінің жан жүйесінің баюына ықпал етеді дейді. Адамдардың ашық-жарқын сөйлесіп, пікірлесуі отбасындағы өзге адамдарға да жағымды әсер етіп, оларды шаттыққа бөлейді, көңіл күйін көтереді деген ой түйеді.
Жетекші қызметкердің басқарушы адамның бойындағы өзіндік стиль, даралық тәсілі өзге адамдармен дұрыс қарым-катынас жасап, әрбір істе нәтижелі қорытындыларға жету жолында бағалы психологиялық қасиет болып табылады……