Оралдық белсендінің мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылды
Елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деген айыппен өткен жылы күзде бір жылға бас бостандығы шектелген оралдық белсенді Бакиза Халелованың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылды.
Бұл жайлы 11 сәуірде Азаттыққа белсендінің өзі айтты. Оның айтуынша, Орал қалалық соты 9 сәуірде оның өтінішін қанағаттандырып, қаулы шығарған.
«Сот қаулысы 15 күннен соң күшіне енеді. Ал оған дейін полицияға бұрынғыша белгіленуім керек болады» деді Бакиза Халелова.
Орал қалалық сотына әзірге хабарласа алмадық.
Өткен жылы 26 қыркүйекте Орал соты «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» (Қылмыстық кодекстің 505-бабы, 2-тармағы) деп айыпталған белсендінің бас бостандығын бір жылға шектеп, 100 сағат қоғамдық жұмыс берген. Қараша айында апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.
Бакиза Халелованың айтуынша, бес айға жуық уақыт бойы оның айына үш рет полицияға белгіленіп, Facebok және өзге әлеуметтік желіде комментарий жазуына тыйым салыныпты. Банк есепшоттары бұғатталып, қаржы операцияларын жүргізуде қиындық көрген. Енді ол жаза шарты жұмсаратын шығар деп үміттенеді.
Бакиза Халелова 2018 жылы мамыр айында рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін әкімшілік жазаға тартылған.