кандидаттың қазақ тілін білетіні қалай анықталады?
Қысқа сілтеме алу
Лингвистикалық комиссия құрамында танымал әдебиетшілер мен тіл мамандары болады
НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір – Sputnik. Кезектен тыс президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді қандай деңгейде меңгергенін арнайы құрылған лингвистикалық комиссия анықтайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің айтуынша, президенттікке кандидат сауатты жазып және оқып, 15 минут бойы көпшілік алдында өз ойын емін-еркін жеткізе білуі тиіс.
«Шығарма жазуға дайындалу үшін бір сағат уақыт беріледі, үміткердің ұсынысы бойынша қажет болса, тағы жарты сағат беріледі. Екінші, бұл оқу. Үшінші, көпшілік алдында сөйлеуге дайындалу үшін тағы бір сағат уақыт қосылады. Яғни, емтихан кезінде лингвистикалық комиссия тарапынан дайындалуға жан-жақты мүмкіндік қарастырылған», — деді Сүлеймен ОСК-да өткен баспасөз мәслихатында.
Ол бұған дейін президент сайлауында шығармаға ұсынылған тақырыптарды мысалға келтірді.
«Мәселен, «Менің елім – туған жерім», «Біздің күшіміз – бірлікте», «Дала халқының рухани құндылықтары» секілді, Абайдың сөздеріне қатысты шығарма жазу керек болады», — деді ол.
Оқуға ұсынылатын мәтіндерді президент сайлауы үшін құрылған комиссия анықтайды. Өткен жылдары, мәселен, Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтің шығармаларынан, Мұқағалидың поэзиясынан үзінділер берілген.
Сүлеймен лингвистикалық комиссия құрамына танымал әдебиетшілер мен тіл мамандары болатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол комиссияның жұмысы ашық әрі жариялы түрде өтетініне уәде берді.
«Кандидат келіп, тапсырма алған кезде және лингвистикалық комиссия қорытынды шығарған кезде бұқаралық ақпарат құралдарын шақырып, жариялайтын боламыз», — деді ол.
sputniknews.kz