Трамп: Қырғызстан — демократиялық құндылықтарды таратуда өңір көшбасшысы
АҚШ президенті Дональд Трамп «Қырғызстан – (Орталық Азияда) демократия құндылықтарын таратуда өңір көшбасшысы» деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Вашингтон екі ел арасындағы байланысты нығайту үшін жұмыс істеуге дайын. Бұл туралы Трамп Қырғызстанның АҚШ пен Канададағы елшісі Болот Отунбаевпен кездесуі кезінде айтты деп хабарлады Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
«Экономикалық даму мен іскерлік байланысты кеңейтудің мүмкіндіктері барын көріп тұрмыз. (Қырғызстанмен) бірігіп әлемді қауіпсіз әрі демократиялы етіп, оның дамуына көмектесе аламыз» деді Трамп.
Отунбаев АҚШ пен Қырғызстан арасындағы әріптестік нығаяды деп үміттенетінін айтқан. Оның сөзінше, қырғыз-америка қатынасын «жаңа деңгейге шығарып, әріптестіктің жаңа беттерін ашу үшін бар жағдай жасалған».
Болот Отунбаев Қырғызстанның АҚШ пен Канададағы елшісі болып биыл 15 қаңтарда тағайындалған.