Алматы әкімі Бауыржан Байбектің өмірбаяны

0

Бауыржан Байбек Алматы қаласын 2015 жылдың тамызынан бері басқарады

Алматы әкімі Бауыржан Байбек туралы толық мағлұматты Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Өмірбаяны

Бауыржан Байбек 1974 жылы 19 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Әке-шешесі зейнеткер.

Байбек Қыдырғали Мұқаметәмірұлы «Алматы қаласы бойынша жолаушыларды тасымалдау» КМК бастығының орынбасары болған. Ал анасы Алтынай Құнғалиқызы «Қазтамақөнеркәсіп» бөлімінің бастығы — бас маманы қызметін атқарған. Әкесі Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бір сыныпта оқыған.

Білімі

Бауыржан Байбек Күләш Байсейітова атындағы республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатты тәмамдаған.

Тағы оқыңыз: «Асығыстық танытуға болмайды» Тоқаев Байбектің шешіміне қолдау білдірді

1994 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияға оқуға кетеді, онда бір жылдай Бремен қаласындағы Гете институтында неміс тілін оқиды. Одан соң Любек қаласындағы Жоғары музыкалық мектепте үш жыл оқиды. 2002 жылы Орталық Азия университетінің халықаралық экономист мамандығы бойынша диплом алады. Саясат ғылымдарының кандидаты.

Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгерген.

Отбасылық жағдайы

Үйленген.

Әкім өз әйелімен көпшілік алдында Алматыда БҰҰ-ның 70 жылдық мерейтойы құрметіне арналған флешмобта бой көрсеткен еді. Әйелі Жанар Рахметова өзінен бір жас үлкен, Атырау облысының тумасы. Өмірлік жарымен студентттік шағында Алматыдан Франкфуртқа ұшқан кезде ұшақ ішінде танысқан. Сөйлесе келе екеуі бір қалада оқитынын, тіпті бір аумақта тұратынын білген.

 «Екеуміз Германияда оқып жүргенімізде, бір қалада тұрып келіппіз. Екеуміздің үйіміздің арасы екі-ақ квартал екен. Бірақ ұшақтағы төрт сағаттық сапар кезінде танысып, көңіл жарастырып кеттік. Тағы бір қызық бар. Менің әкем Алматы облысының тумасы, мамам – Атырау өңірінен. Біз екеуміз әке-шешеміздің тағдырын қайталаппыз: мен Алматының жігітімін, келін Атырау облысынан», — дейді студенттік шағын еске алған Байбектің өзі.

Бүгінде ерлі-зайыпты бес бала тәрбиелеп отыр. Балалары: Iнжу мен Жарқынай, Нұрмұхамед, Нұрдәулет және Нұржiгiт.

Тағы оқыңыз: Халықтың ашуына тиген экс-министр: Мадина Әбілқасымова туралы қызықты деректер

Декреттік демалыстан кейін Жанар Байбек 2018 жылдың аяғында жұмысқа шыққан. БАҚ беттерінде оның Астана қалалық сотының судьясы боп тағайындалғаны туралы мәлімет тараған еді.

Еңбек өтілі

  • 1999 жылдан — Майндағы Франкфурт қаласы ҚР Бас консулдығының референті, атташесі — Германиядағы Қазақстан елшілігі экономикалық бөлімінің үшінші хатшысы (Берлин қаласы);
  • 2002 жылдан – Қазақстан президенті әкімшілігі жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы;
  • 2003 жылдан – Қазақстан президенті хаттамасының ақпарат пен талдау секторының меңгерушісі;
  • 2004 жылдан — Қазақстан президенті хаттамасының бас инспекторы;
  • 2006 жылдан 2009 жылға дейін – президент хаттамасының жетекшісі;
  • 2009 жылдың тамыз айынан 2013 жылдың қаңтарына дейін – президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары;
  • 2013 жылы қаңтарда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды;
  • 2015 жылдың 9 тамызынан — Алматы қаласының әкімі.
  • 2015 жылдың 3 қыркүйегінде «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы болып сайланды.

Марапаттары

2008 жылы «Құрмет» орденімен, «Парасат» орденімен, «Астананың 10 жылдығы» медалімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», сондай-ақ ҚР Президентінің алғыс грамоталарымен  марапатталған.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда жаңа үкімет қалай құрылады

Бұдан бөлек мемлекеттік тілге қосқан үлесі үшін «Тіл жанашыры», ұлттық спорт түрлеріне қосқан үлесі үшін «Елімжан» белгісімен де марапатталған.

Байбек туралы елді елең еткізер деректер

Әлеуметтік желідегі жазбалардан белгілі болғандай, Бауыржан Байбек Алматыда Қабанбай батыр және Шәмші Қалдаяқов көшелерінің қилысында орналасқан Maxima Residence тұрғын үй кешенінде тұрады.

Таяуда ол Твиттерден жеке аккаунтын ашып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың парақшасына тіркелген.

Бауыржан Байбектің аллергиясы бар. Оны қоздырушы — Алматының лас ауа-райы.

«Байы болсын, кедейі болсын, бәріміз бір ауамен тыныстаймыз. Ал Алматының ауасы жақсы деп айта алмаймыз. Көлік өте көп. Одан шыққан зиянды газ ауада бөгіп тұрады. Мен де зардап шегушімін, менің аллергиям бар»,- деген еді ол алматылықтармен бір кездесуінде.

2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне Елбасы жергілікті бюджеттен әлеуметтік және бюджеттік қызметкерлерге, күнкөрісі төмен отбасыларға сыйақыға ақша бөлуді бұйырған еді. Сол кезде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ерекше көзге түсті. Себебі басқа өңірлер бұл сыйақыны 5 мыңнан бастап 25-35 мың теңгеге дейінгі көлемде тағайындап жатқанда, Байбек кісі басына 50-60 мың теңгеден таратқан еді.

«2016 жылы Алматы жергілікті бюджеттен 123 миллиард теңге үнемделген болатын. Елбасы тапсырмасын орындау үшін осы қаржат пайдаланылады. Ақша бар. Белгіленген әлеуетті топтың санын анықтадық, олар — 114,3 мың алматылық, жалпы бөлінетін сома – 6,2 миллиард теңге. Сонда орташа есеппен шаққанда әр адамға 50-60 мың теңгеден келеді», — деді әкім сол кезде.

Қазақы қоғам арулап, құрметтейтін Алматыда бір жер бар. Ол — қазақ интеллегенциясы азапталып, әбден езгіге салынған НКВД-ның жертөлесі. Тәуелсіздік алған 24 жыл ішінде ешбір қала басшысы ол арадан ескерткіш ашуға бел буып, шешім қабылдай алмап еді. Міне, осы ескерткішті Байбек қала басшылығына келе сап, ашуға уәде берген болатын. Араға бір жыл салып, 2017 жылы ол уәдесін орындады да.

Тағы оқыңыз: ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш туралы не білеміз?

«Бұл ескерткіш — өткендер рухына тағзым, ал болашақ үшін — тағылым», — деді Бауыржан Байбек ескерткіштің ашылу салтанатында.



sputniknews.kz