Түркістан облысында 11 жастағы бала кәріз құдығына түсіп кеткен бүлдіршінді аман алып қалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысында 11 жастағы Мейрамбек Бекназар 2 жасар баланы құтқарып қалды. Бүлдіршін кәріз құдығына түсіп кеткен екен.

Түркістан облысында 11 жастағы бала кәріз құдығына түсіп кеткен бүлдіршінді аман алып қалды

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ERNUR.KZ порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2 сәуірде кешкі уақытта Жетісай қаласында орын алыпты. Көшеде ойнап жүрген балалар 2 жасар бүлдіршіннің кәріз құдығына түсіп кеткенін көрген. Олар құдықтың жанына барғанда, толып қалған лас судан бүлдіршінді көре алмапты. Әпкесі ересектерді көмекке шақыру үшін үйіне қарай жүгіре жөнеледі.

Осы кезде 11 жастағы Мейрамбек Бекназар ұзақ күтуге болмайтынын түсініп, кәріз құдығына түсуді жөн көреді. Осылайша, ол лас суға тұншығып жатқан бүлдіршінді аман алып қалыпты. 

Оқиғадан кейін бүлдіршін ауруханаға жеткізіліп, ем-дом алып шыққан. Бүгінгі таңда оның жағдайы жақсы.

Ал көрші баланы құтқарып қалған Мейрамбек қаладағы №2 мектептың 5-сыныбында оқиды екен. Түркістан облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті оны марапаттап, бағалы сыйлық табыстады. 

 

stan.kz