Сапарбаев: 2019 жылы 12 мың баспана көпбалалы отбасыға беріледі — Қазақстан жаңалықтары
«Қолға алынған мәселелердің бірі — көпбалалы отбасыларға берілетін баспана мәселесі. Бір жылда 6 мыңға тарта пәтерді жалға беру көзделіп отыр. Одан бөлек 2019-2020 жылдары тағы 6 мыңдай пәтер берілмек. Бұл үйлер ТҮҚЖБ арқылы жеңілдетілген займмен беріледі», — деді министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің сөзінше, жалпы алғанда 7 жыл ішінде 40 мыңдай баспана жалға беріледі. 18 мыңға жуық баспана ТҮҚЖБ арқылы жеңілдетілген займмен табысталады. Қорыта айтсақ, көпбалы отбасыларға берілетін пәтер саны 54 мыңға жетерлік. Ал 2019 жылы 12 мың баспана кілті табысталады деп жоспарлануда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әлеуметтік жобалар жайлы айтып өтті.
Сапарбаевтың айтуынша, үкімет басшысының тапсырмасымен елордадағы кей аудандарда кездесулер өтті. Жиында отбасыларға баспана беру, жұмыспен қамту, жәрдемақыны көбейту, мүгедек жандарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.
«Қазақстанда 340 мыңнан аса көпбалалы ана өмір сүреді. Биыл 820 мыңнан астам адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланды. Ол үшін қазынадан 83 млрд теңге бөлінді. Ал 2019 жылы аз дегенде 285 мың көпбалалы отбасыға арналып жұмыс орны ашылмақ», — дейді Сапарбаев.
stan.kz