«Найза болып тиді»: Танымал әзілкеш қыздардан неге қорқып қалғанын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Танымал КВН ойыншысы Жахан Отарғалиев бұрын-соңды ешкімге айтпаған құпиясын бөлісті. Әзілкеш отасқан 7 жыл ішінде бір де бір рет әйелінің көзіне шөп салмағанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz «Сөккен әңгіме» бағдарламасына сілтеме жасап.
«Үйленген кезде немесе бойдақ болғанымда қызбен танысып, «Жүрші, мен сені үйіңе апарып тастайын» деп айтып көрмеппін. Менде ондай нәрсе болған емес. Яғни үйдегі ыдыс-аяқ бұған байланысты сылдыраған жоқ. Оған менің тойым, далада жүргенім себеп болды. Барлығы жиналып келді де бір уақытта шықты», — деді Жахан Отарғалиев.
Әрі қарай әзілкеш отасқан жылдары ауыр сөздер айтса да, ешқашан әйеліне қол көтеріп көрмегенін жеткізді. Сондай-ақ, балалы болмауларына өзінің де кінәсі болуы мүмкін екенін жасырмады.
«Ауыр сөз айтып қалған шығармын. Бірақ 7 жыл ішінде сен маған бала туып бермедің деген әңгіме айтқан жоқпын. (…) Медицинада бір-біріне келмейтін адамдар болады дейді. Бәлкім осы нәрсе себеп болған шығар. Ақыры соңғы қадам жасайтын кезде ұрысып, ренжісіп қалдық. Әйелім көрмесе де, қазір мені таныстарым көріп отырған болуы мүмкін. Менің ол кісіге ешқандай өкпем жоқ», — деді әзілкеш.
Мұнымен қатар, ажырасқан соң отбасын құруға ниеттенгенін айтты. Алайда сүйген аруы отбасылы болғанын бетіне басқаннан кейін бұл райынан қайтып қалған.
«Менен қазір «Неге үйленбейсің?» деп сұрайды. Ажырасқаныма бір жыл өткеннен кейін қызбен танысып, сөйлесіп көрдім. Оның айтқан сөзі жүрегіме қатты ауыр тиді. «Сен маған ұнайсың. Бірақ әке-шешеме ажырасқан еркекке шығып жатырмын деп қалай айтамын?» дейді. Маған сол нәрсе кәдімгідей найза болып тиді. Содан кейін кәдімгідей қорқып қалғанмын», — дейді ол.
Десе де өзінің де ажырасқан әйелмен отбасын құруға қарсы екенін жасырмады. Бұдан өзге әйелімен қоштасу қиынға соққандықтан, Ақтөбеден кетуге мәжбүр болғанын айтты.
«Маған ондайға батылдық жетпейтін сияқты. Қатты жақсы көріп қалмасам енді. Бірақ бұл туралы ойланып көрмеппін. Ажырасқанымызға екі жыл толғаннан кейін әйелімді Астанадағы «Керуеннен» көріп қалдым. Қасымда жан досым Самалбеков бар. Сол сәтте өз-өзінен көзімнен жас тоқтамай қойды. Неге екенін білмеймін. Машинаның қасына келіп құлап, талып қалдым», — дейді Жахан Отарғалиев.
stan.kz