Данэлия Димаш туралы: Досыммен бәсекелескім келмейді — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова Димаш Құдайбергенмен бір жобаға қатысқаннан кейін қандай әсерде болғанын айтып берді. Жас жұлдыз бастапқыда бұл жаңалықты естіп көңілінің түскенін жасырмады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар арнасының Қызық times бағдарламасына сілтеме жасап.
Қазақстандық жас жұлдыздар Димаш Құдайберген мен Данэлия Төлешова АҚШ-та өткен The World’s Best байқауына қатысқан-ды. Кейінгісі аталған байқауға екеуінің бірге қатысқанын қаламағанын жасырмады.
«The World’s Best дегеніміз – талантты орындаушылар, әртістер, актерлер, акробаттар мен сиқыршылар шақырылатын байқау. Қатысушылардың барлығын дерлік көп адам таниды деп ойлаймын. Өйткені олар түскен видеолардың да youtube желісінде көрілімдері көп. Қатысушылардың барлығы да тамаша жандар. Мен шексіз ризамын», — дейді Данэлия Төлешова.
Әрі қарай әнші алғаш шақырту алған кезде қатты таңғалғанын айтты. Әсіресе, отандасы Димаш Құдайбергеннің де қатысатынын білген кезде.
«Димаш екеуіміз бірге қатысатынымызды білген кезде аздап ренжідім. Өйткені екеуіміз жақсы доспыз. Достармен бәсекеге түскенді ұната бермеймін. Десе де біз бір-бірімізді көргеніміз үшін риза болдық. Мұндай жұлдыз, өз ісінің кәсібі, таңғажайып құбылыспен бірге қатысу – үлкен тәжірибе. (…) Димаш бәрінен жақсы. Тіпті, оны менің айдолым деп атауға болады. Өйткені мен сол секілді болуға тырысамын», — дейді әнші.
Сондай-ақ, ол Димашпен Қазақстанда жүргенде тек кейбір концерт пен жобаларда көрісетінін айтты.
Бағдарлама жүргізушісі Марат Оралғазин «Қазақтар біз осындаймыз. Бір-бірімізбен көрісу үшін АҚШ-қа барамыз» деп әзілдеді.
stan.kz