«Шындық бар»: Тарихшы Әбдіжаппардың қожаларға қатысты сөзін түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары
Қазақтың үш жүзін «қара» деп атап, елден оңбай сөз естіген Әбдіжаппар Әлқожаның сөзін белгілі ғалым Жамбыл Артықбаев талдап берді. Ол әншінің сөзінде шындыққа жанасатын да, жанаспайтын да тұстар бар екенін айтты.
Бұл туралы «Астана» арнасының «Ел аузында» бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
«Әбдіжаппар бауырымыздың айтқанында шындық та бар. Бірақ шындыққа келмейтін дүниелер де бар. Бұлардың ерекше топ екенін мойындаймыз. Қазақ баласы ерте уақыттан құрметтейді, қасиет тұтады. Біздің ауылымызда бір қожа бар еді, әкелеріміз де соған ерекше қарайтын. Мал сойсақ, «терісін апарып бер, батасын аласың» деп отырады. Өзім сондай ортада өстім», — дейді тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаев.
Оның пікірінше, Әбдіжаппардың жіберген ағаттығы — «қан бұзылды» деген сөзінде.
«Әбдіжаппар жас жігіт қой. Тілдік қоры да, білімі да шамалы болар. Бұлардың қаны арабтардан келе жатқан таза қан емес, түріктің де қаны бар, тіпті басым. Бұл жерде қан бұзылмайды, әлеуметтік статусын айтуы керек еді. Бұрынғы қара қазақпен араласып кеткеннен кейін, қара қазақ сыйламай қояды деген мағынада айтылуы керек еді.
Қара деген сөзге ренжіп жатқан көпшілікті көріп отырмын. Оған ренжитін ештеңе жоқ. Қараша халық деген сөз баяғы заманнан бар. Біздің жырауларымыз — Бұқар, Үмбетей, оған дейінгілер де қолданған. «Қараша халқың қолдаса, алтыннан болар белдігі» деп Бұқар жырау бабалаларымыз айтып кеткен. Ол сөзге өкпелейтіндей, ренжитіндей мағына көріп тұрған жоқпын. «Қара» көп дегенді білдіреді», — дейді Жамбыл Артықбаев.
stan.kz