Жоғары қолбасшылықтың президенттік резерві кім үшін құрылмақ?
Наурыз айының соңында «Ашық үкімет» сайтында құжаттар тізімі жарияланып, қоғамдық талқылауға ұсынылды. Онда үкіметтің қарулы күштер президенттік резервін құру ұсынысы жайлы айтылған.
Жоба бойынша, бұл топқа «ерекше сұрыптаудан» өткен әскери қызметкерлерді енгізу көзделген, кейін оларды жоғары қолбасшылық лауазымына ұсынбақ (қорғаныс министрі қызметі оған кірмейді). Бастаманы қазір Нұрлан Ермекбаев басқарып отырған қорғаныс министрлігі көтерген.
ЖАРЛЫҚ ЖОБАСЫ
Президенттік жарлық жобасы қарулы күштерге әскери қызметті өтеу ережесіне тиісті өзгерістер енгізуді ұсынады. Президенттік резерв құру бойынша жұмыстар қорғаныс министрлігіне жүктеледі.
Құжатқа сәйкес, іріктеу кезінде үміткерлердің жеке және іскерлік қасиеттері, қызметтегі жетістіктері есепке алынады, әскерилер арасындағы «арнайы тексеру» және Жоғары аттестациялық комиссия шешімі негізінде таңдалады.
Келесі кезеңде олар Қауіпсіздік кеңесінде іріктеуден өтеді. 2019 жылдан бері оның хатшысы әрі президент көмекшісі қызметін Қалмұханбет Қасымов атқарады. Кеңесті өмір бойы басқару құқығы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген.
«Жыл сайын қазанның 1-іне дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөліміне президенттік резервке өткізуге ұсынылған қарулы күштер әскери қызметкерлерінің тізімін жібереді» делінген жарлық жобасында.
Бұдан соң президенттік резерв үміткерлерінің тізімі президент әкімшілігі жетекшісіне табысталады, ол президенттік резервке қабылдау немесе қабылдамау туралы шешім шығарады. Тізім жыл сайын жасалады, ал әскерилердің онда болу мерзімі «үш жылдан аспауы керек».
Президент жарлығы жобасына үкіметтің берген түсіндірме хабарламасында «Жарлық жобасын жүзеге асырудың теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары болмайды, республикалық бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді» деп көрсетілген.
Премьер-министрге бағытталған түсіндірме жазбасында қорғаныс министрлігі жарлықтың «жоғары қолбасшылық лауазымын атқару үшін әскери қызметкерлерді сапалы іріктеуге» мүмкіндік беретінін айтыпты. Қорғаныс министрлігі жарлық қабылданған жағдайда халықаралық шарт болып есептелмейтінін, сондықтан ратификация жасаудың керегі жоғын айтады.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал-майор Айтқалы Есенғұлов үкіметтің президенттік резерв құру туралы бастамасын құптайды.
— Жақсы идея, енді жоғары лауазымға кадрларды әділ таңдайтын болар. Мұндай бастаманы қолдаймын, — деді генерал Есенғұлов.
Қорғаныс министрінің тағы бір бұрынғы орынбасары, генерал Әмірбек Тоғысов жобаны нақты жүзеге асыру перспективасына күмән келтіреді. Тоғысовтың айтуынша, «жақсы идеяның» тиісінше жүзеге асуы екіталай және ол резерв құрамына кіретін кандидаттарды талқылауға қоғам мүшелерінің қатысатынына сенбейді.
— Тізімге кіретін кандидаттарды кең ауқымда талқыламаса, түрлі аттестациялау комиссиялары жабық болып, протекционизмге жол береді, — дейді генерал.
Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев қазақстандық биліктің бұған дейін де мемлекеттік қызметкерлер арасынан басқарушы элита дайындауға тырысқанын, оларды «А» және «Б» корпусқа бөлгенін еске салады.
2015 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды, оған сәйкес мемлекеттік қызметкерлер үш корпусқа бөлінді: саяси мемлекеттік қызметкерлер (министрлер, облыс әкімдері); «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметкерлері және «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметкерлері.
Сол кезде президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған Бауыржан Байбек «элитаның элитасы» деп атаған «А» корпусына министрлердің жауапты хатшылары, аудан әкімдері мен өзге де мемлекеттік қызметкерлер кірді. «Б» корпусына – атқарушы мемлекеттік қызметкерлер кірді. Заңда «А» корпусына кадрлық резерв жасақтау мен оған іріктеудің ерекше тәртібі қарастырылған.
Саясаттанушы Сәтпаевтың айтуынша, корпустарды жасақтау кезінде шетелдік ЖОО-да оқыған және шет тілдерін білетін жас мамандарды табуға ерекше мән берілді.
Шетелден келген жас әрі талантты жетекшілер жемқорлыққа батқан жүйені өзгертудің орнына өздері соған бейімделеді.
Алайда шетелден Қазақстанға оралып, жоғары лауазымды қызметке орналасқан жас мамандар (тіпті арасында министр де болды) «біліксіздік танытты» деген Сәтпаев «потому что, потому что» сөзін қайталай берген жас министрлердің бірін еске алды (саясаттанушы сол кезде еңбек министрі болған Серік Әбденовты айтады. «Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын неге көтеріп жатыр?» деген сауалға ол «Көп жұмыс істеу керек. <…> 50 жаста зейнет туралы ойлаудың керегі не?» деп жауап берген болатын).
Сәтпаев ақпан айында астанада жер үйде шыққан өрттен көз жұмған бес әпкелі-сіңлілі кішкентай қыздардың қазасына қатысты кейбір билік өкілдерінің сөзі қоғамда теріс реакция тудырғанын да атап өтті. Олардың ата-анасы отбасын асырау үшін түнгі ауысымға жұмысқа кеткен.
Осы оқиғадан соң бірнеше қалада көп балалы аналар наразылық танытып, жағдайларын жақсартуды талап етті. Сол кезде АҚШ-тың Колумбия және Гарвард университеттерінің түлегі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Мәдина Әбілқасымова «көп балалы аналар мемлекеттен миллиондап ақша алады, басқа елдерде ондай жоқ» деп мәлімдеді.
Сәтпаевтың айтуынша, өте білімді әрі адамгершілік тұрғысынан мінсіз саналған өзге талантты әрі жас шенеуніктер түрмеге қамалды. Мысалы, АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінің түлегі, бұрынғы ұлттық экономика министрі, 38 жастағы Қуандық Бішімбаев 2017 жылы «жемқорлық жасады» деп айыпталып, 10 жылға сотталды. Досым Сәтпаевтың пікірінше, «ескіні өзгертпей, жаңа дүние жасау мүмкін еместігін» осыдан көрсе болады.
– Шетелден келген жас әрі талантты жетекшілер жемқорлыққа батқан жүйені өзгертудің орнына өздері соған бейімделеді, — дейді Сәтпаев.
Саясаттанушының пікірінше, жоғары қолбасшылықтың президенттік тізіміне кіретін әскерилер де жемқорлық пен парақорлықтан азат емес әскери жүйеге бейімделуге мәжбүр. Сәтпаев бір кездері жыл сайын әскери мекемені дүр сілкіндірген жемқорлық дауларын еске салады.
– Қандай резервке түссе де, бұл жағдайда әскерилерге былайғы жұрттан да ауыр тиеді, себебі оларда «бұйрық талқыланбайды, орындалады» деген ереже бар. Халық арасында оны былай түсіндіреді: «Бірінші тармақ «Басшының айтқаны әркез жөн». Екінші тармақ «Басшының сөзі теріс болса, бірінші тармаққа қара», — дейді ол.
Жоғары әскери кадрлар құрамын Назарбаев бақыламақ, яғни, өз билігін күшейтпек. Ал қазіргі президент Тоқаев Назарбаев мақұлдаған тізімге қол қойып қана отырады.
Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның ақпараттық-бақылау орталығының жетекшісі, журналист және құқық қорғаушы Сергей Дувановтың айтуынша, президенттік резерв құру туралы бастаманы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың көтергені анық (Президенттік өкілетін тапсырардан бір тәулік бұрын Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов пен Ермекбаевқа генерал пагонын тақты).
– Бұрын әскери шені жоқ қорғаныс министрін өзіне жақын тарту үшін солай істеді. Жарлық жобасында қорғаныс министрі жыл сайын президенттік резерв кандидаттарының тізімін Қауіпсіздік кеңесіне ұсынады деп көрсетілген, оны Нұрсұлтан Назарбаев басқарады. Демек, жоғары әскери кадрлар құрамын Назарбаев бақыламақ, яғни, өз билігін күшейтпек. Ал қазіргі президент Тоқаев Назарбаев мақұлдаған тізімге қол қойып қана отырады, — дейді Дуванов.
Құқық қорғаушының айтуынша, енді қорғаныс министрлігі жаңа генерал Ермекбаевтың басшылығымен президент Тоқаевқа ресми түрде ғана бағынатын тәрізді, ал шын мәнінде Нұрсұлтан Назарбаевқа адалдығын дәлелдеуге тырысады.
– Нұрсұлтан Назарбаевқа адал екенін қорғаныс министрлігі (министр Ермекбаев) ресми сайты арқылы көрсетіп жатыр, оның бірінші бетінде Қазақстан Республикасының бірінші президенті – елбасының цитатасы келтірілген (оған еш қарсылығым жоқ), соған қоса Назарбаевтың бас қолбасшы формасындағы суреті тұр. Назарбаев жарты айдан бері бас қолбасшы емес. Ал қазіргі президент және конституция бойынша бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы қорғаныс министрлігі сайтының бастапқы бетінен түк мәлімет көрмейсіз, — дейді Дуванов.
2019 жылы сәуірдің 4-і күнгі дерек бойынша, қорғаныс министрлігі сайтының жоғарғы бөлігінде расымен Назарбаевтың әскери формадағы суреті тұр. Қазір ол бұрынғы президенттің әдеттегі киімімен ауыстырылды.
Сәуірдің 4-і күні бастапқы бетке Тоқаевтың суреті қойылмады. Конституцияның 44-бабы бойынша Қазақстан президенті – қарулы күштердің бас қолбасшысы саналады, ол қарулы күштер жоғарғы қолбасшылығын қызметке тағайындап, босатады.
2018 жылдың шілдесінде өзі қол қойған заң бойынша Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаруға құқылы. Сол заңға сәйкес бұл мекеме кеңес берушіден конституциялық мекемеге айналды. Құжатта көрсетілгендей, мекеменің миссиясы халықаралық аренада мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғау, ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, конституциялық құрылымды сақтау.
Үкімет қаулысының жобасы, президент жарлығының жобасы, Қазақстан қарулы күштерінің жоғарғы қолбасшылығы президенттік резервін қалыптастыру туралы негіздеме сәуірдің 12-сіне дейін қоғамдық талқылауда болады.