Ақ Жайықтың жастарында жігер көп
Кеңейтілген отырыстың басты тақырыбы – 2017-2020 жылдарға арналған жастарды қолдау жөніндегі Жол картасының орындалу мәселелері болды. Жастарды жұмыспен қамту, волонтерлік қозғалысты, digital бастамаларды дамыту, жастар арасында отансүйгіштік пен салауатты өмір салтын насихаттау секілді сан-салалы тақырыпты қамтыған кеңес отырысына қатысушылар өте белсенділік танытты. Олардың бәрі де «Жастардікі» деп үкі тағылған алдағы жылдан ерекше үміт күтеді.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өзі жүргізіп, барлық аудан, салалық басқарма басшылары түгел қатысқан жиында тиісті сала жетекшілерінің осы кезге дейін атқарған жұмыстарының баяндамасы тыңдалды. Жыл басынан қараша айының басына дейін өңірде мемлекеттік бағдарламалар аясында 10 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған екен. Бұған қоса облыстың медицина, педагогика, ауыл шаруашылығы салаларына қажетті мамандарды дайындау үшін жергілікті бюджеттен 100 білім гранты бөлінген. Қазірдің өзінде Ақ Жайық өңірінде жастарға арналған 8 коворкинг орталығы ашылған, оның алтауы – аудан-ауылдарда қызмет етіп тұр. «Қолжетімді спорт» бағдарламасы аясында 50-ден аса спорт нысандары пайдалануға берілген.
Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошевтың айтуынша, Ақ Жайық өңірінде 136 мыңнан астам жас бар. Оның 3,1 пайызы еш жерде жұмыс істемейді. Бірақ бұл еліміз бойынша жақсы көрсеткіш. Жастар арасындағы жұмыссыздық соңғы үш жылда екі есеге дейін азайған. Өңірде «Батыс Қазақстан облысы жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасы» жүзеге асырылуда. Жол картасы жастарды жұмыспен, сапалы әрі қолжетімді біліммен қамту, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, жеке және кәсіби тұрғыдан өсуге жағдай жасау сынды 4 негізгі бағыттан тұрады.
Аян Сақошев өз сөзінде Орал қаласында, Бөкей ордасы, Жаңақала, Зеленов аудандарында жергілікті атқарушы билік жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмей отырғанын айтты. Жастар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері осыны көрсеткен. Бұл ретте Қазталов ауданы өзгелерге үлгі етуге тұрарлық: мұнда жыл басынан бері жастарға арналған жұмыс жәрмеңкесі 5 мәрте ұйымдастырылып, 250 жас жұмыс тапқан. Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында соңғы екі жыл ішінде аудан жастары 91 млн. теңге несие алып, өз ісін бастағанын, 20 жұмыс орнын ашқанын жеткізді. Осы уақыт ішінде ауданға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 150 жас маман келіпті. Оның 90-ы – мұғалімдер, 47-сі – медицина қызметкері.
Жалпы, жастар арасында кәсіпкерлікті қолдау мәселесі өңірде жақсы жолға қойылған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында облыста 8,5 мыңдай жас жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның 6,3 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылған. «Биылғы тоғыз айда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 507 жас жолданып, 100 адам несие алса, 10-ына мемлекеттік грант бұйырды» — дейді Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев.
Жиында жастар өкілдері де өте белсенді болып, өз ойлары мен ұсыныстарын ашық білдіріп отырды. Журналист, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес мүшесі Галина Манцева, инженер Ақжол Жандауов, қазталовтық жас кәсіпкер Индира Әлібекова, жастар би тобының жетекшісі Асан Саматов, студент Әйгерім Лұқпанова, «Зенит» зауыты жастар комитетінің төрағасы Серік Дәулетияров және басқалары жастар өмірінің әр саласына байланысты өз көзқарасы мен пікірін білдірді. Бұл пікірлердің қай-қайсысы да өңір басшысының қолдауына ие болды. Мәселен, жастардың бұқаралық спортпен айналысуына соңғы кездері Орал қаласында өте қолайлы жағдай жасалып жатқаны ризашылықпен айтылса, Алтай Көлгінов таяу болашақта Шаған өзенін бойлап веложолақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған сейіл алаңдары салынатынын хабарлады. Облыс басшысы сондай-ақ Орал қаласының табиғи жағдайы триатлон спортын дамытуға өте қолайлы екенін айтады.
– 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануы жастар саясатына үлкен серпін береріне сенім мол. Біз қазіргі таңда облысымыздағы жастарға қатысты мәселенің барлығын зерттеп, зерделеп, бірқатарын іске асырудамыз. Еліміздің, соның ішінде өңіріміздің жас азаматтарын толғандыратын нақты мәселелерді шешумен айналысуымыз қажет. Бүгінгі жиында жастар орынды ұсыныстар айтты. Біз олардың бәрін өз жоспарымызға енгіземіз. Жыл соңына дейін біз жастардың облыстық форумын ұйымдастырамыз. Ол жиында жастар өз ой-пікірін ашық айтып, кеңінен талқылауы тиіс. Ал келесі жылы Орал қаласында шекаралық өңірдегі, соның ішінде көрші мемлекет жастары да бас қосады. Жастардың бір бірімен танысып, тәжірибе алмасып, болашақ дамуы үшін мұндай басқосулар өте қажет, — деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ