Ержан Максим ресейлік байқауда ән айтып жатқан кезде стақан жарылып кетті
Қазақстандық 11 жастағы әнші «Голос. Дети» ресейлік байқауының келесі кезеңіне жолдама алды
НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстандық Ержан Максим ресейлік «Голос. Дети» тележобасының келесі кезеңіне өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Байқаудың жекпе-жек кезеңінде Валерий Меладзенің командасындағы Иван Стариков, Ержан Максим мен Ислам Балкоев өнер көрсетті. Олар әйгілі Муслим Магомаевтың «Синяя вечность» әнін орындады. 1969 жылы шыққан бұл керемет әннің музыкасын Магомаевтың өзі жазған болатын.
Байқаудың шарты бойынша тәлімгер үш әншінің тек біреуін ғана таңдауы тиіс. Валерий Меладзе қазақстандық Ержан Максиммен әрі қарай жұмыс жасайтынын айтты.
Бір қызығы, Ержан ән айтып жатқан кезде стақан жарылып кеткен. Видеоның астына пікір жазып жатқандардың бірі әншінің зор даусы мен энергетикасынан шыны шатырлап сынды десе, енді бірі мұның телеарнадағы арнайы эффект дейді.
sputniknews.kz