Second Hand па?: Тележүргізуші Райм мен Артурдың киімін әжуалап, оларға киілген костюмдерін сыйлады — Қазақстан жаңалықтары
Райм мен Артур бүгінде қазақтың тойы мен дискотекасының сәнін келтіріп жүрген танымал жұпқа айналды. Жігіттер танымал болып кеткендеріне қарамастан, үлкен қалаға көшуді жоспарламайды. Әлі күнге дейін Оралда тұрады.
Бұл туралы «Түнгі студия» бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
«Бізге ыңғайлысы — Орал. Барлық әндер өзіміздің студиямызда шығады. «Самая вышка», «Лучший», «Дискотека из 90-х» — барлығы сол студиядан шыққан.
Өзімізге ыстық. Әрі онда өзіміздің командамыз бар», — дейді жігіттер.
Бағдарлама барысында Қайрат Әділгерей жігіттердің үстіндегі киімге назар аударды. Спорттық үлгідегі киімге қазақы нақыштағы ою тіктіртіп алған жігіттерге: «Киімді қайдан алдыңдар? Арнайы дизайнер тікті ме әлде Second Hand па?» — деп сауал жолдады. Оған жігіттер:
«Негізгі мақсатымыз қазақи нақыштағы киіммен шыққымыз келген. Сондықтан арнайы оюлы киім тіктірттік. Данияр Рахметжанов деген ағамыз осындай ой салған.
Біз — көше ұлдарымыз. Өзімізге қалай ыңғайлы, солай киінеміз. Сондықтан да халық дұрыс түсінбеді, бірақ қазір қабылдап жатыр», — деп жауап берді.
Райм мен Артур әзілді зілсіз қабылдағанымен, көпшілікке Әділгерейдің сөзі жақпай қалды. Әрі бағдарлама барысында өзінің киілген костюмдерін жігіттерге сыйға тартқан жүргізуші елден сөз естіді.
«Кемсітіп тұрғаны қалай?», «Неге киімге тиісе береді, мазақ етіп, өте қарапайым жігіттер. Елдің бәрі костюм-шалбар кию міндетті емес. Ылғи тиісе берсе де, 2 жігіт көңілдеріне алмайды, ренжімейді екен деп төмендете берудің қажеті жоқ», «Әртістерге деген құрмет қайда? Киілген костюм бергені несі? Қалжың болса да, орынсыз екен», — деп пікір білдірді олар.
stan.kz