Ұлым тасқа құлап, ауруханадан бір-ақ шықты: Алматы тұрғындары апатты алаңға шағымын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматының қақ ортасындағы апатты алаң жұрттың зәресін ұшыруда. Кеңес дәуірінен мұраға қалған құрылғылардың тек қаңқалары ғана тұр. Онда ойнауға барған балалар үнемі жарақат алады екен. Тұрғындар аудандық әкімдіктің табалдырығын талай мәрте тоздырыпты.

Ұлым тасқа құлап, ауруханадан бір-ақ шықты: Алматы тұрғындары апатты алаңға шағымын айтты

Ауланы көріктендіргенімен балалар алаңына келгенде ақша жетпей қалыпты, деп хабарлайды Евразия бірінші арнасы.

Алты бірдей көпқабатты үйдегі балалардың жалғыз ойнайтын алаңының сыйқы осы. Өткен ғасырдың 80 жылдары салыныпты. Содан бері жаңартылмаған. Тұрғындардың шағымынан кейін жергілікті билік жұмысшыларды жіберіп, ырымын жасапты. 

«Екі жыл бұрын ауламызды көріктендірді. Асфальт төсеп, көлік тұрағын жасап берді. Балалар алаңына қаржы жоспарланғанымен, ақша жетпей қалыпты. Ақша барлығына жеткенде, алаңға неге жетпегенін түсіне алмадық», — деді тұрғын Валентина Марцинкевич.

Жұмысшылар өткен ғасырдан қалған апатты қондырғыларды бұзудың орнына, көзге қораш көрінбеу үшін сырлап қойған. Немқұрайлылықтың арқасында балалар жиі жарақат алады екен. Марияның 10 жастағы ұлы да ауруханадан бірақ шығыпты. 

«Мына құрылғыға асылып, тұрған жерге мына қиыршық тастың үстіне бетімен құлады. Қабағы жарылып, оны тіктіруге бардық. Мұнда оқыс жағдайлар жиі болыр тұрады», — деді тұрғын Мария Сергеева. 

Ал Алмалы аудандық әкімдіктегілер тұрғындардың жылдар бойғы арманын жуық арада орындаймыз деп сендірді. 

«Бүгін сәуірдің төрті біз тендерді жеңіп алған мердігер мекемелермен келім-шарт жасауды бастадық. Осы айдың екінші жартысынан бастап, құрылыс жұмыстары басталады. Аталған аулаға үш бірдей балалар алаңы мен спорттық алаң пайда болады. Сонымен бірге 33 жарық беру бағаны алмастырылады», — деді Алмалы аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Сапар Нұрашев. 

Тұрғындар осы жолы құрылысшылар тек ескі құрылғыларды бұзумен шектелмей жаңасын салып береді деп үміттенеді. 

stan.kz