«Біз ел болмаймыз»: Қарақат Әбілдина өзін тілдегендерге жауап берді — Қазақстан жаңалықтары
Қарақат Әбілдина халықты қайырымдылық концертке шақырамын деп сөзге қалды. Желідегі оқырмандар әншінің шақыруын шетке қойып, оның сырт келбетіндегі өзгерісті талқылай түскен. Тіпті, оқырмандар арасында видеодағы жанның Қарақат екеніне күмән келтіргендер де бар, деп жазады Stan.kz.
Жұрттың жағымсыз пікірінен жағасын ұстаған Әбілдина көпшілікке ренішін жеткізді.
«Қайырым жасау, обал-сауап, алты баламен жалғыз қалған ананың қасіреті жайлы жазылған дүниеге тілектестік білдірудің орнына «ерніңді ісірдің бе?», «бетіңе ине салдырдың ба?», «тісің немене?», «сол қайырымды концертсіз-ақ бере салмайсың ба?» деген құнсыз, ойсыз сұрақ қою әділетті ме?! Менің парақшамда соншалықты жүрексіз адамдар отыра ма?!
Ал сізге қайырымдылыққа қарағанда менің бет-әлпетім, ернім мен тісім қызық болса, айтайын: түк те жасатқам жоқ. Ал, тісімдегі брекеттің қызметі, рөлі туралы интернетте тұр, қарап алыңыз. Оны ешкім сән үшін қойдырмайды, деннің саулығы үшін салдырады!
Кейде «Адамдар неге осынша ашынып кеткен екен? Неге әр адам өзін тәрбиелеуге болмайды? Жаман сөз шыққан ауыздан жақсы сөз неге шықпайды екен?» деп, күрсінемін. Шынымды айтайын, соңғы постыма жарыса жазып жатқан комменттеріңізге қарап «осы біз ел болмаймыз-ау!» деп шошып отырмын. Мен бұл постты сіздің жаныңызды ашытып, көңіліңізді аудару үшін емес «бір тамшы болса да алты баламен жесір қалған анаға тамсын, екі-ақ күн қалды ғой, үміттеніп отыр, бір қажетіне жарасақ екен…» деген оймен салдым.
Мен де анамын. Қоғамда болып жатқан қаншама сұмдықтар жүрегімнің сүзгісінен өтіп, жаныма әсер етіп жатады. Соның бәрін саралай келе, «қолымнан келетіні осы концерт болған соң, бір қайырым жасайыншы» деген ойдан туған дүние еді. «Жыртық үйдің Құдайы бар». Бір мәнісі болар…
Қайырымға зәру сол адамдар ең болмаса сіздің селқос, мұп-мұздай етіп жаза салған сөзіңізді оқып, көңілі түспесін!
Адамнан адамның артықтығы жоқ. Тек санасында, өресі мен пейілінде ғана.
Бұлай ақталмауыма да, түк жазбауыма да болар еді. Басқа басқа, қайырымдылық жөніндегі әңгімемнен бірін бірі жалғап әкеткен мәнсіз пікірлерді оқып отырып шыдай алмадым.
Әркім не жазса да өзі білер. Бірақ, әр сөзіміз үшін жауап беретінімізді ұмытпайық, адамдар», — дейді Қарақат.
stan.kz