Назарбаев кеңсесінің шығынын қосу үшін бюджет жобасы мәжіліске қайтарылды
Сәуірдің 4-і күні сенат үш жылдық бюджет туралы заң жобасына Назарбаев кеңсесінің шығынын қосып, толықтыру үшін жобаны мәжіліске қайтарып берді. Бұған дейін Назарбаев кеңсесін құруға бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінетіні хабарланған.
Сәуірдің 2-сі күні Қазақстанның қаржы вице-министрі Татьяна Савельева 2019 жылдың республикалық бюджетіне үш бағыт бойынша түзету енгізілгенін және астана атауын өзгерту үшін қосымша қаржы бөлінбейтінін айтқан.
«Шығынның артуы көп жағдайда [бюджет қызметкерлерінің] жалақыларын көбейтуді 1 шілдеден 1 маусымға ауыстырумен байланысты. Бір айдың өзі 37 миллиард теңге көлемінде қосымша шығынды талап етеді. Қалған ақша ендігі тіркеліп қойған жаңа мемлекеттік органды — елбасы кеңсесін құруға жіберіледі» деді Савельева.
Сәуірдің 4-і күні сенат депутаттары сонымен бірге 250 миллиард теңге көлемінде қаржы ұлттық қордан әлеуметтік жобаға бөлінуі үшін қажет кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын мақұлдаған. 2019 жылғы республикалық бюджеттің шығыны кіріспен салыстырғанда шамамен бес триллион теңгеге артық.