Елорда жастары «Жастар жылынан» не күтеді?

0

Жантас ҚАЙРАТОВ,

Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті

«Қазір жастар өте белсенді және салмақты идеяларды жиі айтады. Сондықтан келесі жылы еліміздің әр өңіріндегі белсенді жастардың басын қосатын кездесулер көп болады деп ойлаймын. Меніңше, мұндай кездесулерді ұйымдастыратын арнайы орталық ашылуы керек. Жастар лагері белсенді жұмыс жасаса, олар бір-бірімен идея алмасып, оны әрі қарай дамытатын еді. Ойын-сауықтық емес, танымдық, ғылыми бағыттағы лагерьлер көбейсе, еліміздің әр өңірін танып-білуге, тарихи орындарды, әлі толық зерттелмеген жерлерді аралауға мүмкіндік берсе, бұл жастарды қолдаудың анық көрінісі болар еді. Бұл еліміздің туризм саласын дамытуға да елеулі үлес қосады. Кейіннен аудиториясын кеңейтіп, шетелдік студентермен тәжірибе алмасып, оларға да өлкеміздің жауқазындарын таныстырар едік.

Сондай-ақ студенттер мен оқушыларды жастайынан еңбекке араластырған жөн деген пікірдемін. Ол үшін оқушыларға өз қызығушылықтарына қарай 3-4 сағаттық жұмыс жасауға құқық беретін арнайы заң керек. Бұл оқушылардың болашақта мамандық таңдауда қателеспеуіне көмектеседі.

Ал студенттер бірінші курстан өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасса, сабақтан алған білімін тәжірибе жүзінде шыңдап, бәсекеге қабілетті, дайын маман болып шығар еді. Мұны күнде емес, аптасына бір рет жүргізсе де көмегі мол болады деп ойлаймын».

Сымбат ТӨЛЕКБЕРГЕН,

Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті

«Жастар жылында» hi-tech саласына көп көңіл бөлінсе екен. Жастарға соңғы технологияларды меңгеруге мүмкіндік беретін стэм-лабораториялар мен робототехника сыныптары ашылып, оны білікті мамандардың жүргізгенін қалаймын. Соңғы кездері бұл тақырып көп жастардың қызығушылығын оятып жүргенін байқадым.

Екіншіден, биыл Елбасы ЖОО-ның сапасын түлектердің жұмысқа орналасуымен бағалаймыз деген пікір айтты. Осы орайда, биылдан бастап еліміздің білім ордалары жұмыс орындарымен екіжақты келісімшарт жасайды деп ойлаймын. Яғни, оқу бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, «тәжірибесіз мамандарды жұмысқа алмайды» деген стереотипті де бұзар едік. Бұл Елбасы айтқан мәселенің бірден-бір шешімі.

Үшіншіден, мен алдыңғы жылы Британия консулдығы ұйымдастырған 6 айлық «Журналистерге арналған ағылшын» курсын тегін оқып шықтым. Біздің елдің белсенді жастары үшін де осындай бағдарламалар жүзеге асырылса деген тілегіміз бар. Бұл ағылшын тілін үйренуге өте пайдалы бастама болар еді. Өйткені, әр аймақтан келген студенттердің барлығының ағылшын тілін меңгеруге мүмкіндігі  бола бермейді».