Фируза Шәріпова титулынан айырылды

0

Спорт

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Шәріпова чемпиондық белбеуден айырылуына байланысты ойын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова IBO белбеуінен айырылып қалды. Халықаралық бокс ұйымының сайтында Шәріпова чемпиондар тізімінен алынып тасталған. Спортшы өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында осыған қатысты өз пікірін жазды.

«Шынымды айтсам, бұл жаңалықты бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп отырмын. Мұны ұйым ресми түрде хабарлаған жоқ. Негізі, бұл қалыпты жағдай, күттік деп айта аламын. Өйткені ұйым ережесі бойынша мен өз титулымды бір жыл ішінде дәлелдеуім керек болатын. Біз WBC титулына ие Ева Вальстреммен кездесу өткізуді жоспарладық. Қаржылай қолдау керектігін айтқан болатынбыз. Өкінішке қарай, қаражат табылмады»,- деп жазады спортшы.

Тағы оқыңыз: Фируза Шәріпова Головкинді таңғалдырмақшы

Фируза Ева Вальстреммен кездесуді 22 желтоқсан күні өткізуі керек болатын.

«Қазір командаммен бірге үшінші салмақ дәрежесінде өнер көрсетуді көздеп отырмыз. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бұл қолымыздан келеді деп сенемін. Әрине, қаржы мәселесін шешу керек. Мәдениет және спорт министрлігі мен әкімдіктен қолдау күтеміз», — деп жалғастырды боксшы.

Алдағы жоспарымен бөліскен қазақстандық спортшы белбеуден айырылу командасының кінәсі емес екенін жазыпты. 

«Мен әлі де WIBA белбеуін сақтап қалдым. Ал өзге титулдан айырылу – менің немесе менің командамның кінәсі емес. Өйткені бұл белбеуден кездесу кезінде айырылған жоқпын. Алайда, өкінішке қарай, Қазақстанда бізді ешкім қолдап отырған жоқ»,- деп аяқтады спортшы өз жазбасын.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 30 желтоқсанында Шәріпова бельгиялық Джемилла Гонтарюкті жеңіп, IBO чемпиондық белбеуін алған болатын. Қазақстандық боксшы WIBA және WBU чемпиондық белбеуіне ие.



sputniknews.kz