Өзбекстан билігі Каримованың қай түрмеде жазасын өтеп жатқанын айтты
Өзбекстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі 3 сәуірде елдің бұрынғы президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың Ташкент облысы Зангиат ауданындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқанын хабарлады. Баспасөз қызметінің айтуынша, оған ешқандай артықшылық берілмеген — қатардағы сотталушы ретінде жазасын өтеп жатыр.
1-2 сәуірде Каримова №21 түрмеде швейцариялық адвокаты Грегуар Манжемен кездескен. Бұл ақпаратты Грегуар Манже Twitter-дегі парақшасында жазды.
Гүлнара Каримованың үйқамақтан колонияға жіберілгенін наурыз айының басында Instagram желісінде қызы Иман жазған.
2013 жылы швециялық басылымдар Өзбекстанға инвестиция салуға ықылас білдірген халықаралық коммуникациялық компаниялардың Гүлнара Каримоваға пара беруге мәжбүр болғаны туралы жаза бастады. Шулы мақалалардан кейін Швеция, Швейцария, Нидерланд, АҚШ және басқа елдерде тергеу басталып, ірі телекоммуникациялық компаниялардың іс-әрекетін тексере бастады.
Өзбекстан бас прокуратурасы наурыздың 5-і күні осыдан біраз уақыт бұрын Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімінің шыққанын, бірақ кейін оны бес жылға бас еркіндігін шектеу жазасына ауыстырып, үйқамақта ұстағанын хабарлаған.