Қазақша өлең: Қалқаман Сарин (Астана)

0

Қазақша өлең: Қалқаман Сарин (Астана) казакша Қазақша өлең: Қалқаман Сарин (Астана) на казахском языке

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.

Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман…

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.

Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашанда еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!

Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!