«Әке, тоқташы»: Атырауда мас күйінде көлікті тізгіндеген ер адам отбасымен бірге апатқа ұшырады (видео) — Қазақстан жаңалықтары

0

Атырауда мас күйінде көлікті тізгіндеген ер адам жол апатына ұшырады. Көлікте оның әйелі мен балалары болған. Ол балаларының жалынғанына қарамастан, көлікті одан сайын қатты жылдамдықпен айдап, жеміс-жидек сататын павильонға соғылды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

 


Желіде оқиға кезінде түсіп қалған видео тарап кетті. Онда жүргізушінің әйелі мен балаларының көлікті тоқтатуын сұрағаны байқалады. «Әке, тоқташы!»- деп жалынып, жылады балалары. Алайда ер адам көлікті одан сайын қатты айдап, ақыры апатқа ұшырап тынған. Бастапқыда ол жанындағы көлікпен соқтығысып, артынша жеміс-жидек сататын павильонға соғылды. 

Белгілі болғандай, оқиға кезінде көліктің ішінде 33 жастағы жүргізушінің жұбайы мен екі баласы болған. Қазіргі уақытта балалардың бірі ауруханада жатыр. Әйелі мен тағы бір баласы аман. Алайда олар қатты шошып қалыпты. 

Ер адамның көлікті мас күйінде тізгіндегенін сараптама растады. 

«Полиция қызметкерлері наркологиялық сараптамадан өткізді жүргізушіні. Сол уақытта оның мас екені анықталды. Қазір енді дәрігерлер сараптамасын күтіп отырмыз. Сол сараптама нәтижесінде жол көлік оқиғасына себепші болған азаматты қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады», — дейді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева.

 



stan.kz