Апелляциялық сот АМТ-ның журналиске қарсы шағымын қанағаттандырмады

0

Қарағанды облыстық соты «АрселорМитталТеміртау» (АМТ) компаниясының журналист Олег Гусевтің ісі бойынша түсірген апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартып, Теміртау қалалық сотының шешімін күшінде қалдырды. Істі қараған судьяның айтуынша, сот алқасы АМТ компаниясын бұл іске қатысы жоқ деген ұйғарыммен келіседі және оның іскерлік беделіне нұқсан келмеген деп санайды. Сот АМТ бас директорына журналист Гусевке талабын компания емес, өз атынан жазуға кеңес берген.

Бұған дейін АМТ компаниясы журналист Олег Гусевтің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы компанияның бас директоры Парамжит Калонға тіл тигізіп, абыройына нұқсан келтірді деп сотқа шағымданған.

АМТ өкілі, заңгер Тілек Ибраев сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 2 сәуір 2019 жыл.

АМТ өкілі, заңгер Тілек Ибраев сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 2 сәуір 2019 жыл.

— Сот шешімі негізсіз, жеткілікті зерттелмеген деп санаймыз. Оның күшін жоюды сұраймыз. Сот Гусевтің компанияның атқарушы органын «бандерашы» деген сөзі қалай әсер еткенін есепке алған жоқ, ол сөзді кемсітіп, қорлау деп санаймыз. Ал екінші эпизод — Парамжит Калонды әнші Кончита Вурстпен салыстыруға келсек, ол екеуінің бейнелері ұқсайтындығына дәлелдер келтірмеді. Сол сияқты біз компанияның бұл іске қатысы жоқ деген сот ұйғарымымен келіспейміз, — деді сейсенбіде сотта сөйлеген компания өкілі, заңгер Тілек Ибраев.

Журналист Олег Гусев ешкімді жағымсыз етіп көрсету мақсатын көздемегенін, сот дұрыс шешім қабылдады деп санайтынын айтты.

Журналист Олег Гусев. Қарағанды, 2 сәуір 2019 жыл.

Журналист Олег Гусев. Қарағанды, 2 сәуір 2019 жыл.

— Мен 2010 жылдан бері АМТ компаниясы туралы жазып жүрмін, бірақ бұған дейін маған ешкім ешқандай шағым айтқан емес. Ал Калон бас директор болып келгеннен кейін қысым мен бопсаға тап болдым, жұмысыма кедергілер жасалды. Мен бұрын осы компанияда металлург болып істегем. Назар салыңызшы, компания басқа ештеңе айтпастан бірден іс-әрекетіме тоқтау салғысы келеді, — деді Олег Гусев Азаттық тілшісіне.

Әлеуметтік желідегі пікірлеріне байланысты журналисті сотқа берген «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Гусевтің іс-әрекетіне «тоқтау» салуды және желіде жариялағандарын жоюды міндеттеуді сұраған. Компания журналистің жазбалары «жаманатты» қылып көрсетеді деп санайды.

Компанияның шағымдануына журналист Олег Гусевтің әлеуметтік желіде Парамжит Калонда «бандерашыл» деп атап, тағы бір постында оның суретін австриялық поп-әнші Том Нойвирттің (өнердегі есімі Кончита Вурст — ред.) суретімен салыстыруы себеп болған. АМТ журналистің бұл жариялағандары «компания атқару органының абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірді» деп сотқа жүгінген.

Психология-филологиялық сараптама жүргізген мамандар сотқа жауабында журналистің пікірі теріс баға беру емес, «ирония арқылы сынау», жеке пікірін білдіру деп айтқан. Сарапшылар «бандерашыл» деген сөзге тек саясаттанушы ғана құқықтық баға беру керегін айтып, өздері баға бере алмайтынын жеткізген.

«АрселорМитталТеміртау» — Қарағанды облысындағы көмір шахталары мен Теміртаудағы металлургия комбинатына иелік етеді. АМТ үндістандық бизнесмен Лакшми Митталға тиесілі «АрселорМиттал» трансұлттық металлургия тобының құрамына кіреді.

Azattyq