Тоқаев Назарбаевты «əлемдік тарихтағы аса көрнекті реформатор» деп сипаттады

0

20 наурызда ант беріп, президент атанған Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік «Егемен Қазақстан» және нұротандық «Айқын» газеттеріне сұхбат берді. Сұхбатты басылымдар 2 сәуірде жариялады.

Әлгі сұхбатта Тоқаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін жиі айтады. «Егемен Қазақстан» жариялаған сұхбатта Тоқаевтың жеке суреті жоқ — екі суретің бірінде — Тоқаев пен Назарбаев қол алысып, екіншісінде екеуі жымия әңгімелесіп тұр. «Айқын» газетінің сайтында да Тоқаевтың Назарбаевпен бірге түскен суреттері ғана жарияланған.

Сұхбатта Тоқаев Назарбаев пен оның саясатын мадақтайды. Назарбаевты «қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы ұлы тұлға», «əлемдік тарихтағы аса көрнекті реформатор» деп сипаттап, «тəуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты» дейді.

Тоқаев «Назарбаев тəуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді» деп,өзінің де «президент ретіндегі негізгі ұстанымы мен өмірлік көзқарасы осы бағыттан ауытқымайтынын» айтады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған.

Бұл туралы Тоқаев «Нұрсұлтан Назарбаевтың дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз, шиеленіссіз жүзеге асты» дейді.

Оның сөзінше, осы арқылы Қазақстан «әлемге өркениетті ел екенін, жұрттың саяси мəдениеті жоғары екенін дəлелдеген».

Тоқаев «Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бəрі заң шеңберінде өтті. Жəне мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын жəне ешқандай «екіұдайылыққа» жол бермеймін» дейді.

Президент Қазақстанның «әлемдегі бəсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуы — Назарбаев саясатының жемісі» дейді. Оның сөзінше, шетелдік сарапшылар бұл реформаларды «Қазақстан жолы» немесе «Дамудың қазақстандық үлгісі» деп атайды.

Ол «президент ауысқанда Үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес» деп санайды. Тоқаев сұхбатында «көп балалы аналардың жағдайы — əлеуметтік саланың барометрі» деп бұл бағытқа «бұрыннан басты аударылып келгенін» сөз етеді.

Президент «Көпвекторлы стратегия алдағы уақытта да Қазақстан дипломатиясының басым бағыты болып қала береді» дейді.

Ұлттық қордан алынатын трансферттерді азайту керегін, латын əліпбиіне көшу кезеңкезеңімен жалғаса беретінін сөз етеді.

Қарай отырыңыз: Назарбаев президенттіктен кетті, Тоқаев ант берді. Енді не болмақ?

Azattyq