«Қазір қолымнан ештеңе келмейді»: Алматыда 8 балалы отбасы бір бөлмеде тұрып жатыр — Қазақстан жаңалықтары
Алматыда сегіз балалы отбасы 2005 жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келеді. Бүгінде олар он адам болып жатақханадағы бір бөлмеде тұрып жатыр. Отанасы балаларының қашан өз бөлмесі болатынын сұрап жылайтынын айтады. Алайда қолымнан ештеңе келмейді, дейді ол.
Жанбековтар отбасы жатақханадағы бір бөлмеде 2014 жылдан бері тұрып келеді. Бұл баспананы отанасы Айнұрдың ата-анасы беріп, өздері пәтер жалдап тұратын үлкен ұлының қолына кеткен екен. Бүгінде 10 адам тұрып жатқан бір бөлменің аумағы 9 шаршы метрді құрайды, деп хабарлайды «Замана» басылымына сілтеме жасап Stan.kz.
8 баланың ата-анасы атанған ерлі-зайыптының балаларының алды 13 жаста болса, кішісі – 7 айлық. Өз сөзінде отанасы бой жетіп келе жатқан қыздарының әкесі мен бауырларының көзінше киінуге қымсынатынын айтады. Олар қашан өз бөлмелері болатынын сұрап жылайды екен.
«Осы жалғыз бөлмеміз – әрі асхана, әрі жатын орын, әрі қонақ бөлме. Мұнда тамақ пісіреміз, ұйықтаймыз, тамақтанамыз, балаларым сабақ оқиды. Үйіміз өте тар. Киім ілетін шкафымыз да, көрпе-төсегіміз де, газ плитамыз бен тоңазытқышымыз да, қол жуғышымыз да – бәрі-бәрі осы жерде тұр. Соның ортасында біздер қысылысып ұйықтаймыз. Әжетхана мен жуынатын бөлме сыртта бөлек болғанымен, барлық тұрғындар үшін ортақ қолданыста.
Балаларыма да қиын. Үлкендерім үй тапсырмасын орындағанда кішкентайларымыз оларға кедергісін келтіріп жатады. Сол кезде кішкентайларымды әкелеріне қосып, далаға серуендеп келуге жіберемін.
Қыздарым ес біліп қалды ғой, киім ауыстырғанда әкесінен, бауырларынан қатты қысылады. «Мама, біздің қашан өз бөлмеміз болады?» – деп жылайды. Менің қолымнан қазір ештеңе келмейді», – дейді Айнұр.
2013 жылдан бері баспана кезегінде тұрған отбасының алдында әлі 2018 адам бар екен. Айұрдың өзі асханада жұмыс істеп, 45 мың теңге жалақы алады. Ал жүгері шығаратын зауытта жүк тасушы болып жұмыс істейтін күйеуінің жалақысы – 50 мың теңге. Сондай-ақ, отбасы мемлекеттен 16 мың теңге жәрдемақы алады. Алайда көпбалалы жанұяның табысы несиеден артылмайды. Олар несиесін жабу үшін ай сайын 80 мың теңге төлеп отыр. Бір ғана Айнұрдың басында 500 мың теңге берешегі бар екен.
«Осыдан құтылсам, несиеге жоламаспын деп қоямын. Жолдасым осыған дейін алты айдай жұмыссыз қалды. 40 мың теңге коммуналдық қызметке қарызымыз тағы бар», – дейді көпбалалы ана.
Айнұр кенжесі қырқынан шыға салып жұмыс істеуге мәжбүр болған. Оның балаларына 60 жастағы әкесі қарайды екен.
«Сол кісі болмағанда мен жұмысқа шыға алмас едім. Аптаның бес күнінде әкем таңертең ертемен үйге келеді, қас қарая қайтады. Ал анам жұмыс істейтін болғандықтан қолы босамайды. Өзім таңғы 7.30-да үйден шығып, кешке 18.00-ден өте ораламын. 7 айлық бөпем күндіз «смесь» ішеді, кешке келіп еміземін. Соның бәрін әкем өзі жасайды, баланың тамағын береді, жөргегін ауыстырады. 8 балаға қарап қуықтай жерде отыру кімге оңай дейсіз? Шаршайды. Денсаулығына аса шағым айтпайды. Тек кейде «көзім кішкене нашар көріп тұр» дейді. Әкеме көзілдірік алып беруге де шамам келмейді.
Кішкентайым қырқынан шыға сала жұмысқа шығып кетуге мәжбүр болдым, себебі несиені төлеу керек. Несие төлейтін уақыт та жақын қалды», – дейді отанасы.
Біздің мәселеміз баспана мен несие ғой деген Айнұр үйдегі тоңазытқыштың бос тұрғанын жасырмайды. Олар ас-суды дүкеннен қарызға алатын көрінеді. Солай өмір өтіп жатыр, дейді ол.
«Басқа не айтайын енді? Мен өтірік айтпаймын. Өтірік сөйлегенді жаным сүймейді. Балаларым да өсіп келе жатыр. Біздің басты мәселеміз – баспана мен несие ғой. Сол жағынан көмек болса екен дейміз. Жәрдем етіп, сол мәселемізді шешіп беретін жандар болса, өмір бойы тілеуін тілеп өтер едім», – дейді көпбалалы ана.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz