Пара алды деп сотталған Қостанайдың бұрынғы әкімі шартты жазамен босап шықты
2016 жылы коррупция айыбымен 13 жылға сотталып, 2017 жылы жаза мерзімі 5 жылға дейін қысқарған Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов шартты жазамен босап шықты. Оның апелляциялық шағымын облыстық сот 1 сәуірде қараған. Бұл туралы inform.kz жазды.
Экс-әкімді шартты жазамен босату туралы шешімді Қостанай облыстық сот алқасы қабылдаған.
Басылымның жазуынша, судья «[әкімді] шартты жазамен босатпауға негіз жоқ» деген. Ахметжанов қалған жаза мерзімін пробациялық бақылауда өткізеді. Агенттік бұрынғы әкімнің бүгін, 2 сәуірде босап шығатынын жазған.
Ахметжанов 2015 жылы 8 қыркүйекте қызмет өкілетін теріс пайдаланып, пара алды деген күдікпен ұсталған. Ахмедбеков ұсталғанда тергеу оны «84 миллион теңге пара алды» деп айыптаған.
2016 жылы сәуірде Қостанай соты Ахметжановты «пара алды, қызметін теріс мақсатта пайдаланды, заңды кәсіпкерлікке кедергі жасады және пара алуға оқталды» деп айыптап, 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Сот бұрынғы әкімге жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруге үкім еткен.
2017 жылдың 20 маусымында Жоғарғы сот Ахметжановқа тағайындалған жазаны өзгертіп, оған 5 жыл 8 ай түрме жазасын кесті.
Ахметжановпен бірге үш азамат сотталды. Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиев пара алу, беру ісінде делдалдық жасады деп айыпталып — төрт жылға, кәсіпкер Леонид Васильев алаяқтық жасады және пара беруге арандатты, пара беруде делдалдық жасады, қызмет өкілетін теріс мақсатта пайдалануға итермеледі, пара берді деп айыпталып 14 жылға сотталған.
«Стройметсервис-2007» фирмасының директоры Сергей Биктибаев та алаяқтық жасады және пара беруге арандатты, қызмет өкілетін теріс мақсатта пайдаланды, салық төлеуден жалтарды деп айыпталып, 11 жылға сотталған.