Малайзияда Ким Чен Намның өліміне айыпты адамға үкім шықты

0

Малайзия соты Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның бауыры Ким Чен Намның өліміне байланысты айыпталған Вьетнам азаматы Доан Тхи Хуонгты үш жыл төрт айға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Бұған дейін Малайзия прокуратурасы Доан Тхи Хуонгке әу баста тағылған «қасақана адам өлтіру» айыбын «қауіпті қаруды қолданып денсаулыққа зақым келтіру» деген басқа бапқа ауыстырған. Доан Тхи Хуонгтың үкім шыққанға дейін қамауда отырған уақыты есепке алынатындықтан ол мамырдың басында түрмеден шығуы мүмкін деп хабарланды. Және де Малайзия билігі түрмеде отырғандарды мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығаруды жиі қолданады, сондықтан Хуонг оны да пайдалануы мүмкін деп хабарлады адвокаты.

Бұған дейін наурызда Малайзия соты Ким Чен Намның өліміне байланысты айыпталған екінші адам — Индонезия азаматы Сити Айсианы түрмеден босатып, оған тағылған айыпты алып тастаған.

2017 жылы 14 ақпанда Куала-Лумпур әуежайында бетіне аса улы зат жағылған орамалды лақтырғаннан кейін Ким Чен Нам көп ұзамай жан тәсілім етті. Малайзия полициясы бұл қылмысқа күдікті ретінде Вьетнам азаматы Доан Тхи Хуонг пен индонезиялық Сити Айсианы ұстады. Адвокаттар ұсталған екеу әлдебір шоуға қатысып жүрміз деген оймен алданып қалған деп мәлімдеді.

Ким Чен Нам – Солтүстік Кореяның бұрынғы лидері Ким Чен Ирдің үлкен ұлы. Өмірінің соңғы жылдары негізінен шетелде тұрған ол Пхеньян билігін сынап жүрді. Оңтүстік Корея билігінің дерегінше, бұл қылмысқа Солтүстік Корея арнайы қызметінің қатысы болуы ықтимал. АҚШ та Ким Чен Ынның қазасына Пхеньянды айыптап, Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкция салды.

Azattyq