Қазақстанда туризмді дамытуға бөлінген 73 миллион теңге «Қазақстан аруы-2019» байқауын өткізуге жұмсалған — Қазақстан жаңалықтары
Еліміздегі туризмді дамытуға бөлінген қаражат «Қазақстан аруы-2019» байқауын өткізуге жұмсалған. Онда да бақандай 73 миллион теңгеден астам қаржы конкурсқа қатысатын аруларды іріктеп алуға ғана кеткен. Мұндай қызық дерек қазына қаржысының қалай жұмсалып жатқаны бақылайтын Есеп комитетінің отырысында айтылды.
Осылайша, халықтың салығынан түскен қаржыны құзырлы орган өкілдері өзімбілермендікке салып, мақсатсыз жұмсапты. Дегенмен, олар кеткен қаржыны қазақтың сұлу қыздарын көру үшін келетін қытайлық және үндістандық туристердің есебінен қайтарып аламыз деп ақталған, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».
Биыл өтетін осы байқаудың тек іріктеу кезеңіне ғана қазынадан 73 миллион 200 мың теңге қаржы жұмсалып отыр. Бұл тек бастапқы шығын. Ары қарай тағы қанша қаражат қажет екенін дөп басып айту қиын, әзірге. Ал, жоспар бойынша бұл ақша елімізге туристер тарту мақсатында ұйымдастырылатын 5 инвестициялық форум мен осынша меморандум бекітуге кетуі тиіс болған.
«Бұл Туризм индустриясы комитетінің қаражатты дұрыс жоспарламауынан туындап отырған мәселе. Елдің туристік әлеуетін арттыру үшін шетелдік және отандық инвесторлар, барлығы 250 адам қатысуы тиіс форумдар өтпеген. Оның орнына туризмге түк қатысы жоқ «Қазақстан аруы » байқауының іріктеуін ұйымдастырылған», — дейді республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Бақыт Жақан.
Ал мәдениет және спорт вице-министрі сұлулық байқауының туризмге тікелей қатысы бар дейді. Тіпті, шетелдік азаматтар «қазақтың хас сұлуларын көріп, таңдай қаққанында тұрған не бар?» — деп жауап берді.
«Біз туристік бизнесті зерттей келе, бұл байқаудың осы салаға тікелей қатысы бар екенін анықтадық. Осылайша, бүгінде қытайлық және үнділік туристер осы байқауды асыға күтетіне көз жеткіздік. Себебі, олардың көбісі осы арулар сайысын ғаламтор және теледидар арқылы тамашалайды екен. Келіп көргісі келетіндері де көп. Өткен жылы өткен «Қазақстан аруында» Қытай мен Үндістаннан 400 адам келген. Қазақ қыздарының сұлулығымен шетелдіктердің тамсануын дұрыс деп есептеймін», — дейді ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов.
Ал қоғам белсенділері бұндай сайыстар қазақ қоғамына қонымсыз дүние екенін айтады. Тіпті, бұған мемлекет тарапынан қаржы жұмсалуының өзі дұрыс емес дейді.
«Бірден-бір негізгі ең бір оңтайлы жолы бұл «Қазақстан аруы» байқауын өткізу емес. Оған келетін туристердің де саны аса көп болады деп сенуге болмайды. Жәй бір сондай жеңіл ойлы адамдар қызықтауы мүмкін. Ол бүкіл әлемнің қанша пайызы екенін қазір айту қиын. Дегенмен көп адам оны қызық көрмейді», — дейді қоғам белсендісі Қуандық Шамақайұлы.
Ал қоғам қайраткерлері осындай мәдени шараларға инвесторларды жұмылдыру қажеттігін айтады. Мемлекеттік қордан қаржы шығындалмауы тиіс. Сонымен қатар, ұлтымыздың ұлықтылығы мен тәлім-тәрбиесін насихаттау үшін «Қазақстан аруы» байқауының форматын өзгерткен жөн дейді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz