Нұр-Сұлтан әкімшілік соты алдына ондаған белсенді журналист Глушкованы қолдап келді

0

Астана қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында Азаттықтың бірлескен жобасы – «Настоящее время» арнасының журналисі, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің ұрып-соғу бабы бойынша (73-2) айыпталған Светлана Глушкованың сотына ондаған белсенді қолдап келді.

Сот ғимаратының алдында олар «Светланаға бостандық!», «Светланадан қолыңды тарт!» деп айқайлады.

Тікелей эфир:

​Сот отырысы 11.00-де басталуы керек еді. Алайда, Глушкованың адвокаты Бауыржан Азановтың айтуынша, полицияның сотқа іс материалдарын өткізбеуінен кешігіп жатыр.

31 наурыз күні Нұр-Сұлтандағы әуежайда ұсталған кезінде полиция қызметкерлері Светлана Глушкованың 22 наурыз күнгі оқиға кезінде «ұрды» деп шағынған адамның арызы бойынша әкімшілік сотқа тартылатынын айтқан. Глушкованы әуежайда төрт сағат ұстаған соң полиция оған 1 сәуірде сотқа шақырту берген.

Азанов журналистің құқығы бұзылғанын айтады.

— Полиция [істі жүргізуге] қатты асықты. Арыз-өтініштеріміздің ешбірін қабылдамады. Полиция инспекторы Глушкованың бірнеше құқығын бұзды. Іске жауапты полицияның бастығы бізге кедергі келтірді, — дейді ол.

Светлана Глушкованың өзі бұл істі «билік тапсырысы» деп санайды.

— Жұмыс істемеуім үшін осының бәрін Астана полициясы ойлап тапты. Маған сотқа шақыртуды учаскелік полиция берді. Оны сот жіберуі керек еді. Бұл – шоу. 22 наурыздағы митингіден хабар таратуға келгенде әлдекімді ұрған не итеріп жіберген екем. Жәбірленушіні қараған сот медициналық сараптамасы ештеңе анықтаған жоқ. Іс жәбірленуші сөзінің негізінде ғана қозғалды, — деді Глушкова.

«Настоящее время» (Азаттық пен «Америка дауысы» радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкованы мұның алдында да полиция қамап, соңынан босатқан. Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен «Настоящее время» тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, Светлана Глушкованы полицейлер қамаған.

Azattyq