Трамп Сальвадор, Гондурас пен Гватемалаға берілетін көмекті тоқтатпақ
АҚШ президентінің әкімшілігі Орталық Американың үш еліне – Сальвадор, Гондурас, Гватемалаға көмек беруді тоқтатпақ. АҚШ президенті Дональд Трамп «Мексика шекарасынан өтіп, АҚШ-тан босқын мәртебесін сұрауға келе жатқан мигранттар көшін тоқтатуға бұл елдердің үкіметі мүлде күш салып жатқан жоқ» деп айыптайды.
Соңғы күндері осы елдерден босқын мәртебесін сұрап келетіндер саны өскен. Трамп «әлгі елдер жағдайға қатысты шұғыл шара қабылдамаса, Мексикамен шекараны мүлде жауып тастаймын» деді.
Мемлекеттік департамент Трамптан үш елге көмек беруді тоқтату туралы нұсқау келгенін растады. Бірақ бұл үшін конгрестің рұқсаты керек.
Сальвадор, Гондурас пен Гватемалаға берілетін көмектің жалпы сомасы – 700 миллион доллар.
Заңсыз миграциямен күрес, АҚШ-тың оңтүстік шекарасында дуал тұрғызу – Трамптың сайлауалды кампаниясы кезінде берген уәделері. Конгресс президенттің бұл бастамаларын қаржыландырудан бас тартқан. Мұнан соң Трамп Мексикамен шекарада төтенше жағдай жариялап, қаржыны Пентагон мен басқа да ведомстволардан алды.
Орталық Америка елдерінің тұрғындары АҚШ-қа миграциялық саясаттың қатаңдағанына қарамастан, елдеріндегі кедейліктен амалсыз қашып келе жатқандарын айтады.