Киевте 1 жасар қызды құтқарған шымкенттік жігіт тағы бір бойжеткенді аман алып қалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Киевтегі әуежайда кішкентай қыздың өмірін құтқарып қалған шымкенттік Алексей Кудиенконың жұбайы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Белгілі болғандай ол тағы бір қызды аман алып қалған, деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Киевте 1 жасар сәбиді құтқарған шымкенттік жігіт тағы бір қызды аман алып қалды

Еске сала кетсек, шымкенттік жігіт Киевтегі әуежайда қақалып, тұншығып қалған кішкентай қызға көмекке келіп, аман алып қалған еді. Ол Ұлттық ұланның әскери қызметкері болып шықты.

Алексей Кудиенконың жұбайының сөзінше, олар Доминика Республикасынан демалып келе жатқан.

«Бізбен бірге 1 жас 4 айлық Злата есімді қыз ата-анасымен бірге бара жатты. Қайтар жолда Киевтегі әуежайда тамақтанбақ болдық. Кішкентай қыз бен ата-анасы көршілес үстелде отырды. Мұнан кейін ол анасымен ойнап отырып, бір кезде көрінбей кетті. Кенеттен анасы қызын қолына алып, көмек сұрап айқайлай бастады», — дейді әйел.

Мұнан кейін кішкентай қыздың әкесі келіпті. Артынша әуежайдағылардың бәрі сол жаққа қарай жүгірген.

«Оның қарашығы кетіп бара жатты. Көгере бастады. Жасанды тыныс алдырып, етпетінен ұстады. Ештеңе көмектеспеді»,- дейді ол.

Осы кезде ол өзінің күйеуін көмекке шақырған. Бұл уақытта кішкентай қыз қалшылдай бастапты. Алексей қызды қолына алып, аузын ашып, саусағымен әлденені итеріп жіберген. Мұның бәрі шұғыл түрде жасалған екен. 

«Күйеуім ол әрекеттерді қалай жасағанын өзі ұқпай қалды. «Жай ғана әлденені итеріп жібердім», — деді. Мұнан кейін қыз тыныс ала бастады. Дәрігерлер келіп, қызды жансақтау бөліміне алып кетті. Бәріміз ол үшін алаңдай бастадық.Оның жағдайы туралы сұрастырып тұрдық. Артынша қызды қалалық ауруханаға алып кетті», — дейді Вера. 

Анасының сөзінше, қызының тамағына әлдененің ілгегі тұрып қалған. Отбасы Алматы қаласынан екен. 

«Олар бізбен бірге Алматыға ұшпақ болды. Мұнан кейін олар Алексейге қоңырау шалып, қыздың аман-есен екенін айтып, алғыс білдірді», — дейді Алексейдің жұбайы. 

Ұшақта Алексей Кудиенко тағы бір бойжектенге көмектескен екен. Бұл туралы ұшақтағы жолаушылардың бірі айтып берді. 

«Ұшу ұзаққа созылды. 12 сағат ұштық. Бір кезде бойжеткен талып қалды. Борт қызметкерлері ұшақта дәрігердің бар-жоғын сұрады. Алайда дәрігер жоқ екен. Адамдар көмектесе бастады. Ешкім ештеңе істей аламды. Осы кезде Алексей келіп, қыздың есін жиюына көмектесті», — дейді жолаушылардың бірі. 

Алексей Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 6506 РгК әскери бөлімінде техник маман болып қызмет етеді. Үйленген, екі баласы бар. Ұлттық ұланда 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді. 

Жақын уақытта жоғары қолбасшылық Алексейді марапаттайды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz