Министрлік апаттан кейінгі «Қаламқастағы» экология ахуалы туралы айтты
Маңғыстау облысы «Қаламқас» кенішінде бірнеше күнге созылған өрттен кейін ондағы ауа, топырақ және су құрамын зерттеген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мамандарының зерттеу қорытындысы жарияланды. Бұл ақпарат Қазақстан энергетика министрлігінің сенбі, 30 наурызда жарияланған хабарламасында айтылады.
«Атмосфералық ауаны зертханалық талдау нәтижелері бойынша апат орнында № 8237 ұңғыма ауданында келесі заттардың концентрациялары анықталды: көміртек оксиді — 5 ПДК (шекті рұқсат етілетін концентрация), күйе — 5 ПДК, метан — 50 ПДК, бұл апат нәтижесінде газдың бөлінуі және оның жануымен байланысты» делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, бұған қоса кеніштің санитарлық-қорғау аймағының шекарасы да зерттелген.
«Зертханалық талдаудың деректері бойынша атмосфералық ауада ластаушы заттардың артуы мен жоғары концентрациясы анықталған жоқ» делінген хабарламада.
Апат орнындағы ілеспе судың (мұнаймен бірге шыққан су) құрамын зерттеген топ «ілеспе судың талдау нәтижелері сульфат тұзы, хлорид, азот тобы және мұнай өнімдерінің жоғары мөлшерін көрсетті» деген қорытындыға келген.
Министрліктің дерегінше, кеніш маңайына мұнай төгілмеген. «[Апат болған] ұңғымадан Каспий теңізінің қорғау бөгетіне дейінгі қашықтық 4,5 шақырымды құрайды, теңізге ілеспе судың түсуі мүмкін емес» деп жазған.
«2019 жылдың наурыз айында Каспий теңізі суының сапасына мониторинг жүргізу нәтижесі бойынша Бозащы түбегі ауданында рұқсат етілген мөлшерден артық ластаушы заттар табылған жоқ. Теңіз суының сынамаларын талдау 29 көрсеткіш бойынша жүргізілді. Оның арасында басты иондар, биогенді, органикалық заттар және ауыр металдар да бар. Қазіргі кезде қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері белгіленіп, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның мердігеріне «СиБу «Инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС-не тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады» делінген хабарламада.
25 наурызда Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кенішіндегі ұңғымалардың бірінен өрт шығып, бірнеше күн бойы өрт сөндірушілер сөндіре алмаған. 26 наурызда мамандар өрт ошағына жол жоқ болғандықтан сөндіре алмай жатқанын хабарлаған. Тек 28 наурызда өрт сөнгені хабарланды.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары «Қаламқас» кенішіндегі өрт туралы видео таратып, кеніш маңындағы аумақтың экологиялық жағдайына алаңдаған.
Жергілікті Lada.kz сайты таратқан »Қаламқастағы өрт» делінген видео (25.03.2019).
«Қаламқас» кенішін барлаумен — «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы, бұрғылаумен «Si Bu» инженерлік бұрғылау компаниясы айналысады.