Есектің даусы адам денсаулығына зиян. Мұны Құранда қалай дәлелдеген?

0

Құран Кәрім – көптеген мұғжизаларға бай кітап. Оған соңғы жылдардағы ғылыми жетістіктер мен жаңалықтар толық дәлел. Сондай-ақ, бұдан кейін де Құран Кәрімнің әрбір сөйлемі, әрбір сөзі, тіпті әрбір әрібі сан-салалы зерттеулерге арқау, том-томдаған еңбектерге жүк болары анық.

Сонымен біз бүгін Құрандағы «дауысқа» қатысты ғылыми мұғжизаға тоқталмақпыз. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Аяғыңды аңдап басып, даусыңды бәсеңдет. Шынында дауыстардың ең жаманы – есектің дауысы», (Лұқман сүресі 19-аят). Алла Тағала бұл аятта адам баласын жүрісте байыпты да салмақты болуға әрі дауыс көтеріп сөйлемеуге шақыруда. Сондай-ақ, ешбір себепсіз дауыс көтеріп, бей-берекет айқайға басатын адамдардың дауысын есектің дауысына теңеуде. Яғни, Алла Тағала дауыстардың ең жаманы ретінде есектің ақырғанын мысалға келтіріп тұр.

Сонымен қатар, Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Әтештің дауысын естігенде, Алладан мейірім тілеңдер. Себебі ол періштені көреді. Ал есектің ақырғанын естісеңдер, Алладан пана сұраңдар, өйткені есек шайтанды көреді».

Енді мынаған назар аударайық, бүгінгі таңда білікті ғалымдар әр түрлі толқындағы дыбыстардың адам ағзасына тигізер әсерін зерттеп шықты. Яғни, олар адам құлағының қандай жиліктегі дауысқа қанша уақыт шыдай алатындығын анықтаған. Мәселен:

* Дауыс жиілігі 45 децибелге жетсе, мұндай дауыста адам ұйықтай алмайды.

* 85 децибелге жетсе, құлаққа қатты салмақ түседі.

* 90 децибелге жетсе, бұл дауыстың алдында 8 сағаттан артық тұруға болмайды.

* 100 децибелге көтерілсе, оған 2 сағат қана шыдауға болады.

* 110 децибелге жетсе, адамның құлағы жарты-ақ сағатқа шыдай алмақ.

* Жиілік 160 децибелге жететін болса, адамның құлағы бұл дауысқа шыдай алмай, керең болып қалуы да мүмкін.

Ал есектің даусы 100 децибелден артық. Сондықтан да адам құлағына есектің даусы ауыр келеді. Тіпті оны есту – құлаққа зиян. Сонымен сіз күткен Құранның «ДАУЫС» мұғжизасы осы жерде айқындалады.

Яғни есек даусының адам құлағына кері әсері мен зияны жақында ғана ғылыми акустика саласында нақты дәлелденді. Ал бұл мәселе осындан 15 ғасыр алдын Құран Кәрімде келген. Сондықтан да дауыс көтеріп сөйлеу – әдепсіздік қана емес, адам баласының денсаулығына зиянды болған жаман әдет. Ал орташа деңгейде, байыпты сөйлеу – көркем мінез-құлықтың жарқын үлгісі.

Бұл сипаттар туралы Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.у.) былай деген: «(Мұхаммед ғ.с.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине, олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәукел ет. Негізінен Алла тәуекелшілерді жақсы көреді» (Әл-Имран сүресі, 159-аят).

Иә, жоғарыда келген аятта адам баласын көркем мінезді болуға шақырумен қатар, дауыстың акустикалық ғылыми негіздеріне ишара жасалғанын көрдік. Ендеше, біз мынаған анық сенім білдіреміз: жылдар өтіп, заман озған сайын Құран ақиқаты ғылыми негізде қуатталып, Оның Алла тарапынан түскен илаһи кітап екеніне адамзаттың көзі жете түспек. Өйткені, Алла – Ғалим, барлық нәрсені білуші.