Мұхтар Әуезов Қиял-ғажайып ертегілері
Бұл тектес ертегілер қазақ ертегілерінің ең көбі емес. Бірақ баяғы заманнан келе жатқан көнесі, ең кәрісі. Сол көнелік себебінен, көп дәуірді кешіп өткендіктен, аса көп өзгеріс көрген ертегілер де осылар. Өзгерістері әр алуан. Ең әуелі, ерте күндегі қалпын бұзып, қоспалар жамағаны көп. Өзі тектес өзге ертегілермен қосылып, араласып, өзгергені көп.
Өзіне ұқсаған қиял ертегілеріне жеке-жеке мотивтері бытырап, үзінді боп шашылып кіріп, неше алуан қатар ертегілердің ұқсас түрлерін туғызғаны көп.
Қиял-ғажайып ертегілердің екі түрлі айқын саласы бар. Біреуі қазақ ескілігінен келе жатқан, өз тумасы. Екінші түрі, неше алуан жолдармен, әлденеше елдерді аралап жеткен келгін ертегілер. Соңғы саланың ішінде ескі үнді, ескі парсы, араб елдерінен келген ертектер бар. Осы елдер арқылы ескі грек, рим, африка (мысыр) халықтарының ертегілері де қыдыра келіп тарай жүрген. Орта теңіз атырабында боп шығыс халықтарымен ерте қатынас жасаған басқа талай елдің де ертектері ұшқындап келген. Әсіресе ерте күннен бергі қатынасы көп, бергі ғасырларда өзге елдердің бәрінен де қазақ халқына төтелей қатынасы, араласы көп болған орыс ертектері де көп.
Бұлардан басқа қазақ тарихымен ерте күннен бері үздіксіз ұзақ қатынасы болған монғол халықтарының және Алтай, Саян, Байқал атырабында, Сібір терістігінде болған моңғол-түрік тектес елдер ертегілерінің де ауысқаны көп. Діндер арнасымен келіп қосылған, сол діндердің дүние тануынан, діндік үгіт нанымынан, тәрбие-тәлімінен туған талай үлкенді-кішілі ертектер де болған. Кейін қазақ елдігін құраған ескі рулар бұрын талай діннің ықпалын көрген. Өзі тұтынбаса да, белгілі дінді ұстанған елдермен араласып, жұғын алып, заманының наным-нақылын, дән-дерегін жия жүрген, ұға жүріп әңгіме еткен. Осы ретте Үнді, қытай ауқымында туып өскен буддизм, моңғол тибеттен шыққан шаманизм, ескі ираннан шыққан зәрдушт діні болып, бәрі де ескі қазақ руларына өз кезінде дінмен байланысты көп-көп келгін ертегілер әкеліп отырған. Дүниенің жаралыс сыры, адам туысы, қас ие, дос иелер тұлғасы, әрекеті жөнінде неше алуан бұлдыр долбар, сырлы қиял, ғажайып ұғым нанымдар жасап алып, соны дін іргесі еткен. Және осы жағдайлардың бәрі де ертегі, аңыз әңгіме түрінде туып тараған. Ол ертегіге, заманының білімі де, ұғым нанымы да түгел жыйылған. Сол күндегі адамның шама шарқына қарай құралған өзінше даналық қазынасы солар. Атаның балаға білдіре сіңіретін үгіт-тәлімі де солар болған.
Міне, осымен бертінде қазақ халқы айтып таратып жүрген қиял-ғажайып ертегілердің ішінде жаңағы аталған талай елдер ертегілерінің оқиғасы, әңгіме үлгісі, ертегілік өзгеше жан иелері, заттары жүргенін көреміз. Мұндай ертегілер жалғыз қазақта емес, сол жаңағы елдердің бәрінде я бұрын болғанын, я қазірде де барын көреміз. Сөйтіп қиял-ғажайып ертегілерінің қазақтағы бір мол саласын халықаралық ертектер дейміз. Әрине бұны айтумен қатар кіріспеде айтылған негізгі бір мәселені ұмытпау керек. Ертегінің мотиві, әңгіме желісі келгін болғанмен оны өз тілінде айтуда қазақ халқының өз жанынан қосқан шығармалық еңбегі көп. Осыны ескеру шарт. Сондықтан ол топтарды халықаралық ертегінің қазақша қайталамасы деп айырып, ажыратып ұғыну керек. Бұлардың халықаралық бұрынғы келісіне қазақтың өз тума ертегісінен кіріп араласып кеткен әсер жұғын да болады. Осы ертектердің кейбір әңгімелік мотиві, кейбір геройлары, әр сырлы ертегілік ғажайып заттары да қазақ халқының өз ертегісі деген тума ертектерге кіріп әсер еткені болады. Келгін ертектердің көбінше таза түрін бөліп шығару қиын. Қазақ ертегісімен айқыш-ұйқыш араласы боп жаңадан біте қайнасып, аралық түрлер тапқанын есте тұту керек.
Ал қазақ халқының өз ескілігінен туған көне тумасы дейтін ертектерге келсек оның өзге халықтар ертектерінен бөлек ерекшеліктерін тауып танып, аршып көру шарт болар еді. Бірақ бүгінгідей әлі қазақ ертегісінің өзі түгел жыйылып, жіктеліп болмаған сатыда ол жайды түгел қамтып, толық шешу қиын. Әзірше анық ескі ертектердің жалпы бейнелерін ғана мөлшермен айтуға болады. Кейін толықтырылады, анықтала түседі, екшеліп жіктеліп жетіледі деген сеніммен ең алғашқы долбар ретінде айтылады.
Осындай ескертулермен қиял ертегісінің ішіндегі қазақ халқы айтқан көне түрлерін атасақ – ең ескілері аңшы мергендер жайындағы ғажайып хал ертектері болу керек. Мерген болғанда берідегі шындыққа жақын салт ертегісіндегі мерген емес. Өзгеше қиял дүниесінің ішінде әрекет ететін мергендер. Бұл «Еділ Жайық», «Құла мерген», «Жерден шыққан Желім батыр», «Аламан мен Жоламан» сияқты ертектер.
Мергендер жайындағы ертегілермен ілес қаралас ер батырлар жайындағы ертегілер жүреді. Осы мерген мен ертегі ерлерінің жайындағы қиял ертектері бір қазақ емес, сонымен туыстас және моңғол ертектерінің де ескісі болуға тиіс.
Қазір жиылып жарияланған моңғол, бурят, якут, ойрат, қырғыз, қазақ ертегілерінің бәрі де осы жайды аңғартады.
Әрине ертегідегі ер батырларды осы елдердің эпостарындағы геройлық дастан, жырлардың батырларынан басқа деп ұғыну керек. Әсіресе қазақта солай. Өйткені қазақтағы батыр жырларында кездесетін ер батырлардың бәрі де бертінірек туады. Беріде қыпшақ моңғол, ноғайлы-қыпшақ замандарынан пайда болады. Ал, қиял ертегілерінде атап отырған мерген, ер, батырларымыз тарихтан бұрынғы алыс заман тумалары.
Оның айқын белгісі сол қиял ертегілеріне араласатын, қиял тудырған неше алуан жан иелерінен (персонаждардан) көрінеді.
Қазақ айтатын қиял ертегісінде адамзаттан мерген араласса, немесе ғажайып жар «ай десе – аузы, күн десе – көзі бар» күн астында Күнікей сұлу, не алтын шашты қыз араласса, солармен қатар жалмауыз кемпір, қазық аяқ, қарға тұмсық кемпір, жезтырнақ, жалғыз көзді жалмауыз, жеті басты жалмауыз және неше алуан алып араласады. Қиял тудырған жануар затынан – айдаһар, жеті басты жылан, қара құлақ, алып қара құс, тұлпар ат, басы алтын арты күміс киік сияқты заттар араласады.
Бұлардың бір тобы ертегінің еріне дос болып, бір тобы ұдайы қас күш есебінде әрекет етеді. Жалғыз көзді жалмауыз, жалмауыз кемпір, жеті басты жалмауыз, мыстан кемпір, айдаһар, қара құлақ, жезтырнақ сияқтылар үнемі айнымас жаулар. Алып қара құс, тұлпар ат және неше алуан: тоқпақ, кездік, қазан, қырық құлаш семсер сияқты заттар – ердің көмегіне, керегіне әрекет етеді. Осылай екі жақ боп бөлінген ғажайып жан иелерімен зат бұйымдар арасында кейде дос, кейде қас боп кездесетін бір алуан қиял персонаждар бар. Олар алыптар, тау соғар, көл жұтар, көреген, жел аяқ, саққұлақ сияқты бір топ персонаж және осылардай екі ұдай әрекет атқара жүретін жылан патшасы, басы алтын киік, жады кемпір, жұмбақ жар сияқтылар болады.
Қиял ертегісінің тарихтан бұрынғы замандарынан келе жатқан қазақ ертегісінде айқын көрінетін бір тобы дүниенің өзін біреу емес, бірнешеу қып айтатындары.
Жоғарыда аталған мергендер мен ерлер жайындағы анық ескі ертектердің көбінде, ертегі геройы кезетін дүние жердің үсті ғана емес. Батыс халықтарының ертегілерінде кездеспейтін тың дүниелер бар. Ол жердің асты. Кейде жеті қабат жер асты. Кейде алып қара құс алып кететін аспан үсті. Ол арадан жер тоқымдай, немесе жер теңгедей боп көрінеді. Кейде күн астында күн сұлу, ай астында ай сұлулардың адамзат баспас, бармас мекені болып келеді, кейде, бұл мекендер от дариясының ар жағы, немесе барса келмес сиқыр арал боп кетеді. Болмаса адамзатқа жұмбақ жай жалмауыз мекені, немесе су асты болады. Сол дүниелерден барып шығатын мерген мен ер не ажалына, не бағына жетеді.
Осы алуандас ертегілердің бәрінде адам қандай, адамды қоршап тұрған дүние қандай? Ол дүниенің жаратылыс сыры туралы сол күндегі адамның ең алғашқы ұғым нанымы, түсінік қиялы қандай? Қандайлық мифтік түсініктер жасап еді, бұлдыр менен болмыс, барлық арасында сол күннің шамасына қарай білім наным етіп ұстанғаны немене еді? Адам жаратылысы мен қуатының өзі қандай жұмбақ еді, және сол адамның күшіне сену, нану қаншалық дәрежеде биік, берік еді? Осының бәрін халықтың ой қиялы тудырған ғажайып ертегілер неше алуан түрде өзінше шешіп, ашып береді.
Сондағы айқын көрінетін бір ерекшелік – адам қуатына өзгеше сену бар, мол, жарқын сенім бар. Ертегі ішіндегі күшті менен тістіге, кәрлі менен зәрліге, сиқыр тылсым жат бауыр, тау ортаға адамзат баласы басып көрмеген бытқыл қиынға кім барады? Жапа-жалғыз және көптің бірі жұпыны ғана адам барады. Оның күші өзгеше ерекшелігінде емес, тек қана ақылы мен тәуекелінде, өз өзіне сенуінде. Осы адам мерген бе, ер ме бәрі бір өзі және халық адамы болады. Адамзат өкілі болумен бірге халықтың нағыз өзінің жуан ортасынан шыққан жан. Ол не әлсіз бала жігіт, не кедейдің жалғызы, жалқысы, не әділетсіз зорлық сұмдықтан қаза шеккен, саза тартқан көп момын айыпсыздың бірі. Не әділ, адал еңбекпен күнін кешкен бейнетқор мерген, ер боп келеді. Ертегіде міне, осы адамның аты жақсылық, осының жолы жақсы адамзат жолы боп шығады. Бұған достық еткеннің бәрінің жиын аты да жақсылық, қосымша жақсылықтар. Ал бұған қарсы әрекет етуші күштің бәрінің жиын аты жаманшылық. Ол да көп пішінді, көп мүсінді. Жақсылықтың айқын жарқын бейнесі жанды мүсін боп қаншалық бадырайып тұрса, мына жаманшылық қастық та соншалық жанды жыртқыш жүзімен балғын батпан боп жиынды бейне, үйінді жауыздық боп тұрады. Ертегі, әсіресе, қиял ертегісі осы тақырып, осы идеяны ғана баян етеді. Баян етуімен тыңдаушысын тәрбиелейді, баулыйды. Қас дүниені алғанда тек адам мен адамнан тыс дүниені ғана қарсы қоймайды. Қиял-ғажайып ертегі тілімен, қазақ ертегісі кейде адамға қас дүниенің ішінде сол адамның өзінен шығып өзіне қастан болған ерен жауыздық қалпында көрсетеді. Қиял ертегісінің үлгі өнегесі бойынша бұл сияқты қауымға қастан қара күшті де батпыйтып жиренішті өрескел етіп, ірі бейнеде суреттейді.
Сонда жалмауыз бейнесі ерекше қызық, терең сырлы. «Еділ – Жайық» ертегісінде батыр барып тұтқынға түсетін, ажалына оралатын жалмауыз қандай өзгеше. Оның қалың дәулеті бар, қоралы қой иесі, өзі бір өлкеге жан баласын бастырмай жалғыз баурап, басып жатқан бір обыр. Баққан қойынан ішіп, жеп қызық көрмейді. Тек өсіре молайта бермек. Және сол малымен өзі де бірге өріп, бірге жусайтын, малымен бірге қуыс тасты аңша мекен еткен бір дүлей боп шығады. Сөйтіп тұрып жейтіні адам еті. Әсіресе жеріне, шегіне басқан адамнан іркіп қалар сұмдығы жоқ. Осы кім? Малқор да, құлқыны бұзық, сараң зорлықшыл Қарынбай, Шығайбай, Қарабайлардың ертегідегі анық атасы емес пе? Адам қауымына зиянды өзімшілдікке басқан, жауыз адамдарға айтылған сын, жиреніш сын емес пе?
Толып жатқан мыстан кемпір, қазық аяқ, қарға тұмсық кемпір, жез тырнақтар да осы сияқты ұлғайып суреттелген жауыздық тұлғасы, адамның өз ортасында бар қанаушылық, қаскөйліктей жауыздық тұлғасы болады. Тек бұл соңғылар жалмауыздай көрінеу жау емес. Сырты момын іші зәр, монтаны аяр бейнелері бар. Бұлар да шындық, болмыс міндерінен туған, соны ертегі тілімен өсіріп әсірелеп, өрескел етіп көрсеткен бейне болады.
Қиял ертегілерінің адамға дос күштерін аңғарып қарасақ онда да көп мағына, көп сыр бар. Жанды, жансыз жақсы заттың бәрі де адамзаттың алыстан келе жатқан асыл арманын танытады. Ертегінің ерін қиянға апаратын алып қарақұс, өзі ұшатын кілем, тұлпар ат бәрі де қиял пырағы. Жерде жүрген жүрісі өндімеген өзінің талап тілегі таудай адамзат «аспанда ұшар едім» деген арманды ертеден ойлаған, үзбей ұзақ ойлаған. Жалпылдап ұшқан жапалақ пен қадырсыз қарға шыққан көк күмбезге мен де шығып, сондай биік самғасам, сондай жылдам жүйткісем деген арман қиялын әкеп «алты айлықты алты аттайтын» тұлпарға, өзі ұшатын кілемге, алып қара құсқа жиған. Кейін бұны батырлар жырында қаһармандық дастандарда Тайбурылдар, Байшұбарлар деп үзбей қиялдайды.
Аяғына тас байлап жүгіріп, безеген киіктердің алдын орайтын желаяқ адамда осы тектен туған. «Ертөстікке» серік болатын көреген батыр, естігіш батыр – бәрі де адамның сол бір ұлы армандарын білдіреді. Сыры жат табиғаттың, жер мен аспанның көзге көрініп тұрған бергі қабатынан өтіп ішін шарласам, сырын ақтарсам, бермесін алсам деген ізденгіш өршіл ойын танытады. Көрсем, тыңдасам, барсам дегенінің бәрі әлі күнге өзге адамның баспаған мекені болады. Сондайлық алға бастар асыл тілекті, жалпы адамзаттың тілегін іздетіп, ерді кездеріп отырған құр еріккеннің ермегі емес. Кейін адам қауымын нақтылы білімге, өнер табысқа әкеп жеткізген ізденгіш ойдың түртініп жүрген шағы сол қиял ғажайып ертегілерінде туған. Ол, адам баласының зерек ақылы сезіп аңсап жүрген, сағымды көркем түс сияқты, қымбат сырлы дүние. Ертегі осы қазынаны сақтаған. Және солталапқа мінген ерлерді қатты мадақтаған. Жалғыз жігіт, жалқы батыр, мергендер исі адамзат өкілі боп кейіптеледі дейтініміз сол. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді деп сол жандарды неғұрлым қиынға бастырса солқұрым қайтысында табысын мол етіп қайтарады. Жер астына түскен ер алтын гауһар күреп қайтады, немесе ғажайып асыл ару құшып мәңгі мұрат хасыл етіп қайтады. Қиял ертегісі адамзат туралы, адам қуаты туралы қасиетті ой ойлаған шынайы үмітшіл әңгіме. Сондықтан, ол өзінің еріне «іздесең табасың, алыссаң аласың» деумен қатар жабайы, жайын табиғатқа шұлғи берме дейді. Кейде табынып, бағынып жүрсең, кейде алысып, арпалыс дейді. Жалынған бас қорғау емес, жағаласқан бас қорғау» дегенді, жұмбақ табиғаттан қорқа жүрсе де адамзат ерте аңғарған.
Жат сырлы дүниеге терең шому үшін тәуекел бір жетелесе, зорлық бір айдаса, арман мүдде бір бастаса, кейде жастық желік, құмарлық сағым да бастасын дейді. Басы алтын, арты күміс киік боп мерген алдынан қашатын, кейін сұлу ару боп жер астынан тосатын сол сағым. Жастың түсіне кіріп, сол түсінде мені іздеп тап деп атсыз, мекенсіз бір өзіне ынтық етіп кететін жұмбақ жар да сол тектес.
Қиял ертегісі адамға тәлім айтқанда, қияға құлаш сермер адам бол дейді. Суырдай, бір ғана сайыңды біліп, ін аузындағы жайылысыңды біліп, інде туып, інде өлме дейді. Қиял ғажайып ертегіде жау күштер аса қатерлі, ерен қуатты боп отырады. Бойында тұрған қуат келбеті адам шамасынан сона құрым артық болу үстіне, ажал жеңбейтін, жансебілдігі де басқаша келеді. Кейбір алып, аярдың, жалмауыздың, жады кемпір баласының жаны өз кеудесінде болмайды. Не судағы балықтың ішінде, не кең даланы кезген киіктің ішінде, сиқыр сандық ішінде жатады. Бір жан емес он жаны, қырық жаны болатындары да бар. Ондай жаумен алысардан бұрын ертегінің ері әуелі бұның жаны жүрген қиындағы жәндікті бағады (Ертөстік). Жаны не жұмыртқа, не балапандар түрінде боп табылып қолға түскен соң да жаудың оңайлықпен өлмейтіні, алысып барып қана қаза табатыны болады.
Аярлыққа салынған, жәдігөй жау бұдан да қатерлі. Ол кейде мүләйім пішінді боп, сынықсып, кішік боп келеді. Не қойынға кірген жар болып, қиянат ойлайды. Немесе ердің жауына болысып, аса қатерлі қастан зат боп шығады. Тылсым, сиқыр иесі сол болады. Адамды жадысымен буып тас қып тастайтын, немесе ит қып, есек қып құбылтып қор қылып жіберетін болады («Сиқыршы әйел»). Мұндай жау ашық айқын келмей, түс бояп құбылып келгендіктен, және аңдаусыз жерден, жақыннан шыққандықтан ең қатерлі жау болады. Ертегі ері көретін анық қорлық, бейнет шағы осындай дұшпанға кездескенде болады.
Мұндай ертектер неше алуан ғажайып құбылыстар туғызып, ертегілік алмасулар жасайды (ертегі трансформациясы).
Жады дұшпан өзінің өлім сағатына жетерде, ажалдан қашқанда тағы бірнеше құбылыс алмасулар жасайды. Оны өлтіруші, ол білген сиқырды көп бейнеттен соң үйреніп келетін ертегі ері болады. Бұл да енді тылсым сиқыр етуді біледі. Жәдігөй жауымен екеуі құбылыс жарысына, бәсекесіне түседі. Сиқыршы қатын үйрек боп ұшқанда бұл қаршыға боп қуады. Қатын тары боп кеткенде бұл тауық боп тереді, тышқан боп қашқанда мысық боп қуады. Осындай толып жатқан алысу арбасумен барып ер жеңеді. Бұл жаудың тағы бір алуаны.
Қазақ халқының өз ескілігінен келе жатқан осы алуандас ертегілер ең ескі түрі қиял ертектері деп саналуға тиіс. Бірақ бұнда да ескерте кететін бір үлкен жай бар. Ол, осы ертектердің кейбір уақиғасы, тартыс күштері тек қана қазақ ертегісі емес, өзге талай елдің ескі қазынасында да кездесетіні туралы. Мысалы алып қарақұс, самұрық құс боп араб-иран ертегісінде кездеседі. Өзі ұшатын кілем дүние жүзі халықтарының көбінде бар. Алып атаулы араб-иранда дию атымен жүреді. Орыс ертегісінде де алып – тау соғар, көл жұтар, жел аяқ боп кездеседі. Жеті басты жылан айдаһар, аждаһа атымен араб-иранда, дракон атымен батыс ертектерінде Змей Горыныч боп орыс ертектерінде жүреді. Жалмауыз кемпір де «бабаяга» деген атпен орыс ертегісіне кіреді. Жалғыз көзді жалмауыз циклоп түрінде ескі грек, үнді, мысыр ертектерінен де шығады.
Міне, осы сияқты тағы толып жатқан ұқсас персонаждар көп халықтар ертегілерінде де бар. Ендеше солар жайындағы ертегілер бірақ қана халықтікі, өзгенің бәрі содан алған деген сөзді айтуға болмайды. Әр елдің өз фольклорының көлемінде өзді-өз топырағында туғызған әңгімелер болуы әбден заңды. Не болмаса, осы бөлімнің басында ертектер жөнінде айтылған жалпы түсінік бойынша, ерте күндерде болған неше алуан қатынас, аралас арқылы бір елден бір елге көшіп туысып, құбылып, өзгеріп кеткен ортақ мұра болады. Ең түбі кімнен шығып кімге жайылғанын біліп болмастай болған, бұлдыр туысы бар мұралар боп келеді. Сондықтан әрбір ел өзінің ең ескі ертегісін тергенде бұларды бір ескілігіміз осы деп тексеруге ерікті. Солай қарауға тиісті де.
Қазақ айтатын қиял-ғажайып ертегілер ішіндегі ең бір көрнекті молы, анық ескісі осылар болса, сонымен қатар бертінде кеп кіріскен, анық араб-иран халықтары, Орта Азияға, Шығысқа әкелген қиял-ғажайып ертегілері де бар. Солардан келіп араласқан ертегілік персонаждар пері, дию, жын, самырұқ құс, данышпан тоты, ақ шалмалы әулие, афсун оқып қастық жасайтын сиқыршылар бар. Және неше алуан ғажайып шамдал, киелі жүзік, ғажайып бақша, сиқыр тақия сияқты заттар болады. Бұлардың тегі араб-иран, үндіден келіп, бертін замандарда қазақтың өз ертегісімен қатты араласып, туысып та кетіп жүрген. Мысалы жалмауызбен қатар перілер (мұсылман пері, кәпір пері) диюмен қатар хан қызы, мыстан кемпірмен қатар ақ шалмалы әулие сияқтылар араласып жүреді. Бұл жайлар қиял-ғажайып ертегілердің көп заман тірлік кешіп, көп өзгерістер көріп, көп қоспалар қосқанын көрсетеді.
Қазақ айтып жүрген қиял-ғажайып ертегілер ішінде анық айқын араб, парсыдан келген, «Мың бір түннен» тараған, «Тотының қырық тарауынан» жайылған тағы талай соларға ұқсас ертегілер бар.
Міне, осы айтылған тексеру, шолудың барлығы қазақ халқы айтып жүрген ертектердің қаншалық көп, және соншалық төркіні бай, іргесі кең сол мұра екенін білдіреді. Қиял-ғажайып ертегі өзге ертектер тобынан, осында айтылған көп ерекшеліктері арқылы оқшау шығып, бөлек, ерекше топ боп тұрады. Өзге ертектерге ұқсаса, кейінде, бертінде еткен өз әсері, өз жұғыны арқылы ұқсайды. Ол ұқсастықтарды өзге ертектер тобын тексергенде айтамыз.
Қиял ертегілері жайындағы сөзді аяқтай келе, тағы бір атай кететін нәрсе – олардың тіл кестесі, әңгімелену ерекшелігі туралы. Бұл ертегілердің айтылу әдетінде өзінше басталу, өзінше аяқтау болады. Әңгімелеу үстінде белгілі бір кезеңдерде, арнаулы персонаждар уақиғаға араласқанда айнымай айтылып отыратын сөз айшықтары, оқшау сөйлемдері болады. Басталарда «есте жоқ ескі заманда», «баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда», «ертек ертек ерте екен, ешкі жүні бөрте екен, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» деген сияқты жетекші сөздер болады. Бітер кезде «барша мұрат басына жетіп, сақалы сирағына жетіп, бір жан өтіпті» деп бітіру болады.
Әңгіме ортасында құбыжық пішінді жат жандар, «А, балақай анам-ай, қайдан келдің балам-ай» деп уақиғаға кіріседі. «Адамзат иісі шығады» деп сөйлей бастайды. Сұлуды айтса «ай мен күндей әмбеге бірдей» деп келеді. «Айдалада ақ отау көрінеді», «жұлындай жерден жіптіктей түтін шығады», «жер ортасы көк төбеде қалды» деп кейде кездесу, кейде жалғыз қалу хәлдерін баян етеді. Осындай толып жатқан айрықша сөйлем, сөздік өрнектер де қиял-ғажайып ертегілерінің ерекшелік бейнесін танытады.