Бала күтімі слайд,презентация
Бала күтімі слайд,презентация
Бала күтімі — нәрестені кіндігі түскеннен кейін 40 күнге дейін кезек-кезек тұзды су мен сабын суда (аз ғана тұз салынған жылы су, су міндетті түрде қайнатылған болуы керек) шомылдырады. Шомылдырып болған соң анасы қойдың майымен аз мөлшерде ғана қолын шылап алып, белгілі бір тәртіппен баланың аяқ-қолын созып, сылап-сипайды.
Өмірге жаңа келген нәрестені дұрыс күту-оның денсаулығының басты кепілі. Бала ауырмас үшін ана оның денесін таза ұстап, тамағын дұрыс беріп, дұрыс ұйықтата білуі керек. Кіндігі түсіп, орны әбден жазылғаннан кейін, қайнаған жылы суға ( + 37 С) нәрестені күн сайын кешке жақын шомылдырған жөн. Бұл жағдайда ананың тырнағы өсіңкі болмауы тиіс, ол нәрестені шомылдырар алдында қолын сабындап жуып, ваннаны ыстық сумен шайып алуы керек. Шомылдырғанда сәбидің кеудесін анасы сол қолының білегіне сүйеп, оң қолымен оның аяғын ваннадағы суға салады.
Нәрестенің құлағына, аузына, мұрнына су кетіп, көзіне сабын кіріп ашытпас үшін, ваннадағы судың деңгейі оның иығына жетер-жетпестей болғаны жөн. Нәрестені шомылдырудан бұрын, бір ыдысқа оның бет-аузын шаятын қайнаған жылы су, екінші ыдысқа шомылдырып болған соң денесін шаятын (35—36°) су дайындап қойған жөн. Алғашқы күндері шомылдыратын суға аздап марганцовка қосады. Баланы суда 5—7 минуттан артық ұстауға болмайды. Нәрестенің терісі базданып кетпес үшін мойнына, қолтығына, шатына вазелин немесе өсімдік майын жағады. Өсімдік майын 10—: 15 минут қайнатып, суытып, арнаулы ыдысқа құйып қоюы керек.
Нәрестенің қолын таза ұстап, тырнағын өсірмей алып тұрған жөн. Өйткені тырнағы өсіп кетсе бала бет-аузын тырнап жарақаттап алады. Майға батырылған таза мақтамен баланың құлағының іші-сыртын, мұрнын тазартып тұру керек. Сәбидің киім-кешектері мен жаялықтарын жай ғана жуып қоймай, қайнатып, міндетті түрде екі жағын бірдей үтіктеу қажет. Тағам — ана сүті болып табылады. Өйткені, оның құрамында бала организміне қажетті заттардың бәрі.бар. Сондықтан емшек сүті сәбидің дұрыс өсуін қамтамасыз етеді және оны жұқпалы аурулардан қорғайды. Нәрестенің ас қорыту ағзалары толық дамып жетілмегендіктен, ол қорегін емшек сүтінің құрамындағы ферменттер арқылы ғана қорытып, бойына дұрыс сіңіреді.
Баланы емізу ережелері. Емшек сүті баланың дұрыс өсіп-жетілуіне көмектесетін аса маңызды қоректік зат. Ана сәбиді емізер алдында қолын жуып, емшегін жылы сумен шайып, құрғатып алғаны жөн. Баланы емізіп болғаннан кейін емшектің ұшын таза мақтамен сүрту керек. Емшекке күніне екі рет ауа ваннасын жасаған жөн. Баланы емізуге ыңғайлы болуы үшін ана аяғының астына аласа орындық қойып, тізесінің үстіне таза жөргек жауып отыруы тиіс. Аузына емшектің ұшын түгел салғаннан кейін нәрестенің мұрнын бітемес үшін, ана емшектің. ұшын екі саусағымен қысып, тартыңқырап ұстап отырғаны жөн. Нәрестені алғаш емізгенде үш-төрт минуттан артық емізудің қажеті жоқ. Одан кейін 10 минуттан емізіп, қалған сүтті сауып тастайды. Өйткені баладан қалған емшек сүті сүтті тез қайтарады немесе емшекті ісіндіріп жібереді