Еуропарламент пластиктен жасалған ыдыстарға тыйым салу туралы заң қабылдады
Еуропарламент 2021 жылдан бастап Еуроодақ аумағында пластиктен жасалатын бір реттік қолданысқа арналған ыдыс-аяқ, асхана заттары, су ішетін кішкентай түтікше сияқты заттарды өндіруге және сатуға тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдады. Еуропарламенттің 560 депутаты – қолдап, 35-і қарсы дауыс берген. 28 адам тыс қалған. Бұл туралы парламенттің ресми сайтында хабарланды.
Өте баяу шіритін пластик теңіздер мен мұхиттарда, саяжайларда жиналып, қоршаған ортаны ластап, жануарлар, балықтар мен құстардың өліміне себеп болады. Еурокомиссияның сөзінше, Дүниежүзілік мұхиттағы қоқыстың 85 пайызы – пластик. Пластмассадан жасалған әлгі қоқыстардың көбі – бір рет қолдануға арналған заттар.
Құжатқа сәйкес, 2029 жылға қарай Еуропа елдері пластик бөтелкелерінің 90 пайызын жинап, қайта өңдеуге жіберуі керек. Бұдан бөлек, құжатта «ластаушы төлейді» қағидасын күшейту қарастырылған. Мәселен, теңіз кетіп қалған ау үшін айыппұлды балықшы емес, ауды жасаған компания төлейді.
Әлемде пластик ыдыс-аяққа алғаш тыйым салған ел – Франция. Тыйым 2016 жылы күшіне енген. Бір рет қана қолдануға арналған тәрелке мен шанышқыға тыйым салуды былтыр көктемде Еурокомиссия ұсынған.
Сусын ішуге арналған түтікше мен басқа да пластик өнімдерін пайдаланудан АҚШ-тағы кейбір қалалар мен Starbucks сияқты жекелеген компаниялар бас тартқан. Африканың кейбір елдерінде полиэтилен пакеттерін қолдануға тыйым салынған.
Экологтер дерегінше, 2012 жылы Дүниежүзілік мұхиттағы пластик қоқыс көлемі 165 миллион тоннаға жеткен. 2014 жылы мұхит бетінде 269 мың тоннаға жуық пластик болған. Пластмассадан жасалған қалдықтардың жалпы саны бес триллионнан асады.