Дариға Назарбаеваның әлеуметтік желіде парақшасы бар ма – сенат жауап берді
Қысқа сілтеме алу
Сенаттың баспасөз қызметі палата төрайымының әлеуметтік желідегі аккаунттарына қатысты түсініктеме берді
НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз — Sputnik. Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.
Палата баспасөз қызметінің осындай мәлімдеме жасауына бірқатар БАҚ тарапынан қойылған сауалдар түрткі болыпты.
«Сенаттың баспасөз қызметі Қазақстан Республикасы парламенті сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваның әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жеке парақшасы жоқ екенін мәлімдейді. Сенат басшысы ресми парақша ашқан жағдайда міндетті түрде тексеріліп, бұл жайында БАҚ-қа ресми түрде хабарланады», — делінген хабарламада.
Айта кетсек, Дариға Назарбаева 2019 жылдың 20 наурызында палата депутаттарының құпия дауыс беруі арқылы парламент сенатының төрайымы болып сайланды. Жиынға қатысқан 44 сенатор Назарбаеваның кандидатурасын бірауыздан мақұлдаған.
Сенат төрайымы Дариға Назарбаева туралы не білеміз?
Бұған дейін Дариға Назарбаева сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарған болатын.
sputniknews.kz