Тахауи ақидасы мен Мәтуриди ақидасының арасында айырмашылық бар ма?
Құрметті сауал қоюшы, Имам Тахауи өзінің ақида кітабының басында Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Имам Мұхаммедтің ақидасы негізінде жазғанын айтып өтеді (рахимаһумуллаһ). Имам Мәтуридің мәзхабы да Имам Ағзамның ақида тұжырымдарына негізделгендігі мәлім. Сол себепті, екеуі де бір нәрсені түсіндіруде. Мысалы:
1. Алланың сипаттары.
Имам Тахауи өзінің кітабында Алланың барлық сипаттарының әзәли және мәңгі екендігін айтып өтеді. Мәтуриди мәзхабында да, Алланың зати сипаты да, фиъли сипаты да «қоимун бизәтиһи», әзәли, қадим, әуелі жоқ, соңы жоқ, мәңгі. Алла Тағаланың «жаратушы» сипаты әлем жаратылмай тұрып бар еді. Ол сипаты кейіннен пайда болды деу қателік. Бұл Алланы кемсіткендік болмақ. Алла әзәлдән «білгір». Әзәлдан құдіретті. Мұны Имам Тахауи да айтқан.
2. Алланың пейіштегілерге көрінуі.
Сондай-ақ, Имам Тахауи пейіштегілерге Алла Тағаланың көрінетіндігін, бірақ Оның көрінуі адам көзі қамтитындай көру емес (ихата), әрі кәйфиетсіз болады деген, яғни, пейіштегілерге Алланың көрінуі әлдебір мекенде, қандай да бір арақашықтықта, әлдебір бағытта емес деп отыр ғалым. Имам Мәтуриди да Алланың пейіштегілерге көрінуіне байланысты мыналарды айтқан:
«Азиз әрі Жәлил Раббымыздың көзге көрінуіне келер болсақ, біздің сенімімізде Алла Тағаланың көрінуі ақиқат әрі қажетті. Бірақ оның көрінуі «идраксіз»( яғни, бағытсыз, тұсы жоқ) және «тәпсірсіз» (яғни, көрушіге бетпе-бет тұруы, белгілі бір ара-қашықтықта көрінуі, көз жанарының жетуі деген сияқты құбылыстар Алла тағалаға жат)…». (Китабут таухид).
3. Иман артпайды және кемімейді. Имам Тахауи былай дейді кітабында: «Иман – біреу. Иман иелері иман негізінде теңдей дәрежеде. Араларындағы артықшылық — ықыласта, тақуалықта, нәпсіге қарсы тұруда және абзал нәрселерде табандылық танытуда». (әл-Ақидатут Тахауия). Мәтуриди мәзхабында да иман – артпайды және кемімейді. (ас-Сабуни, әл-Бидаяту фи усулиддин).
4. Пендедегі әлдебір істі істеу үшін берілетін күш-қуат (иститаъа) іс-әрекетпен қатар пайда болады. Имам Тахауи да Мәтуриди ғалымдары секілді, адамдағы күш пен қуаттың істен бұрын немесе одан кейін емес, іс-әрекетпен қатар пайда болады деп тұжырымдаған.
5. Күнә істегені үшін мұсылман кәпір болмайды. Мәтуриди мәзхабында, Аллаға және оның расуліне сенген мүмин-мұсылман күнә жасағаны себепті, кәпір атанбайды. (Китабут таухид). Имам Тахауи да бұған қатысты былай деген: «Құбыла иесінен болған бірін күнәсі себепті кәпірге шығармаймыз, онысын (яғни, харам істі) халал демейінше» (әл-Ақидатут Тахауия).
6. Әулиенің керемет көрсететіні ақиқат. Имам Тахауи: Әулиелердің көрсеткен кереметтеріне сенеміз».
Мәтуриди кітаптарында да «Әулиенің кереметі – ақиқат» деп келеді. (Нәсәфи ақидасы).
7. Әулиенің дәрежесі Пайғамбарлардың дәрежесінен төмен. Имам Тахауи: «Біз әулие кісілердің бірін пайғамбарлардың бірінен артық көрмейміз. Және біз былай дейміз: Бір пайғамбардың дәрежесі барлық әулиелердің дәрежесінен биік». Бұны Мәтуриди ғалымдары да айтқан. (әл-Хаким ас-Самарқанди).
8. Аллаға бағыт, тұс берілмейді. Имам Тахауи былай дейді: «Өзге жаратылыстардағыдай Алла Тағаланы алты тұс қамтымайды». (Алла Тағала, жоғарыда, не төменде, яки, сол жақта, оң жақта, немесе аспанда, мекені бар деген тұжырымдардың бәрі Әһли суннаға жат). Мәтуриди мәзхабында да Алла Тағалаға ешқандай тұс, бағыт бермейміз. Оның бәрі жаратылысқа тән ерекшеліктер. Алла Тағала ондай нұқсат сипаттардан ада.
9. Миғраж түні Пайғамбарымыз көкке ояу халде көтерілді. Имам Тахауи: «Және Пайғамбар денесімен ояу күйінше көкке көтерілді…». (әл-Ақида әт-Тахауия).
Мәтуриди ғалымы Имам Нәсәфи да былай деген: ««Миғраж – ақиқат. Онда Пайғамбарымыз ояу халде және денесімен Алланың қалаған биіктіктегі көкке көтерілді» (әл-Ақида ән-Нәсәфия).
Байқап тұрғанымыздай Имам Тахауидің жазған ақида кітабындағы мәселелер Мәтуриди мәзхабында бекітілген сенім негіздерге сай. Ал, енді, өзіңіз айтқандай, «Имам Тахауи ақидасын ұстанамын, Мәтуридиді ұстанбаймын» деген сөз — Мәтуриди ақида негіздерімен жақын таныс емес адамдардың сөзі.
Осы тұрғыда мынадай да сауал туындауы мүмкін: Имам Тахауи неге өзін «Мәтуриди мәзхабындамын» демеген? Мұны екеуінің бір заманда өмір сүрулерімен байланыстыруға болады. Ол кезде Мәтуриди мәзхабы қалыптаспаған шақ, әрі географиялық орналасқан жерлері де бір-бірінен тым ұзақта болғандықтан, бірін-бірі танымаған болулары да мүмкін. (Имам Тахауи – м 853/933ж. Мысыр; Имам Мәтуриди – м 852/ 944. Самарқанд).
«Неге имамдар Тахауи ақидасын оқиды, Мәтуриди ақидасын оқымайды?» — деген де сауалдар келіп жатады. Бұған жауап ретінде, «Тахауи ақидасы» дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда «Имам Тахауи жазған ақида кітабы» деген сөз. Тура осы сияқты «Нәсәфи ақидасы» бар, Имам Нәсәфи жазғандықтан солай аталған. Бірақ, бәрінің қамтығаны бір нәрсе. Бәрі Ханафи-Мәтуриди ақидасының сенім негізінде жазылған. Тек, халық таңдау жағына келгенде қайсысы жеңіл әрі ұғымдырақ болса, сол кітапты таңдап оқып жатады.
Абдусамат Қасым