Тұрсын Елеусізұлы | өмірбаяны
Елеусізұлы Тұрсын 1935 жылы 3 наурызда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Алмалы ауылында дүниеге келген. Жаркенттегі балалар үйі мен интернатта тәрбиеленген.
1957 жылы педагогикалық училищені тамамдап, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған.
1966 жылы ҚазМУдің тарих факультетін бітірген соң, Талдықорған қаласындағы «Жетісу шұғыласы», облыстық «Октябрь туы» газеттерінде қызмет атқарған. Облыстық халық ағарту бөлімінде балалар үйлері мен мектепинтернат секторын басқарады.
1971–1987 жж. республикалық «Спорт» газетінде, «Қазақстан мектебі» журналында, Қазақ радиосында қызмет істейді.
«Жазушы» баспасынан «Жоғалған ойыншық» (1967), «Балбұлақ» (1975), «Жалын» баспасынан «Сыйлық» (1984) жыр жинақтары, сондайақ «Иван Шадрин (1973)», «Жұлдызды ұстаз» (1982) прозалық кітаптары жарық көрді. Республика ақындарының «Жазушы» баспасынан 1986 жылы шыққан «Соны соқпақтар» жыр жинағына ақынның топтама өлеңдері енгізілген.
1998 жылы ИИА «Айқос» баспасы орысша «Люди, Я расту!» деректі повесі мен қысқа әңгімелерін, «ҚазАқпарат» баспасы 2003 жылы «Әйел һәм жалғыздық» атты ғұмырнамалық кітабын, «Нұрлы әлем» баспасы 2003 жылы «Бір жұтым жыр» өлеңдер жинағын, «ТоғанайТ» баспасы 2008 жылы «Диогенше кеспелеу» романын басып шығарған.
2000 жылғы «Жаңа ғасырға – жаңа ән» байқауының жүлдегері. Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен, дипломымен, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің «Отан сақшысы» басылымының төс белгісімен марапатталған.