Темірғали Көпбаев | өмірбаяны

0

 

Әдеби-шығармашылық қызметі

Темірғали Көпбаев өлең жазуды мектеп қабырғасынан, 6-сыныптан бастаған. «Құстар мерекесі» атты алғашқы өлеңі 1977 жылы 7-сыныпта оқып жүргенде Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде жарық көрді. Сол кезден бастап оның мектеп тақырыбына жазған өлеңдері мен шағын мақалалары республикалық «Қазақстан пионері (қазіргі «Ұлан»), «Оңтүстік Қазақстан», Ленгір (қазіргі Төлеби) аудандық «Ильич жолы» (қазіргі «Төлеби туы) газеттерінде жарияланып жүрді. Ол әдеби ортаға 1984 жылы келді. Сол жылы аса көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаевтың Алматыдағы бейресми «Моғол қағанатына» ноян болып қабылданды. Өңкей талантты ақындардың басын қосқан бұл қағанат Темірғалидың шығармашылығын ерекше шыңдады. Ол 1985 жылы сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағы өткізген «Жігер» фестивалінің дипломанты болды. Сол жылы оның өлеңдері «Жалын» журналында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланды.1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Талай сырды ұқтырып» деген тақырыппен алғаш рет бір беттік жеке өлеңдер топтамасы жарық көрді. 1990 жылы күзде Т.Көпбаев Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған жыр мүшәйрасының жеңімпазы болды. Қазақ поэзиясының айдынында ерекше талантымен көзге түскен Темірғалидың бүгінгі күнге дейін бес жыр жинағы жарыққа шықты. Олар: «Көзмоншақ» («Қазақ университеті» баспасы, 1998), «Жаңғырық» («Қазығұрт» баспасы, 2007), «Кие» («Жазушы» баспасы, 2009), «Оңтүстік» («Әдебиет» баспасы, 2009), «Аңсар» («Ой-Сана» баспасы, 2012). Ақынның өлеңдері бірнеше поэзиялық антологияларға енді. Талантты ақын Темірғали Көпбаевтың тегеурінді жырлары мен дастандары терең ой мен кестелі сөздің көркемдік бірлігін, көңіл сыры мен жүрек шерінің шынайы үйлесімдігін айқын танытады. Елдік биік мақсат, ұлттық асқақ рух мәселесін айтуға келгенде ақжүрек ақынның өршіл поэзиясына тән сезім бұлқыныстары оқырманды еріксіз елітіп әкетеді. Табиғат, махаббат лирикаларындағы суреткерлік шеберлік ерекшеліктері ақынның өзіндік болмысын даралап көрсетеді. Ақын өлеңдеріндегі көркемдік әдістердің сан алуандығы, астарлы мәннің молдығы, сезім шынайылығы өз оқырманын ынтықтыра түседі. 2012 жылы Темірғали Көпбаевқа «Кие» жыр жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.

Журналистік-публицистік қызметі

Т. Көпбаев баспасөз саласындағы қаламгерлік қызметін 1985 жылы республикалық «Қазақстан пионері (қазіргі «Ұлан») газетінің тілшісі ретінде бастаған. Газеттің сол кездегі Бас редакторы бүгінгі белгілі қоғам қайраткері Уәлихан Қалижановтың қарамағында жұмыс істеп, тәлім алды. 1986 жылы шілде айында Ленгір (қазіргі Төлеби) аудандық «Ильич жолы» (қазіргі «Төлеби туы) газетіне тілші болып барды. Журналистиканың нағыз мектебі, сомдаушы көрігі саналатын аудандық газет редакциясында тәжірибе жинақтады. Аудан халқының тұрмыс-тіршілігі, күнделікті тынысы туралы көптеген мақалалар жазды. Мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі ретінде газеттегі әдеби айдарлар мен сенбілік беттерді оқырман қызығарлықтай етіп жаңаша ұйымдастырды. Аудан мектептерінде оқитын жас талаптардың талант көзін ашу мақсатында 1988 жылы газет жанынан «Ақ қайнар» әдеби бірлестігін ашып, қолына қалам ұстаған жастарды ынталандыра білді. Бұл әдеби бірлестік сол кездегі аудан тұрғындары үшін үлкен мақтанышқа айналды. Ауыл-ауылдарда жергілікті қаламгерлермен көптеген кездесулер өткізілді. Бірлестік мүшелерінің шығармалары аудандық, облыстық газеттердің беттерінде жиі жарық көріп тұрды. Т.Көпбаев 1989 жылы Төлеби ауданының тумасы, халық ақыны Қазанғап Байболовтың республика көлемінде аталып өткен 100 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне ерекше атсалысты. Облыстық, аудандық газеттердің бетінде Қазанғап ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы көлемді мақалалар мен очерктер жариялады. Ұзынарық аулында өткен ақын тойын өзі жүргізді. Т.Көпбаев кейінірек аудандық газеттің партия тұрмысы бөлімін басқарды. Газет редакторының орынбасары болды. Аудандық газеттің оқылымды болуына зор үлес қосты. 1990 жылдың күзінде Темірғали Алматыдағы әдеби ортаға қайта оралып, «Қазақ университеті» баспасына редакторлық қызметке орналасты. Белгілі жазушы Серік Әбдірайымов басқаратын бұл баспа Темірғалидың журналистік шеберлігін шыңдай түсті. Еліміздегі жоғары оқу орындарына қазақ тіліндегі оқулықтар жетіспей жатқан тұста аталған баспа сол олқылықтың орнын толтыруға қызмет етті. Жетекші редактор Т.Көпбаев көптеген ғалымдардың оқулықтары мен ғылыми монографияларын өз сүзгісінен өткізді. Ауыз толтырып айтарлықтай рецензиялар жазды. Олардың арасында заңғар ғалымдар Зейнолла Қабдоловтың «Қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері», Әуелбек Қоңыратбаевтың «Көне мәдениет жазбалары», Әбдімәлік Нысанбаевтың «Адамға қарай бет бұрсақ», Темірбек Қожакеевтің «Көк-сеңгірлер», Балтабай Әбдіғазиевтің «Асыл арналар», Намазалы Омашұлының «Қазақ радиожурналистикасы» т.б. соқталы еңбектер бар. 1992 жылы талантты ақын Ұлықбек Есдәулетовтің шақыруымен республикалық әдеби-қоғамдық «Жас қазақ» апталығына ауысқан Т.Көпбаев газеттің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болды. Бұл басылымда да Темірғалидың әдебиет пен мәдениетке байланысты көптеген мақалалары жарық көрді. Қаламы қарымды журналист бүгінгі күнге дейін республикалық басылым беттерінде қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ой қозғап келеді.

Ғылыми-педагогикалық қызметі

Темірғали Көпбаев 1994 жылдың басында арнайы шақырумен Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті журналистика факультетінің радиожурналистика кафедрасына аға оқытушы болып ауысты. Осы кезден бастап ол журналистиканың теориясы мен негіздеріне байланысты ғылыми зерттеу еңбегімен айналысты. Елімізге кеңінен танымал радиотеоретик ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашевтің ғылыми жетекшілік етуімен қазақ радиосы әдеби-драмалық хабарларының тарихы мен тәжірибесін, бүгінгі ахуалын зерттеді. 1998 жылдың 30-маусымында ҚазҰУ-дағы диссертациялық кеңесте «Қазақ радиодраматургиясының табиғаты мен ұлттық сипаты» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғалымның бұл еңбегі кейін ғылыми монография болып шықты. Аталған еңбекте 90 жылдық тарихы бар қазақ радиодраматургиясының туындылары түрлі салаларға, тарихы нақты кезеңдерге жіктеліп ғылыми талдауға негіз болған. Зерттеудің тағы бір ерекшелігі – мұнда радиодраматургия әртүрлі бағыттарда, атап айтқанда, тарих, өнертану, эстетика, лингвистика, психология және әлеуметтану ғылымдарымен ұштастыра қарастырылады. Радиодағы дыбыс өнерінің қыры мен сырын ғылыми негізде зерделеген бұл еңбек телеарналар мен радиоарналар жүргізушілері мен тілшілері үшін, сондай-ақ республикамыздың жоғары оқу орындарында журналистика мамандығы бойынша білім алатын студенттер мен журналистика, драматургия теориясын зерттеуші ғалымдар үшін аса қажет деп саналады. Темірғали Көпбаев дарынды лекторлығымен қатар жүздеген шәкірттердің жүрегінен орын алған ұлағатты ұстаз. Ол журналистика факультетінің студенттері үшін «Радиожурналистика негіздері», «Журналистің сөйлеу мәдениеті», «Журналистикадағы полемика өнері», «Шешендік өнер негіздері», «Әдеби-драмалық хабарлардың ерекшеліктері» т.б. негізгі пәндер бойынша лекциялар оқыды. 1999 жылы Т.Көпбаев тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетінде бір семестрлік профессорлық тәжірибеден өтті. Бұл университетте ол журналистік білім беру проблемаларымен қатар қашықтықтан оқыту әдісінің де ерекшеліктерін зерттеді. Зерттеу нәтижесінде бірнеше ғылыми мақалалар жазды. 1999 жылдың сәуір айында Лас Вегас қаласында өткен NAB-тың (Хабар тарату жөніндегі ұлттық ассоциация) халықаралық конференциясына қатысты. 1998 — 2000 жылдары ҚазҰУ-дағы ғылыми-диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Бірнеше кандидаттық диссертацияға оппонент болып тағайындалды. 2013 жылы Лев Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің журналистика және сясаттану факультетінде мелекеттек емтихан қабылдау комиссиясының (ГЭК) төрағасы болды. 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде мелекеттек емтихан қабылдау комиссиясының (ГЭК) төрағасы болды.

Баспагерлік қызметі

Темірғали Көпбаев 2001 жылдан бастап көрнекті ақын-жазушылар мен ғалымдардың көптомдықтарын шығаруға бағытталған Алматы қаласындағы «Қазығұрт» баспасының президенті. «Қазығұрт» баспасы қызметінің басты бағыты аса көрнекті ақын-жазушылардың көптомдықтарын жарыққа шығару болып табылады. Бұл бағытта баспа өзі тіркелген уақыттан бастап көптеген игілікті шаралар атқарды. Халқымызға кеңінен танымал қаламгерлердің әдеби мұраларын «Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері», «Президент сыйлығының иегерлері», «Ұстаздар кітапханасы» серияларымен оқырман қауымға жеткізді. Атап айтқанда Қ.Мырза Әли, Т.Молдағалиев, Ш.Мұртаза, Ә.Нұршайықов, Қ.Жұмаділов, М.Әлімбай, К.Смайылов, Р.Бердібай, Ұ.Есдәулет, С.Қирабаев, А.Әшімұлы, М.Байғұт т.б. көптомдықтары жарыққа шықты. «Қазығұрт» баспасы 2003 жылдан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен әлеуметтік-маңызды әдебиет түрлерін шығарып келеді. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген көптомдықтардың арасында С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Т.Рысқұлов, Х.Ерғалиев, Д.Әбілев, Т.Әбдірахманқызы, О.Әубәкіров, Ғ.Орманов, М.Айтхожа, А.Сүлейменов, Ғ.Қайырбеков, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, Н.Ораз, С.Жүнісов т.б. мұраларын атап айтуға болады. «Қазығұрт» баспасы сапалы шығарған кітаптары үшін Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнаулы дипломдарымен бірнеше рет марапатталды. 2007 жылы «Жылдың ең үздік кітабы» республикалық байқауында бірінші орын алды. Баспа Германияда, Ресейде, Түркіменстанда және Алматыда өткен кітап жәрмеңкелеріне қатысты. Бүгінгі күнде «Қазығұрт» баспасы көптомдықтар шығаратын негізгі баспа ретінде республика жұртшылығына кеңінен танымал. 2002 жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлидің көптомдық шығармалар жинағын үлгілі етіп шығарғандығы үшін «Қазығұрт» баспасының президенті Т.Көпбаев Халықаралық «Ұлы Жібек Жолы» қоғамдық Қоры тағайындаған Халықаралық «Азамат» сыйлығының лауреаты атанды.