«Жас маман» бағдарламасы әзірленуде
«Жас маман» бағдарламасы аясында 200 мың жас мамандық игеретін болады.
«Жас маман» бағдарламасы аясында 200 мың жас мамандық игеретін болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы туралы баяндаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда жол картасының жобасы 89 тармақтан тұрады, бес бағыт бар. Бірінші бағыт — Еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету. Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған мыңға жуық арендалық тұрғын үй тұрғызу жоспарда бар. Ол баспаналар кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығы мен бюджеттік мекемелерде, ғылым саласында жұмыс істейтін жас мамандарға, ісін енді бастаған кәсіпкерлерге арналып салынады. Тағы бір ерекше атап өтерлігі отбасындағы бала саны, мүмкіндігі шектеулі, арнайы күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырғандар, толық емес отбасылар және тағы басқа факторлар ескерілетін болады», — деді Д.Абаев.
Оның айтуынша, екінші бағыт жастарды еңбекпен қамтуды көздейді. Осыған орай «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Үш жылдың ішінде 60 мың жас азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылады. Ауылдағы жастарымызға арнайы 15 мың шағын несие беру жоспарланған. Ал жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 30 мыңнан аса мемлекеттік гранттар бөлінеді.
«Үшінші бағытта білім беру мен еріктілер ұйымдарын дамыту жоспары бар. Қазір «Жас маман» деп аталатын бағдарлама әзірленіп жатыр. Осы бағдарлама арқылы сұранысқа ие 100 индустриалды және сервистік кәсіптер бойынша мамандар дайындалады. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздегі 20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орыны мен 180 колледж базасында жүзеге асырылады. Үш жылдың ішінде еліміздің барлық аймақтарында 200 мың жас азаматты оқытып шығару көздеп отырмыз», — деді ол.
Сонымен қатар ол төртінші бағытта жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту көзделетінін айтты.
«Бұл бағытты «Жасыл ел» қозғалысының «Жасыл қала», «Жасыл ауыл» ортақ ұлттық жобасының аясында жүзеге асыру қарастырылып отыр. Құрылыс компанияларда студенттік құрылыс отрядтары үшін квота бөлінеді. 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық бағдарлама және тағы да басқа бағдарламалар әзірленеді. Бесіншіден жас отбасыларды денсаулық пен әлеуметтік инклюзивті қолдау туралы бағыт бар», — деді министр.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!